Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройы артқан сақшы

Абыройы артқан сақшы

Қоғамның тыныштығын қалтқысыз күзетіп жүрген ел сақшылары қашан да құрметке лайық. Қазір дамыған заманда халық басына төнетін қауіп те күшейген. Осындайда уақытпен санаспай, қашан да қиындыққа тап болған жәбірленушінің жанынан табылып, қылмысты ашып, әділдік орнатуда полицейлер қажырлы еңбек етіп келеді. Әсіресе, жасөспірімдерді жат қылықтан сақтандыру бағытында сала мамандары сайып қырандай сақ болады. Бүгінгі кәсіби мереке қарсаңында ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қалмағамбетов Аян Жұматайұлы туралы айтатын боламыз.
Қалмағамбетов Аян Жұматайұлы 1987 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Арал қаласы №83 орта мектебін бітірген соң, 2010 жылы Алматы қаласы М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік коммуникация академиясын «көлікті пайдалану және жүк қозғалысымен тасымалдауды ұйымдастыру», 2013 жылы Қызылорда Болашақ университетін «спорт және дене шынықтыру», кейін аталған университетті «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Ішкі істер органдарында 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымын абыройлы атқарып келеді. Полиция капитаны Аян Жұматайұлы әріптестері арасында өз ісіне жауапты қызметкер ретінде танылып жүр. Берілген тапсырманы аса жауапкершілікпен орындап,  уақытпен санаспай, қызмет ауыртпашылығын көтере білген, өзіне бекітілген учаскелік аймағында кәмелетке толмғандардың беймезгіл уақытта жүрмеуін қадағалап, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау және алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізетін оның еңбегін ел жақсы біледі және бағалайды.
Аян Жұматайұлы ауданның білім беру ұйымдарымен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында түнгі рейдтік іс-шараларға шығып, түрлі тақырыптарда жиналыстар, дөңгелек үстел және ата-аналар жиналысын өткізіп, профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жүргізе білетін, сауатты қызметкер. Ол өз жұмысы туралы:
– Жасөспірімдер ісімен айналысу – аса жауапты қызмет. Мен өзімнің қызмет атқару барысымда 2 отбасын қолайсыз отбасы есебіне алдым. 2  қылмыс дерегінің ашылуына өз үлесімді қостым. Сондай-ақ, 61 азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын рәсімдеген болатынмын. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы, 442-бабы және 435-баптары бойынша 54 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, өзге баптар бойынша 7 әкімшілік құқық  бұзушылықтарға көз жеткіздім. Әрине, мұның бәрі заң аясында аса мұқият тексерістер арқылы жүзеге асырылған еді, - деді кейіпкеріміз.
Ол жауапты қызметкер ретінде өзін таныта білгендігінің арқасында абырой биігінен де көріне білді. ҚР ІІМ-нің 3-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы Мінсіз қызметі үшін» медалімен, ҚР ІІМ-нің  Грамотасымен, Қызылорда ОПД-нің Грамотасымен, Алғыс хатымен, бөлім бастығының және аудан әкімінің құзырымен бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған. Бөлім бастығының бұйрығымен «1-ші сыныпты маман» сыныптық біліктілгі берілген. Бокстан «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне кандидат» атағы бар.
Аян Жұматайұлы ұжымда сыйлы, өзінен кейінгі жас қызметкерлерге  тәлімгер ретінде білгенін үйретуден еш жалықпайды. Спортты жанына серік еткен және атыс қаруын жақсы меңгерген білікті қызметкер. Аян отбасындағы ақылшысы, ұстаздық қызмет атқарып зейнеткерлікке шыққан анасы Қалмағамбетова Күлмараштың ақылын бойына сіңіріп, өнегелі отбасыдан шыққан қызметкер, жұбайы Каленова Айгерім Қыдырбайқызы екеуі 6 бала тәрбиелеп отырған көп балалы, үлгілі отбасы.  
Н.БАҚЫРАН

22 маусым 2024 ж. 240 0