Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Pinduoduo": Қытай саудасы шарықтап тұр

"Pinduoduo": Қытай саудасы шарықтап тұр

Бүгінде базар аралап, зат немесе киім алып жатқан адамдар бұрынғыға қарағанда біршама саябырсып қалғанын көріп жүрміз. Иә, көбісі үйде отырып-ақ әлеуметтік желідегі дүкен парақшасы арқылы онлайн  түрде тапсырыс береді. Тіпті, жейтін тағамдарына, азық-түлікке дейін жеткізу қызметі қарастырылған. Бұл да қоғамның біршама жетістігі шығар. Бір жағынан таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста болатын жандар үшін бұл қызмет түрі тиімді екені анық.Бізге алатын заттарымыздың көбісі дерлік сырт елдерден келетінін білеміз. Соның ішінде Қытай елінен келетін тауарлар біраздан таныс. Ол тауарлар біздің елге жетемін дегенше жол-пұлына төленетін қаражаттың өзіменен-ақ қымбаттай түсетіні белгілі. Яғни, бір заттың үстіне 2-3 еселеп қаражат қосылады. Ал қазірде адамдар сол шығатын Қытай елінің өзінен өз бағасына тапсырыс беріп жүр. Нақтылап айтқанда, "Pinduoduo" қосымшасы арқылы ішінен керек деген затымыздың барлығын таба аламыз. Сонымен бірге мұның іші арзандығымен көпшілік көңілінен шығып отыр.
– Бұрындары базар аралап, киім немесе басқа да дүние сатып тұрған сатушыны қойған бағасынан түсіруді сұрап тұратын едік. Қазір базарға көп шықпаймыз. Тек тақалған уақытта керек болған затымыз бен азық-түлікке ғана шығамыз. "Pinduoduo" қосымшасы арқылы тұрмысқа қажетті заттарымыз бен киімдерімізге тапсырыс беріп отырмыз. Бұл бізге өте қолайлы. Тіпті тапсырыс берген затың 1 айға жетпей-ақ келеді. Сонымен бірге мұнда ыдыс-аяқтарының сапасының жоғары екендігін байқадым. Ал киімдерін дұрыстап таңдай білсеңіз ол да көңіліңізден шығады. Жақында баламның тұсау кесер тойын жасадық. Безендіруге шарлар мен қонақтарға арналған тойтабақтарды осы қосымшадан тапсырыспен алдырттым. Өзім біршама пайдада қалдым десем де болады. Міне, осылайша бірыңғай осы қосымша арқылы тапсырыс беріп жүрген жайымыз бар,–деді қала тұрғыны Әсия Бауыржанқызы.
"Жалпы бұл қосымшаның тарихы қандай?", "Бұл қосымша туралы не білеміз?", "Қайдан ғана көпшілік арасында тез тарап кеткен қосымша" деген сауалдар көкейімізде тұр. Pinduoduo сөзі қазақша "Бірге сатып ал" дегенді білдіреді екен. Бірақ 2015 жылы негізі мұның қаланған кезде Хуан стартапты басқаша атаған. Яғни, оны Пинхаохуо немесе "жақсы тауарларды біріктіріңіз" деп аталған мыс. Бастапқыда компания жеміс-жидек саудасына маманданып, оны тікелей фермерлерден сатып алған көрінеді. Кейін келе қалған керекті заттарды қоса берген. Компанияны 2015 жылы Колин Чжэн Хуан құрды. Киім, аяқ киім, сөмкелер, балалар күтімі өнімдері, тамақ өнімдері мен сусындар, жаңа өнімдер, электронды тұрмыстық техника, жиһаз, тұрмыстық тауарлар, косметика, спорттық-сауықтыру тауарлары және тағы басқа да онлайн-саудамен айналысады. 2018 жылдың шілдесінен бастап NASDAQ биржасында сауда жасайды.
Аралда да бұл қосымша арқылы тапсырыс берген жандардың заттарын жеткізіп беру қызметі қарастырылған. Соның бірі – "Aral–cargo"  инстаграм парақшасы. Мұның негізін қалаушы Жасұлан Қаниев.
– Алғашында өзім және келіншегім мен келінім үшеуміз үйден ашып бастаған болатынбыз. Кейін орталықтан арнайы ғимаратқа жұмыс істеп жүрміз. Үшеуміз үш жақтап Алматыдан затты күтіп алып, Аралға салып жіберу арқылы жеткізіп отырмыз.  Жалпы тұтынушылармен "WhatsApp" арқылы тығыз байланыста отырамыз. Оларға қосымша арқылы тапсырыс беруі үшін арнайы код береміз. Кейін тапсырыстары келген соң сол чатқа хабарлаймыз. Алғашқыда адамдар заттарының келмей қалатынына күмәнданып аз-аздан ғана беріп жүрді. Одан соң заттарының толық, әрі сапалы болып келетініне көздері жеткен соң үйренісе бастады. Қазіргі кезде тұтынушыларымыз өте көп. Ауданға қарасты кент, ауылдық округтердің барлығы берлік біз арқылы Қытайға тапсырыс беріп отыр. Бізде тапсырыс берген заттар 9-12 күн аралығында келеді. Бұл жылдам, әрі арзан сонымен бірге тұтынушыларға қолайлы болып отыр,–дейді Жасұлан Қаниев.
Күн сайын заман дамып, арамызға жаңа нәрселер еніп жатқаны сөзсіз.Оның біріне жақсы көзқараспен қарап қуана білсек, енді бірінің денсаулығымызға зиян екенін айтып шағымданудамыз. Дегенмен дамыған елдер қатарына кіру үшін жаңа дүниелерді жақсы жағынан қарағанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА

13 шілде 2024 ж. 135 0