Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруынан сақтану жолдары

Қызылша ауруынан сақтану жолдары

Өздеріңізге белгілі, 2023 жыл мен 2024 жылдың алғашқы бес айында республика, облыс, аудан көлемінде қызылша ауруы өріс алып, көптеген адамдар , әсіресе балалар көп ауырды. Маусым айынан бастап ауру саябырлап республика, облыс көлемінде бір-жар жағдай тіркелуде.
Қызылша- бұл вирусты, ауа тамшылары арқылы берілетін жедел жұқпалы ауру. Көптеген ғасырлар бойы өлім-жітімнің жоғары болуына байланысты қызылша балалар арасында ең қауіпті аурулардың бірі болып саналды. Егер бұрын қызылша балалар инфекциясы болса, бүгінде онымен ересектер де ауырып,инфекция барлық жастағы адамдарды да қамтуда.Соңғы онжылдықтарда әлемде қызылша ауруы осы инфекцияға қарсы вакцинацияның арқасында жүздеген есе төмендеді. Алайда, бұл тез таралатын инфекция барлық жерде тіркелуде. Инфекция науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу,түшкіру,жөтелу кезінде) бұрын қызылшамен егілмеген және ауырмаған адам 100 % дерлік жұқтыруы мүмкін. Қызылшаның қоздырғышы-вирус өте құбылмалы: адам қызылшаны науқаспен тікелей байланыста болмай, онымен бір үйде болу арқылы да жұқтыруы мүмкін.
Инкубациялық кезең 7 күннен 21 күнге дейін созылады. Науқас инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің 4-ші күніне дейін, яғни 9 күн ішінде айналасындағы адамдарға жұқпалы болады. Катаральды кезеңде қызылшаның бастапқы белгілері респираторлық инфекция түрінде байқалады, яғни дене қызуының 38,0 0 - 390 С, кей жағдайда 400 С-қа дейін көтеріледі,басы ауырады, жөтеледі, мұрыннан су ағып, тамақ ауырады.Ұйқышылдық пен тез шаршау , әлсіздік пайда болады. Бұл белгілерден соң науқаста қызылшаның негізгі симптомдары-тістердің түбінде аузында айналасы қызарғанерекше бөртпелер пайда болады. Осы бөртпелерге қарап ауруды ерте анықтауға және науқасты уақытылы оқшаулап, дер кезінде емін беруге болады. Бөртпелер бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады,одан кейін дененің төменгі бөлігіне және аяққа дейін бүкіл денеге тарайды. Ұсақ қызғылт бөртпелер тез арада үлкейіп , формасын өзгертіп, бір-біріне қосылып кетеді. 3-4 күннен соң бөртпелер қайтып, орнында қоңыр дақтар қалады, олар екі аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады.
Егер сіз немесе сіздің балаңызда жоғарыда аталған ауру белгілерін байқасаңыз тез арада үйге аймақтық дәрігерді немесе жедел жәрдем қызметін шақыртыңыз. Емханаға өз бетіңізше бармаңыз, өйткені қызылша ауруын басқа адамдарға жұқтыруыңыз мүмкін. Жөтелгенде ,түшкіргенде бетперде киіңіз, қолыңызды сабындап жуып, антисептик қолданыңыз!
Құрметті ата-аналар! Өзіңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан сақтаудың тиімді жолы-осы жұқпаға қарсы егілу, алғашқы қызылшаға қарсы егу 12 айлықта,қайталап егу 6 жаста жүргізілетінін естеріңізге саламыз.
Сондай-ақ қызылшамен бұрын ауырмаған немесе вакцинацияланбаған науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға да эпидемиологиялық көрсеткішке сәйкес қызылшаға қарсы егу шарасы жүргізіледі.
А. БАЛШАМБАЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының м.а

Сурет: tolqyn.kz
14 тамыз 2024 ж. 209 0