Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнімдердің таңбалануы туралы не білу керек?

Өнімдердің таңбалануы туралы не білу керек?

Күнделікті өмірде өзіміз тұтынып жүрген азық-түлік, басқа да тауарлардың түріне, жалпы сипатына көпшілігіміздің мән бермейтініміз анық. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, өзіңіз күнделікті дүкен сөресінен қолға алған затыңыздың сыртқы қорабына, жарамдылық мерзімі, шыққан жері, құрамындағы компоненттерін және басқа да өзіңізге қажетті ақпараттың барлығын саралап барып алғаныңыз жөн.
Таңбалаудың негізгі міндеті тауар туралы негізгі мәліметтерді тұтынушыларға жеткізу, сондай-ақ тауарды сәйкестендіру болып табылады. Тұтынушы таңбалау арқылы тауар туралы қажеттінің барлығын біле алады. Осы мәліметтердің барлығы Кеден Одағының Техникалық регламентінің 022/2011 «Тағам өнімдерінің таңбалау бөлігінің» талаптарында көрсетілген.
Тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын негізгі талаптар:
* тамақ өнімдерінің атауы;
* тамақ өнімдеріне қатысты құрамы, тамақ өнімдерінің мөлшері, тамақ өнімдерінің жасалған күні, тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімі туралы мәліметтер;
* дайындаушының сауда белгісі;
* тамақ өнімін дайындаушының атауы мен орналасқан жері, сондай-ақ осы Кеден Одағы Техникалық регламентінде белгіленген жағдайларда дайындаушының уәкілетті тұлғасының атауы мен орналасқан жері, импорттаушы-ұйымның атауы мен орналасқан жері;
* тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, тағамның биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтер және белгілі бір аурулар кезіндегі қарсы көрсетімдер туралы мәліметтер;
* тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығының көрсеткіштері;
* тауар массасының шамасы, көлемі, саны;
* тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген ағзаларды қолданып алынған құрауыштардың бар-жоқтығы туралы деректер (өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген ағзалар болған жағдайда ГТА деп көрсетіледі);
* Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнімдердің айналуының (ЕАС) бірыңғай белгісі болуы тиіс.
Тамақ өнімдерін таңбалау орыс тілінде және Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларында тиісті талаптар болған жағдайда Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде жазылуға тиіс. Осы ақпараттың барлығымен таныса отырып, сіз бірінші көзге түскен тауарды емес, сапалы әрі қауіпсіз тауар алып жатқандығыңызға сенімді боласыз. Сауатты тұтынушы сапалы және денсаулыққа зияны жоқ тағамдарды таңдайды.
Сапалы азық – денсаулық кепілі екенін ұмытпайық!

Арал аудандық Сэбб басшысы А.САТЕКЕЕВА
22 мамыр 2024 ж. 357 0