Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз білдіңіз бе?

Сіз білдіңіз бе?

Өмір – қызық. Кейде біріміз қалаған дүниемізге тез қол жеткізсек, енді бірі айлап, жылдап еңбек етеді. Содан кейін ғана мақсаты орындалып, арманы айшықталады. Ол бақ біреуде тұрақты, біреуде тұрақсыз болуы мүмкін. Дегенмен оның бәрін қадірлеп, басыңнан тайдырмай ұстау үшін түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Ал сіз карьералық жолын биік қойған атақты жандардың бұл құрбандықтары туралы білесіз бе?
Көштің басын атақты Жан Жак-Руссо бастайды. Ол көне Француз елінің ойшылы, ғұлама, жан-жақты дамыған, өмірге көзқарасы ерекше жан ретінде танымал. Оның балалар тәрбиесіне қатысты айтылған әрбір ойы мен кеңесі бүгінде де әлем жұртшылығына етене таныс. Дегенмен ол өзінің туған 5 баласын өз жұмысына кедергі келтіреді деген оймен балалар үйіне өткізген. Ол кезде балалардың бәрі енді ғана ана сүтінен шыққан кезі болса керек. Және ең өкініштісі олардың бәрі де балалар үйінде аштықтан көз жұмған.
Бұл жағдай шетел ойшылдарының ішінде тек оның ғана емес, сонымен бірге бәріміз білетін Альберт Эйнштейннің де басынан өткен. Өз заманында ғылымға берілген ғұлама қызын асырауға көп қаражат керек деген оймен оны балалар үйіне өткізсе керек.
Мария Мотессори – Италиядағы алғашқы нәзік жанды дәрігер. Ол балалардың ерте жетілуі жөнінде көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ісіне қызығушылығы көп болғаны сонша, жаңа туған ұлын кедергі келтермес үшін 15 жасына дейін балалар үйінде тәрбиелеуге берген.
Орыс ақыны Марина Цветаева да 2 қызынан көрі байлығын, жұмысын жоғары қойған деседі. Ол бұл шешімге ақша табу үшін қосымша жұмыс істеп, қымбат әшекейлерін сатуға тура келеді деп қорыққаннан барса керек. Арнайы балалар үйіне барған кезде кіші қызы небәрі 2 жаста болыпты және тағы да өкініштісі, олар аштықтан көз жұмған.
Бұдан бөлек, «өмір ирониясына» көзқарасыңыз қалай? Кейде біз ойлаған нәрсе мүлдем қарама-қарсы дүниеге айналуы мүмкін. Оның біреуге пайдасы болса, енді біреу зардап шегіп жатады. Ал менің айтқалы отқан оқиғаларымды ғаламторда «өлім ойыны» деп те атап жатады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Нью-Йорк қаласында Джулия Карсонның жүрек талмасынан өмірі тоқтағаны тіркеліп, жерлеу рәсіміне дайындық басталады. Дегенмен шіркеудегі рәсім уақытында Джулия есін жиып, табыттың ішінен шыққан көрінеді. Не болып жатқанын түсінбеген ол жұртты дүрліктіріп, анасының тірілгенін көрген қызы Джули сол жерде жүрек талмасынан қайтыс болыпты.
Ал Американың Массачусетс штатындағы тұрғын Линда Гуди Кариб теңізі аралдарына круиз-саяхаттан саяхат уақытына бірнеше күн қалғанда бас тартыпты. «Не үшін?» деп сұраған қызметкерлерге, түсінде өзінің машина ішінде өмірден өткенін көргенін айтады. Дегенмен бірнеше күн өткен соң барлық таныстары мен көршілері оның бұл шешіміне өкінеді, себебі Линда араға 3 күн салып, үйінің алдындағы көлік тұрағында ұрлықшылар қолынан қаза тапқан екен.
Мына қызықты қараңызшы. Вьетнам еліндегі Хошимина қаласындағы көпірден секірмек болған жас қызды 50-ге жуық жан қызықтап тамашалаған екен. Өзі бірнеше жылдан бері жөндеу жұмысынан өтпеген көпір сонша адамның салмағын көтере алмай, үзіліп кетеді. Осылайша, қызық қуам деп теңізге құлаған жандардың 9-ы өмірден өтсе, өз-өзін өлтірмек болған бойжеткенді құтқарушылар аман алып қалыпты.
Джордж Сторри – Америкалық ескі «Life» журналының, №1 нөмірінің басты мұқабасына «Өмір жаңа басталды» деген рубрикамен шыққан нәресте. Ол кезде жаңа ғана өмір есігін ашқан Джордж лезде журналдың амбассадорына айналып, оның барлық өміріндегі оқиғалары жиі-жиі басылымға шығып жүреді. Тіпті онда оның 2 рет шаңырақ құрғаны, отбасылық, әкелік рөлі мен зейнет жасына шыққан сәтіне дейін бәрі бар. 2000 жылдың мамыр айында журнал соңғы санын шығарып, Джордждың суреті «Өмір аяқталды» деген атаумен шыққан екен. Мұндағы идея журналдың енді шықпайтындығын білдірсе керек. Дегенмен, ең қызығы, араға апта салып, Джордж инфаркт салдарынан көз жұмыпты.
Ал мына оқиға тіпті қызықты. Амигдалиа Бальта 86 жасында өз үйінен аштықтың кесірінен өлі табылған екен. Арнайы құқық қорғау органдарының адамы келіп зерттегенде, оның банк шотынан 350 мың фунт стерлинг ақша мен әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 150-ге жуық алтын бұйымдарды тауыпты. Оның осындай шық берместігін білетін көршілері Амигдалианың бірнеше жыл бойы көйлеген ауыстырмай кигенін айтады.
Иә, әлемде әрбір секунд, әрбір минут сайын түрлі оқиғалар орын алады. Оның барлығына жақсы немесе жаман деп баға бере алмаймыз. Қолымыздан келері, көрген-білген оқиғадан сабақ алу. Ал сіздің мына қызықты да өкінішке толы оқиғалардан алған әсеріңіз қандай?
Г. САҚТАПОВА

Сурет: massaget.kz

18 маусым 2024 ж. 191 0