Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсібін дөңгелеткен жас

Кәсібін дөңгелеткен жас

Қазір жеке бизнесін ашқан жастар жетіп артылады. Әсіресе шағын және орта бизнестен бақ іздейтіндер көп. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Өйткені олар бизнеске үлес қосу арқылы елдің экономикасын демеп отыр. Дамыған елдерде экономиканың негізгі тірегі біздегідей шикізат емес, бизнес екенін ескерсек, жастардың бұл қадамы құптауға тұрарлық. Ауданымызда да осы бағытта жұмыс жасап, өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастар жетерлік. Солардың бірі – қаламызға белгілі «Boss Food» тамақтану орталығының басшысы Рамазан Саинов.
Р.Бауыржанұлы 1997 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Қаладағы №83 мектептің түлегі Ақтөбе қаласындағы Теміржол колледжінде білімін жалғастырған.
– «Адамды адам еткен – еңбек» деп бекер айтпаған. Құр сөзбен, бос арман-қиялмен біз ештеңені бітіре алмаймыз. Ал үздіксіз қимылдап, еңбек еткен жанның түптің түбінде зейнетін көрмек. Әрине, бәрі бірден бола бермейді. Менің де бұл кәсіпті жоспарлап, ашуыма дейін бірнеше жыл уақыт керек болды. Заман ағымына сай, қала тұрғындары үшін ерекше дүние қажет деп ойладым. Және ешкімге тәуелсіз табыс көзі бүгінгі жастардың басты қызығушылығы. «Boss Food» орталығы да соның жемісі, – деп бөлісті Рамазан мырза.
Бұл орталықтың ерекшелігі – наннан жасалған түрік донері. Басқа тамақтану орталықтарында жоқ бұл тіскебасар көпшіліктің сүйікті асы.
– Наннан жасалған донер үлкен қалаларда сұранысқа ие. Арал қаласында бұл донер түрі бұрынырақта сатылымда болғанымен, қазір ешжерден таба алмаймыз. Көбіне оны жастар арнайы соустың нанға сіңімділігі мен тойымдылығы үшін жақсы көрсе, үлкен кісілер үшін лаваштан гөрі жұмсағырақ болуымен ұнайды.
Өзім студент кезімде осындай орталықтарда жұмыс жасағанмын. Олардың асүйінен кәсіптің қыр-сырын үйренген соң неге Аралдан ашпасқа деген ой туды. Сол ойдың жетегінде жүріп бастаған кәсібім, – дейді жас іскер.
Тамақтану орталығының атауы қазақ тілінде «басшыларға арналған тағам» мағынасын береді. Мұнда ең негізгі акцент қойылған өнім – тез дайын болатын фаст-фуд өнімдері. Айтқандай-ақ, бұл жерден кез келген талғамдағы түрлі тіскебасардың дәмін татуға болады. Іші классикалық үлгідегі, жастар талғамымен жасалған орталықта тұтынушылар да арылмайды.
– «Boss Food»-қа ең алғаш ашылған сәтінен бастап тұрақты келемін. Кейде жұмыстан немесе оқудан шаршағанда тамаққа тапсырыс беріп, жұмысыңды жеңілдетуге болады.
Бірнеше рет отбасыммен тапсырыс беріп, үйге курьер арқылы алдырдық. Оларға да ас мәзірі ұнады. Қазір кіммен жүрсем де, сыртқа қыдырып шыққан сайын осында келеміз. Ас мәзірінен бөлек, қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейі ұнайды, – деп пікір білдірді қала тұрғыны Айжан ханым.
«Кәсібім-нәсібім» дегендей, несібесін кәсіпкерліктен тапқан Рамазан Бауыржанұлы алдағы уақытта үлкен жоспарлары барын айтып қалды. Осындай ауданымыздың экономикасының дамуына үлес қосып, оның тұрақтылық көзіне айналдырған кәсіпкердің ісіне береке тілейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
14 қазан 2024 ж. 163 0