«АЯУЛЫ АНА» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕСІ

– Үйде отырған едім. Бір хат келді. Алғашында "бұл не хат екен?" деген оймен ашып қарадым. Шақырту қағазы. Шақыртудың мәтіні "Құрметті, Бақытгүл Кәрімқызы. Сіздің жұмысыңыздың үздік деп танылуына орай 12 сәуірде Астана қаласында өтетін "Аяулы ана" атты республикалық байқауының ІІ кезеңіне жолдама алғаныңызды құттықтаймыз!" деп басталыпты. Одан әрі "Әйелдер қауымы әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің болуына Сіздер мол үлес қосып келесіздер" деп жазылған. Осылай өрілген шақыртудың соңында осы байқаудың салтанатты марапаттау рәсіміне қатысуға шақырыпты, – дейді.
Иә, осындай ауқымды шараға шақырту кімнің көңілін болса да толқытып жіберетіні сөзсіз. "Ең бірінші мен осыған лайықпын ба?" деген сауал келді дейді кейіпкеріміз. Ал шындығында бұл мыңдаған жанның арасынан іріктеліп, әбден лайықты деп танылған аналарға жіберілген шақырту еді.
Б.Кәрімқызының қызы Самал осы республикалық байқаудың өтетіні жайлы хабардар болып, өз анасына тосын сый жасамақ болады. 35 жыл ұлағатты ұстаз бола білген анасының барлық жетістігін, елге еткен еңбегін жинақтап, ұйымдастырушыларға ұсынады. Еліміздің әр аумағынан, сондай-ақ көршілес елдерден де келіп түскен мыңдаған өтініштің ішінен іріктелген санаулы жанның қатарынан орын алған ол Астанадан кеудесіне "Аяулы ана" төсбелгісін тағып, І дәрежелі дипломмен марапатталып қайтты.
Иә, марапат өз иесін тапты. Олай деуге себепте бар. Шәкірт тәрбиесімен тұрақты айналысқан жерлесіміздің бойынан көптеген ізгі қасиеттерді таба аламыз. Ал шығармашылық жолындағы еткен еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Қолға қалам алып, өрген өлеңінен өзгеше әсер аласың.
Ал ең бастысы екінің бірінен табыла бермеймін – қайырымдылығы. Қазақта "оң қолың бергенді сол қолың көрмесін" дейді ғой. Міне, дәл сол секілді жомарттығын жария етпейтін барынша жасырын ұстағысы келеді. Алайда 15 жылдан астам уақыт мектеп оқушыларына қайырымдылық жасап, оқу құралдарымен, өзге де қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп жүр. Мұнан бөлек аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға да азық-түлікпен де, ақшалай да қамқорлық жасап келеді.
Еткен еңбек елеусіз қалмайтыны ақиқат. Сол қайырымдылығының арқасында осыдан тура екі жыл бұрын "Алтын жүрек" премиясын алған болатын.
Иә, алғанынан берері көп жерлесіміздің жетістігі жақсы амалдарының жаршысындай болып жүрген Бақытгүл Елубаеваны біз де шын жүректен құттықтаймыз!
Оңталап ЖОЛДАСОВ