Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырағы криминалист

Қырағы криминалист

«Колумбо» мен «Шерлок Холмс және дәрігер Ватсон» фильмдерін білмейтін жан жоқ шығар. Әр бөлімін асыға күтіп, «енді қайтер екен?» деп елітіп отырып көретін қаншама жас буын оларға еліктеп өсті. Адалдық пен әділдікті жақтап, ақ-қараны анықтайтын маман болуды қалайтын жеткіншектер көбейді. Алайда, бала күнгі арманын ақиқатқа айналдырған азаматтар көп емес. Солардың бірі – бүгінгі біздің кейіпкеріміз, қырағы сақшы, Арал ауданының Полиция бөлімнің жедел криминалистика тобының техник-криминалисті, полиция аға лейтенанты Нартай Нұртаев.

Нартай Әлібекұлы 1993 жылы Арал ауданында дүниеге келіп, мектепті аяқтаған соң жоғарыда айтқанымыздай қоғам үшін қызмет етуді мақсат етеді. Сол ойға алған ісін жүзеге асыру үшін 2019 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «құқықтану» мамандығына оқуға түсті.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметтік баспалдағының алғашқы сатысын 2015 жылы Қызылорда облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 1-полиция батальонының полицейі лауазымынан бастап, 2016 жылы Арал ауданының полиция бөлімінің жедел-криминалистика тобының техник-криминалисті, ал 2021 жылдың сәуір айынан криминалист лауазымын  абыройлы атқарып келеді.
Қазірде полиция аға лейтенанты шенін алып, иығында 3 жұлдыз жарқыраған Нартай осы жылдар көлемінде өзін білімді, іскер,  алғыр да сауатты қызметкер ретінде көрсете білді. Сақшылар қызметінің қауырт екенін жұрт біледі. Міне, сол міндетті мінсіз атқарып, уақытпен санаспай, жауапкершілік жүгін сезіне білетін жас қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауда қырағылық танытып жүр.
Айта кету керек, есепті мерзімде 36 оқиға орнына барып, орын алған 15 қылмыс дерегі бойынша қол және саусақ іздерін алған, нәтижесінде 7 қылмыспен сәйкестік беріліп, қылмыстың ашылуына оң септігін тигізген. Сондай-ақ 88 тергеу амалына қатысып, бөлімге жеткізілген 130 азаматты криминалистикалық есепке қойған.
Еңбегі елеусіз қалмаған ол ҚР ІІМ-нің 3-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы Мінсіз қызметі үшін», «Жедел криминалистика саласына 100 жыл», «Тергеу қызметіне 60 жыл» медальдарын алса, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Грамота, Алғыс хатымен, бөлім бастығының және аудан әкімінің құзырымен алғыс хаттармен марапатталған. Бөлім бастығының бұйрығымен «І сыныпты маман» сыныптық біліктілгі берілген.
Нартай бос уақытын спортқа арнайды. Қауіпті әрі тынымсыз жұмыстың басында жүргенімен отбасылық міндетін де қызметтен кейінге қалдырмайды. Жұбайы Гүлжанат Қайырбаева екеуі 3 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы.
Жігерлі, жалынды жас алдағы уақытта да қоғамның тыныштығы мен ең құнды капитал саналатын адамзаттың қауіпсіздігі үшін кірпік қақпай қызмет атқаратынына сенім мол.
О.ЖОЛДАСОВ

22 маусым 2024 ж. 233 0