Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көне сөз – жаңа сөздің қазығы

Көне сөз – жаңа сөздің қазығы

Қазақ дей қалса қонақжайлылық алғаш болып еске оралады. Алайда халқымыздың ерекшелігі тек бұл қасиетінде емес. Тіпті қонаққа барын беріп, көңілін дастарқан ету өзге елдерде де бар. Ал біздің ең басты ерекшелегіміз – сөздің қадірін түсіну. Мына бір оқиғаға қараңызшы.
Екі көзі соқыр бір кісі адамдар жиі жүретін орында таңертеңнен кешке дейін отырып, қайыр сұрайды. Онда да әлгі кісі мойнына «мен – соқырмын, құдай үшін көмектесіңдер» деп жазылған қатырма қағаз іліп отырады күнұзақ. Сөйте тұра, жолай өтетін адамдардың арасында соқырды аяп, тиын-тебен тастайтындар сирек еді. Содан болар, ол ерте келіп, қасқарайғанша үміт арқалап отыратын да қоятын.
Бірде әлгі кісінің жанына келіп тоқтаған бір қыз оның мойнына ілген қатырма қағазын сұрады. Бұл неге керек деген оймен таңданса да, соқыр оған қағазды берді. Әлгі қағаздағы жазуды басқа жазумен өзгерткен қыз қатырма тақтаны өзіне қайтып берді де жөніне кете барған.
Сол-ақ екен жанындағы картон қорапқа тиындар сыңғырлап түсе бастайды. Тіпті, өткен-кеткендердің бәрі дерлік тоқтап, тиын тастайды. Осылайша кешке дейін оның картон қорабы тиынға толады. Ал зағип мұның себебін түсіне алмай аң-таң болады. Осы сәтте кешкілік жұмыстан қайтқан бағанағы қыз оның қасына келіп тоқтайды да: «міне, көрдіңіз бе, енді бәрі басқаша» дейді.
Оның дауысынан таныған соқыр «сен не істеп қойдың, маған осы арадан өткен жұрттың бәрі тиын тастап жатыр?» дейді таңыр­қап. Қыз оған «мен бар болғаны мойныңызға ілінген тақтадағы сөзді басқа сөзге ауыстырып жаздым» деп жауап берді. Ол бұрынғы сөздің орнына: – «Қайырымды жан, сіз көре аласыз ғой, айтыңызшы: мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын» деп жазған еді. Міне, бұл шын мәніндегі сөздің құдіреті-тұғын.
Жүректі еріксіз толқытады. Ал сөздің қадірін ұғынған дана халқымыздың тағы бір тәмсілі «Көне сөз – жаңа сөздің қазығы» деген мағыналы тіркесте жатқаны тағы бар.
Расында аталы сөздің астарында төркіні бұзылмаған түсініктер жатыр. Жалпы "төркін" сөзінің тереңіне үңілсек түртіп аларлық дүние көп. Сол сияқты тегін көнеден тартқан көп сөз бар. Бірақ біз ескере бермейміз.
Бірде жол-жөнекей 70-ті алқымдап қалған ақсақалмен жолаушылатып жүріп қатар орынға жайғасып қалдық. Көзілдірігін құлағына ілді дегені болмаса көздің тұсынан төменірек мұрынының ұшына тіреген күйі кітаптан көз алмай келеді. Мазасын алғымыз келмей, қос қолдап сәлем беріп, жанына жайғастым. Жанымызда бейтаныс бір жас жігіт бар. Сәлден соң сол жігіт қазақша-орысша араластырып, телефонмен тілдесе бастады. Осы кезде кітаптың өзі оқып отырған бетін бүктеді де, қария үнсіз бақылады. Купеде қайта тыныштық орнады. Сол уақытта "айналайын, қазақсың ба?" деп үнсіздікті бұзды қарт. "Қазақ болсаңдар айтайын, бізде әрбір сөздің астары бар. Күнде айтып жүрген қолданыстағы сөздердің өзінде терең мән жатыр. Мағынасы өлмесін деген шығар, көне сөзден жаңа сөз де тудырып айтқан. Бірақ елеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті ана тілінде сөйлейтін өздерің сияқты жастар сирек барады. Сол алаңдатады мені" деп тоқтады.
Ақсақалдың сөзі ақылға қонымды. Бірақ ары қарай "әңгімені қалай өрбітсем болар екен?" деп отырғанымда өзі жалғай кетті.
– Атқа мініп көргенсіңдер ме? – деп көзілдірік үстінен көзін бір аударып қарады да, – Жылқы тани білсеңдер "көбең" дегенді естіген шығарсыңдар. Қазақ «көбеңді көр де қой» дейді. Оның мәні – қысқа уақыт аралығында ғана көбең тойынған айтұяқтың сырт­көзге жүні жылтырап, әдемі көрініп тұрғанымен, еш мініске жарамайтынын айтқаны.
Біздің әдебиетімізде атақты ақын Әсет пен Ырысжанның айтысында ақын қыз дәл осы сөзді ақынның намысын жану үшін қолданған.
Осы ма атақты ақын Әсет деген,
Бере ме өнер пайда көрсетпеген.
Топастау торшолақтың біреуі ғой,
Мұны кім шын жүйрік деп есептеген?
Бәйгеде жүлде бермес жүйрік десем,
Семірген ақша майлап көбең екен.
Көрінді көбеңдігің келмей жатып,
Ер түгіл әйелден де болдың төмен, – деп орынды әзілмен, тапқыр теңеумен Әсетті қағытады, – деп көпті көрген жан екенін танытты.
Расында тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты көне халықтың сөздігін ұмытып бара жатқандаймыз. Мысылы қиындықты "күрделі" деп жүрген біз осы сөздің қайдан шыққанын ойламаймыз да. Ақиқатында бұл да сол жылқыға қатысты шыққан атау екен.
«Асауға тұсау, тебегенге күрде, тарпаңға бүкпе» деп келетін мәтелге бергісіз мәйекті сөзге зер салайық. Күрде – асау биені сауғанда теуіп жібермеу үшін артқы аяғын шашасынан іліп алып, мойнына салып байлап қоятын жіп дегенді білдіреді. Демек күрделі сөзі де қысылған, қиындыққа кезіккен адамның шарасыздығын көрсеттіп, "аяқ қолым байлаулы" дегенін бейнелейтіндей.
Дәл осы тіркестен тағы бір сауал туындайды. «Тарпаңға бүкпе» деген сөзде де бүгілген сырды аңғарамыз. Шу асау, тарпаң биелерді алғаш сауарда алдыңғы аяғын бүгіп, соны жазғызбай көтере ұстап тұруға арналған тұйық қайыс – бүкпеден басталатын «бүкпесіз» деген сөзге қатысы бар сияқты. Бір аяғы бүгілген жылқы иесін көсіліп тарпи алмаса, оған жалғыз ақ себеп – бүкпе болмақ. Ал адамның әңгіме, немесе сыр айтуында бүкпесіз әңгіменің болу-болмауы – жылқыға қолданған тұйық қайыс секілді ойды бүгетін бір фактордың болғандығынан деп түсінсек қателеспес едік.
Бұл тек бір мәтелдің төңірегінде туындаған әңгіме. Тереңірек үңілсек талайды толғауға болар еді. Ұлтпен бірге жасасып, замана бойы мәнін жоймаған мұндай сөздер мұнымен бітпек емес. Оның бер жағында, «адамды адам еткен ой мен сөз» деген тәп-тәуір лепестің де осы ретте айтылуы керек секілді. Аталы сөзге баба тарихын сыйлаған, адам атын арқалаған әрбір қазақтың қамқоршы болғаны керек-ақ, шіркін?!
Оңталап ЖОЛДАСОВ
28 қыркүйек 2024 ж. 114 0