Мектепте ыстық тамақты ұйымдастыру туралы

Арал ауданы бойынша 44 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылса, Тоқабай елді мекеніндегі №248 және 3 бастауыш мектепте (Жалғызағым, Көнту, Ақшатау бастауыш мектептері) буфеттік тамақ ұйымдастырылып отыр. Барлығы мектеп бойынша 9995 бала тамақпен қамтылса, оның ыстық тамақпен қамтылғаны 9847 бала. Тамақтандырудың сапасына бақылау жүргізу жөніндегі мектеп комиссиясы ай сайын жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, дайын тағамдардың сапасына және мерзімдері мен сақталуына бақылау жұмыстарын жүргізеді және оқушыларды тамақтандыруды тиімді
ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ тағамтану академиясы Ұлттық салауатты тағамтану орталығы әзірлеген «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттары» әдістемелік ұсыныстарын басшылыққа ала отырып әзірленген 4 апталық ас мәзірі бекітіліп, сүт өнімдері, жеміс жидектер мен шырындар және балық, құс, ет өнімдерінің мөлшері көбейтілген.
Апта ішінде балық, құс, еттен дайындалған тағамдар дайындалып беріледі. Нормативке сәйкес көкөністер мен жемістер берілумен қатар, көкөністерден салаттар дайындалады. Сүт және сүт өнімдері, әрбір тағамның құнарлылығы оны құрайтын ақуыз, көмірсутегі, май есептелініп нормаға сай берілуде. Бір апта ішінде 1 тағам түрі қайталану фактісі жоқ. Ата-аналар тарапынан және ыстық тамақты бақылауға құрылған комиссия тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Тағамдар сапалары туралы құжаттарымен беріліп, дайындау технологиясымен сәйкес дайындалып отыр. Мектеп оқушылары арасында санитариялық ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу жұмыстары тұрақты бақылауда. Сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мектеп әкімшілігі және қызмет көрсетушіге қойылатын талаптар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын-алу мақсатында басқарма аудандық білім бөлімімен және аудандық көп бейінді орталық ауруханасымен 12.09.2024 жылы №71 н/қ, 745 н/қ, №196 бірлескен бұйрығын шығарып, бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес жұмысшы топ құрамы, 2-қосымшасына сәйкес жұмыс кестесі бекітілді. Бірлескен бұйрыққа сәйкес басқарма мамандары аудандық білім бөлімі және орталық аурухана мамандарымен біріге отырып аудан көлеміндегі мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған 44 мектеп асханасының жұмысшылары мен мектептің медицина қызметкерлерінің және №2 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының асхана және дәрігер, медбикелерінің арасында тағамнан уланудың алдын-алу, дұрыс тамақтандыруды ұйымдастыру, қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, тағамдарды өңдеуге, сақтауға қойылатын талаптар, өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әдістемелік- тәжірибелік көмектер көрсетті және мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкерлермен семинар-сабақ
өткізілді.
Аудан мектептеріндегі буфеттерде газды сусындар, чипсылар, тез бұзылатын тағамдарды, т.б. өнімдерді сатуға тыйым салынған.
А.САТЕКЕЕВА,Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
Сурет: tolqyn.kz