Аралдықтардың алаңдаушылығы азая ма?

– Арал теңізінің арғы-бергі тынысы мен көрінісі тұрғылықты халықтың көз алдында. Көнеден келе жатқан тарих емес, көз көрген дүние. Толқыны тулап, жағаға соғып, шағала шаңқылдаған уақытты тамашалаған ұрпақтың әлі де болса көзі тірі. Бала шағында, жас кезінде осының барлығын бастан кешірген солардың бүгінгі арманы не екенін білесіз бе?. Бірінші кезекте шалқыған шалқар теңізді қайта көру. Бұл өздері үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін, осында қоныстанған халықтың жағдайы, аумақтың экологиялық ахуалы үшін, – деп бастағаны әлі есімізде.
Теңіздің өткені өтірік емес
Аралға келген жолаушыны ауласынан қарсы алатын құнды дүние бар. Ол теміржол вокзалында бейнеленген алып кескін. Аралдық балықшыларға арнап жазған Ленин хаты да осының куәсі. Өзге жұрттың қиындығына қол созуда қазақ халқының бел шеше кірісетінін кескіндейтін хат аштықтың қиын кезеңінде біздің балықшылар Волга өзенінің жағалауындағы халыққа 14 вагон балық жөнелткенінің өзі үлкен тарих қана емес, ғасырдан асқан мақтанышымыз. Сол балықшы аталармен бірге қырда мал бағып, төрт түлікті көбейткендер де жетерлік. Ауданның 16 еңбеккері осылайша Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұнда жалғыз қазақ емес, 12 ұлт өкілі тізе қосып, тіршілік еткен, бауырмалдықтың ұясы болған аудан.
Осыдан жүз жыл бұрын 1925 жылдың 21 қазанында Қазақ КСР халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің қаулысымен "Арал мемлекеттік балық тресті" құрылды.
Түркістан республикасының Халық Комиссарлар Кеңесінің бұйрығымен барлық балық кәсіпшіліктері, кемелер мен құрал жабдықтар Арал депутаттары Кеңесіне берілген. Ал қазан айында Түркістан өлкесінің балық өнеркәсібі басқармасы құрылды. 1930 жылдарда Арал теңізінде 38 балық ұжымшары болып, 1940 жылдары балық шаруашылықтары оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Қарақалпақ Республикасына 13 балық ұжымшары қарады, олар 8 марта, Ворошилов, Микоян, Калинин, Сталин сияқты тағы да басқа колхоздар.
Ал Солтүстік Аралда Қаратерең, Бөген, Қарашалан, Шевченко, Қасқақұлан, Қызылбалықшы, Ақшатау, Сталинжолы, Аманөткел, Райым, Шөмішкөл, Бірлестік, Тастүбек, Жамбыл, Ленин, Балықшылар, Жаңажол және өзге де барлығы 22 колхоз болды. Бұлардың барлығында 1940 -1950 жылдары 8 мың балықшы, 6,5 мың жұмысшы мен қызметкерлер еңбек етіп балық аулау техникасы, әдісі әрбір кезеңде жаңарып отырды.
Балық жүйесіне мамандар дайындайтын фабрика-зауыттық училище (ФЗУ) және оқу комбинаты болды. Жыл сайын жүздеген матростар, кеме капитаны, механиктер, шеберлер, ұсталар, балық тоңазытушы және сұрыптаушылар дайындалды. Балық тресінің кейіннен балық комбинатының құрылуы басшылыққа, өндіріске жарқын серпін әкелді. Мақсаты бір, әрқайсысының өз өкілеттілігі бар екі мекеме балық өндірісінің түгелі Арал мемлекеттік балық тресінің қарамағында қатар жұмыс істеп, табыстылығын еселей түсті. Арал балықшыларының қарашаңырағы "Арал балық комбинаты" нарық Аралдың атын әлемге мәлім етті.
Аралдың аянышты тағдыры
Арал теңізі, әлемдегі ең үлкен ішкі су айдындарының бірі, бір кездері төрт миллион шаршы шақырымның бөлігі болған. Алайда өткен ғасырдың екінші жартысы теңізді жарымжан күйге түсірді. Оның ауданы 90 пайызға кішірейіп, алып су кеңістігінен жансыз шөлге айналды. Теңіздің экологиялық күйреуі бүкіл аймақтың климатына, адам денсаулығына, биоәртүрлілігіне және экономикасына қатты әсер етті. Бұл апаттың басты себебі – Орталық Азия елдеріндегі суару қызметі. Ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін Амудария мен Сырдария өзендерінің суының таралуы теңізге су ағынының ең төменгі деңгейге дейін төмендеуіне әкеп соқты. Сондай-ақ Арал теңізі бассейні елдеріндегі су ресурстарының үйлесімділігі мен басқаруының болмауы экожүйенің деградациясына әкеп соқты. Қоршаған ортаға ластаушы заттарды, соның ішінде теңіз түбінен кептірілген тұздар мен пестицидтерді шығару аймақтағы су мен ауаның сапасын нашарлатады.
Соның салдарынан мұндағы балық түрлерінің жойылуы, климаттың өзгеруі, топырақ пен судың сапасының нашарлауы экожүйелер мен адамдардың денсаулығына қатты әсер етеді. Балық аулаудың күрт төмендеуі, жұмыссыздық, халықтың жаппай көші-қоны, су және ауа ауруларының көбеюі-мұның бәрі аймақтың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін тереңдетеді. Тіпті әлем жұртшылығын алаңдатты.
Жасырын ұсталған жаңалық
Тақырып айтып тұрғандай сонау 1960 жылдары басталған теңіздің тартылуы Кеңестік билік тарапынан жауапкершіліктен тыс қалды. Оған мысал – Арал мәселесі 1985 жылға дейін айтылмауы. Оған дәлел ретінде Филип Миклин, Николай Аладин атты зерттеушілердің "В мире науки" еңбегін алсақ болады. Өз зерттеулерінде Кеңес үкіметі кезінде Арал теңізі мәселесі айтылмай, жасырын келгені туралы жазылған. 1980 жылға қарай теңіздегі су деңгейі түсіп кеткені соншалық, Арал Үлкен және Кіші Арал деп екіге бөлінген. Бұл жайында 1985 жылдары ғана Горбачев экологиялық апатты көпшілікке жария етті. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Арал теңізі сол кезде жаңадан құрылған мемлекеттер Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген.
Тәуелсіздіктегі тәуекел: екі мәрте бұзылған бөгет
Жоғары айтқанымыздай теңіздің тағдырына қорқа қарайтын Зауалхан Ермаханов:
– 1989 жылы Арал теңізі Берг бұғазынан екіге бөлінді. Берг бұғазының солтүстік жағы Кіші Арал теңізі, ал оңтүстік жағы – Үлкен Арал теңізі. Арал теңізін толықтай сақтау мүмкін болмағандықтан, оның оның екі бөлікке бөлінгендігін пайдалынып, Сырдария өзенінен келген суды тиімді пайдалану мақсатында Кіші Арал теңізін сақтап қалу жұмыстары қолға алынды» дейді ол. Айтуынша Кіші Аралды құтқарып қалудың алғашқы шаралары 1992 жылы басталған. Соның алғашқысы 1992 жылдың шілде-тамыз айларында Берг бұғазында құмнан тұрғызылған Көкарал тоспасы. Бірақ 1993 жылдың көктемінде дария суы өте мол келіп, сәуір айында тоспаны бұзып кетті.
1996 жылдың қыркүйек айында Көкарал тоспасы қайтадан қалпына келтірілген. Соның нәтижесінде Сырдариядан келген суды түгелдей Кіші Аралға құюға мүмкіндік туған. Тоспаның салынуы мен 1989-1998 жылдар аралығында теңізге жыл сайын 3-8 текше метр дария суының құлауы экологиялық ахуалдың жандануына жағдай туғызған. Нақтырақ айтсақ, біріншіден – 30 жыл бойы теңіз суы деңгейінің түсуі тоқталып, 1996-1999 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 2,5 метрге көтерілген. Екіншіден – оның тұздылығының артуы бәсеңдеп, 1991-1998 жылдары теңіз суының тұздылығы 33,8 г/л-ден 14,5 г/л дейін төмендеген. Сондай-ақ бұрын құрғап қалған теңіз табанына қайтадан су оралып, Сарышығанақ және басқа да қойнаулар суға толып, Ұлы теңіз бен Кіші Аралды жалғайтын өзектің құрғауы тоқталды, бірнеше бөлекке бөлініп қалудан аман қалған.
Бірақ артық суды Үлкен Аралға жіберіп тұратын қондырғысы жоқ құмнан жасалған тоспа қатты дауылдың әсерінен 1999 жылы 22 сәуірде қайта бұзылды. Нәтижесінде 1999-2000 жылдары Кіші Аралдың деңгейі 3 метрге төмендеп, өте көп көлемдегі су ұлы теңізге құлады. Теңіз суының деңгейі ең төменгі көрсеткіш Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрге жетсе, Үлкен теңізге кеткен көп сумен қатар өте көп балық та ығып кетті. Бірақ теңіздің екі бөлігін өзек арқылы байланыстыру болмағандықтан жаз айларында бөлінген өзекшелерде сол балықтар қырылып қалды. Мұнымен қатар Бутаков және Үлкен Сарышығанақ қойнаулары Кіші теңізден бөлініп қалып, мұндағы тұздылық көлемі де айтарлықтай көбейді.
Осыдан кейін халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасы жасалды. Мақсаты айқын жобаны ҚР Үкіметінің қолдауымен Дүниежүзілік Банк қаржыландырды. Берг бұғазында су реттегіші бар Көкарал бөгеті, дарияның теңізге құяр сағасынан 25 шақырым жоғарырақта Ақлақ тоспасын салу және қазіргі қолданыстағы Қазалы, Қызылорда және Шардара плотиналарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Көкарал бөгеті аяқталған соң 2006 жылдың сәуір айының ортасында Кіші теңіз деңгейі жоғарыда айтқан Балтық жүйесі бойынша 39,0 метрден 42,0 метрге дейін жетті. Теңіз суының көлемі 27,07 текше метр, айдынның аумағы 3288,0 текше метр, теңіз жағалауының ұзындығы 435 км болды.
Теңіз плотина арқылы екіге бөлінген уақытта Үлкен теңіздің тұздылығы 100 г/л-ден асып, балықтың өмір сүру мүмкіндігі болмағанымен, Артемия салина шаянының қоры көбейді.
Ал керісінше Кіші аралдың жағдайы күрт өзгеріп, жақсара түсті. 1990 жылдардың басында мұндағы теңіз суының тұздылығы мұхит суының тұздылығымен бірдей болса, 2006-2007 жылдары 10-11 г/л болды. Осының салдарынан балықшылық кәсібі қайта жанданып, мұндағы кәсіби маңызы бар балық түрі 22-ге жетті.Кіші теңіздің шығыс, солтүстік-шығыс, оңтүстік және оңтүстік-батыс аумақтарында балықтардың уылдырық шашатын орны пайда болды. 1990-2000 жылдар аралығында тек камбала-глосса балығы өндірістік маңызға ие еді. Кейіннен сазан, торта, табан, қаракөз, көксерке, ақмарқа, қылыш, шортан, қызылқанат, жайын, жыланбас, ақ амур, дөңмаңдай балықтарының саны көбейіп, өндірістік мақсатта аулайтын дәрежеге жетті. Осы ретте өте сирек кездесетін Арал шемейі мен ҚР Қызыл кітабына енген Арал қаязының да саны артты. Экологиялық жағдайы жақсарып, қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал филиалының зерттеу жұмыстары нәтижесінде соңғы жылдары теңізден жылына 6-7 мың тонна балық ауланды.
Мұның барлығы тек САРАТС жобасының тек алғашқы кезеңінің нәтиежесі ғана. Екінші кезеңі салынатын болса, Көкарал бөгетін биіктетіп, теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 48,0 метр биіктікке жеткізуге, балық қорын Үлкен теңізге кетірмеуге, Шевченко, Бутаков қойнауларында және Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйелерінде дрейссена бақалшағы мен мизид, қырықаяқ шаяндарын аулап, жоғарыда аталған теңіз учаскелеріне қолдан жіберуді қамтамасыз етуге, Жалаңаш, Үлкен және Кіші Сарышығанақ, Шөмішкөл, Қарасор және басқа да қойнауларды суға толтыруға, Кіші Аралды қолдан балықтандыру мақсатында тұқы, ақ амур, ақ дөңмаңдай, шұбар лөңмаңдай, ақмарқа, көксерке және бекіре тұқымдас балықтарының шабақтарын жіберуге, сондай-ақ балық аулау көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік туар еді, – деген болатын.
Бізді не күтеді?
Иә, теңіз жанашыры мен балықшы жұрттың тілегі естір құлаққа жетті. Себебі жақында ғана өздеріңізге жеткізгеніміздей САРАТС жобасының екінші кезеңі қолдау тапты.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов:
– Біз қазір мынандай шешімге келіп отырмыз. Аманөткел гидроторабы міндетті түрде салынады. Себебі Арал маңындағы көлдер жүйесіне су беру үшін ондай нысан керек. Екіншіден, коллекторлық суды Үлкен Аралға жіберу үшін Қызылорда каналын жүргіземіз. Үшіншіден, Көкарал дамбасын тағы да 2 метрге көтеруді көздеп отырмыз. Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша 7 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік туады. Егер қазір Көкарал тоспасының арқасында 27 млрд текше метр су жинақталса. Қазір 23,7 млрд текше метр су бар онда. Соңғы екі жылда Аралға 4 млрд текше метр су жеткіздік. Сонда қазіргі су жинақтау мүмкіндігі 27 млрд текше метр. Енді оған тағы 7 млрд текше метр сыйымдылық қосылады да, 34 млрд текше метрге жетеді. Келетін судың көлемі артып жатса, әрі қарай да жұмыс істейміз, – деген болатын.
Ғасыр жобасына баланған САРАТС-тың екінші кезеңін талқылаған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та жұмыстың маңыздылығын:
– «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы 2019 жылы облысқа жасаған жұмыс сапарында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңін іске асыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Дүниежүзілік Банк бөлген 1 млн 500 мың АҚШ доллары қайтарымсыз гранты есебінен жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Өздеріңізге белгілі, Солтүстік Аралдың аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша келіспеушілікке байланысты жұмыс бүгінгі күнге дейін созылып келді. Министрліктің нәтижелі жұмыстарының арқасында Арал теңізіне жіберілген су көлемі едәуір ұлғайып, 2022 жылмен салыстырғанда 24 млрд 300 млн текше метрге жетіп, 5 млрд 800 млн текше метрге көбейді. 2022 жылы теңіздегі су көлемі 18,5 млрд текше метр болған еді, – деді.
P.S. Дүниежүзілік Банктің Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық директоры Нагиб Вахба Самех «Арал дағдарысы» – Арал теңізі бассейнінде өмір сүретін 35 млн адамға әсерін тигізген адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптың бірі. Теңізді құтқару бастамасы халықаралық деңгейде қолға алынбағанда ХХІ ғасырдың басында Арал теңізі бүтіндей жойылар еді. Қазақстан Үкіметі ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» туралы тарихи шешім қабылдады. Аталған жобаны жүзеге асыруға Дүниежүзілік Банк 64 млн АҚШ долларын бөліп, ауқымды жұмыс жүргізілді. Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалумен бірге, өңірдің экологиялық және экономикалық жағдайы едәуір жақсарды» деген еді. Алдағы уақытта жоғарыдағы көрсеткіштер еселеп артып, теңіз халқының қуанышы айдын суындай шалқысын дейміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
Фото: www.gov.kz