Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады" деген болатын.
Бүгінде ауданда бұл тапсырма тыңғылықты орындалып, түйіткілді мәселелердің түйіні тарқағаны белгілі. Қазірде мемлекеттік балабақшалардан бөлек жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелері жауапкершілікті сезініп, өздеріне артылған жүкті сезініп келеді.
Еліміздің өркендеуі мен гүлденуі – болашақ ұрпақ қолында. Бүгінгі күннің айдарындағы басты мәселе бала тәрбиесі. Ол тәрбие жұмыстарында ғана емес, тәлім, таныс үрдістерінде жүзеге асады. Тәрбие мен білім өмір жолындағы үзіліссіз процесс.
Егемен еліміздің ертеңіне өз үлесімізді қосқымыз келсе, балабақшадан бастау алып, бала бойына танымдық қабілет дарыту міндетіміз. Қай ғасырда болсын ұлт өнерін өркендетуші сапалы, салауатты, парасатты ұрпақ тәрбиелеу-қоғам алдында әрбір тәрбиеші ұстаздың басты міндеті болып саналады. Ал адам бойында ең тамаша қасиеттер балалық шағынан қалыптасады. Ұрпағым өнегелі, жақсы азамат болып өсіп жетілсін десек, ең алдымен бесігінді түзе – деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың сөзі тегін емес. Тірбиенің әліппесі баланың белі бесіктен шықпай жатып ана сүтімен сіңіріліп, ұлттық өнегенің ең асыл, ең нәрлі қасиеттері сол сәби шақтарынан-ақ үлгі етіп тартыла басталуы керек. Ал ең алғашқы араласар ортасы, жамып жетілу аспалдағының алғашқы сатысы – балабақша.
Балалабақшада берілген тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы әрі жан-жақты тәрбиемен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Білім мен ортаға биімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Біздің мамандық қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Өмірге келген әрбір нәресте отбасында ата-анасынан бастап барлық туған-туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Алланың адамзатқа аманатына айналған ұрпағын бізге сеніп тапсырады. Бұл жақта ананың орнына ана бола білу тек тәрбиешілердің ғана қолынан келеді. Әрбір кішкентай ғана бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосады.
Мұнда оқу қызметінің барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатудан басталады. Тілін дамытып, ортаға биімдеп, қарым-қатынасқа икемдейді, қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішіні ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік ортаға қалыптастырады, қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ таныстырады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да берілетін осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.
Тәрбиеші – балаларға білім беру үшін баланың іс-әрекеті ойын арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін арттырып, көздеген мақсатқа жеткізуші. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр баланың бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Бақшаны-бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны – болашақтың қақпасына деп білуіміз керек.
Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін.
Алайда ата-ана балаларын балабақшаға берместен бұрын «ол жерде балам не үйреніп шығады, тәрбиеші қандай болады екен?» деген сұрақтар мазалайтыны түсінікті. Міне, осы сауалға жауап беріп көрейік.
Бүгінде баланы тәрбиелеудің жаңашылдығы келешек ұрпақты кемелдікке балауса күнінен дағдыландырады. Алайда біз ұлттық құндылығымызды, халықтық болмысымызды ұмытпағанымыз абзал. Сол себепті бүгінгі таңда өзім қызмет жасайтын "Балбөбек" жеке бөбекжай бақшасында осы бағытта жұмыстар атқарылады. Бүлдіршіндерге өткеннің қадірін түсініп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді бала күннен бастап, ұлттық киім киюді, ұлттық ойындарды ойнатуды әдетке айналдырдық. Бүгінде мұндағы балалар асық атуды да үйреніп шығады.
Иә, тәрбиеленуші терең білім мен тұрақты тәрбиеге кенелу үшін тәрбиешілер тынымсыз еңбек етуі қажет. Уақыттың талабына сай тынымсыз жұмыстың нәтижесінде бүгінгі балабақшалардан тәлім алған бүлдіршіндер ертең кемел келешекті қалыптастыратын ұрпақ боларына сенім мол.

Әсел ҚАЗБАҒАНБЕТОВА,
"Балбөбек" жеке бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
11 қараша 2024 ж. 56 0