Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүз теңгелік такси

Жүз теңгелік такси

«Жол анасы – із, ер анасы – түз» деп сапарға шыға қалсаңыз, қалтаңызды жолақының өзі жұқартып жібереді. Сыртқа шығып, ірі қалалардың ішін араласаңыз жолдың пұлы ертоқымның құнымен тең түседі. Астана мен Алматыдағы ышқынып тұрған такси бағасына жергілікті тұрғындардың еті үйреніп кеткендей. Ал Қызылордадағы орташа төлем салыстырмалы түрде қалыпты сақталған десек те болады.
Ең қызығы, Қазақстандағы ең арзан такси Аралда екеніне сенесіз бе? Мұнда қаланың кез келген бұрышына 100 теңгемен, ал нақты әдірісіңізге дейін 200 теңгемен жетіп алуға болады.
Аралдықтар үшін жүз теңге дегенің қалыпты баға. Дегенменде қаладан жақында қоныс аударып келген жандар үшін бұл – таңқаларлық жайт. Кейбірі «жол жүру су тегін екен» деп қалады. Осылайша айдынды өлкенің тасжолын теміртұлпарымен күнде шарлайтын такси тізгінгерлері тұрғындарға тиімді баға ұсынып, жолдың жайын жақсартып отырғаны қуантады. Иә, «Жақсы жол ұзақ та болса – жақын. Жаман жол жақын да болса – алыс» демей ме... Тұрғындар да келісіммен көлікке отырып, жол ақысын бірге төлеп, жүргізушіні де ренжітпейді. Ауылдағы ағайынның осы бір ауызбіршілгі өзге жұртқа үлгі.
Қоғамдық көлігі жоқ Арал қаласында аткөлігі барлардың бәрі қоғамға осылай қызмет ете береді.
– Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына 52 такси тіркеліп, дара кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүр. Айта кететін жайт, бүгінде елімізде такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі қарастырылған. Егер дара кәсіпкер ретінде тіркелмей, жұмыс істеп жүрген азаматтар үшін Заңсыз айналымның жолын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтік жұмыстар жүргізіледі,–деді Арал аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының Салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Әскербек Оңталапұлы.
Аралда тіркелмеген де жеке жүргізушілер көп екені рас. Діттеген жеріңе бару үшін алдымен «мобильді аударым қабылдайсыз ба? Каспий, халық онлайн аударымы арқылы төлей алам ба?» деп сұрау салатындар да бар. Тіпті «InDrive» платформасының жүргізушілері де толық кәсіпкерлік платформаға жатпағандықтан бүгінде аударым арқылы төлем қабылдаудан бас тартып жатқанын байқауға болады. Себебі анық. Арзан бағаға жолаушы тасымалдап, қалғанын салыққа салса, бұл баға аспандап кетер еді.
– Негізі 100 теңгеден 4 адам 1 мезетте көлікке отырады. Немесе жолай ала береміз. Демек біз де ұтылмаймыз деген сөз. Қала іші де бір-біріне жақын. Діттеген жерге тиімді бағада тұтынушыны жеткізіп саламыз. Қазір жағар-жанармай, газ да қымбат. Алдағы уақытта баға көтерілгені де жөн еді. Кейбір жолаушылар жолақысын өздері көтеріп төлеп кетеді. Ішіміз жылып қалады. Жүргізушілердің көбі жұмыссыз немесе ауысымдық жұмыс істейтіндер. Сондықтан бізге де көңіл бөліну керек секілді, – дейді аралдық таксист Таңатар Төреханов.
Түйін. Такси жүргiзушiлерiнiң сонау Франция тарихында алатын орны ерекше. 1914 жылы Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста немiстер Париж маңына жақындап қалғанда қаланы қорғау үшiн оларға қарай 1200 астаналық такси жүргiзушiлердi қарсы қояды. Бұл – ел тарихындағы шешушi кезең болған екен. Ал қазіргі қымбатшылық майданында алғадай таксилер алдыңғы шепте, халыққа қалтқысыз қызмет ете бермек.
Айдар Әділжанұлы 
17 қыркүйек 2024 ж. 167 0