ӘУЛИЕ БӘСЕЛЕК

Ал енді Көлімбеттің төртінші баласының Бозтай деп аталуының себебі мынадай. Жаз жайлауда болғанда бір үйір жылқысынан бір боз тай адасып, табылмай қалыпты. Сол кезде анамыз жүкті екен. Ай-күні жетіп, босанған күні әлгі жоғалған боз тайы табылып, үйірге келіп қосылған деседі. Содан атамыз баласының атын «Бозтай» деп қойыпты. Сол Бәселек пен Бозтай ағаларының малын бағып жүре беріпті. Інілерін үйлендіру, өзінше отау ету ағаларының ойына да келмейді. Бұған шыдамаған екеуі бір күні ақылдасып, бір түнде атқа мінгесіп, күннің батысы, яғни, Қызылжар, Аманөткелдің үстімен Қотанкөлдің басын айналып, сорғақта отырған матығұлдардың ауылына келеді. Ауылға келген бейтаныстарды ауыл адамдары «бұлар не істегелі жүрген балалар» деген оймен Нұрбай биге алып барады. Екеуінің барлық жағдайына қаныққан би екеуіне «осында болыңдар» деген екен. Сонымен екеуі жүре береді де, 2-3 ай өткен соң, Бозтай Қарақалпақстан жаққа кетіп қалады. Ал Бәселек матығұлдар арасына сіңісіп, Нұрбай би өз қамқорлығына алып, үйлендіріп, алдарына мал салып береді. Бәселек атамыз көріпкел, алдын болжайтын әулиелі болған адам деседі. Күндіз үйінде жатып, кешке қарай атын ерттеп кетіп қалады екен де, таң ата қара тер болып келеді де, жатып демалады екен. Бұл жағдай қайталана берген соң күйеуіне ренжіген әйелі жеңгелеріне айтып шағымданады. Хабар бірте-бірте Нұрбай биге де жетеді. Би Бәселекті шақырып, әйелінің шағымын жеткізеді. «Мен сені адам қылдым, алдыңа мал салып, үстіңе үй тіктім, әйел алып бердім. Бұл тірлігіңді қой» деп кейіс білдіреді. Осы оқиғадан 2 жыл өткен соң елде ауру-сырқау, мал өлімі көбейіп кетіпті. Ел іші шала бүлініп, сырқаудың сырын түсінбей әлекке түседі. Ауыл ақсақалдары жиында Нұрбай биге «бұл қалай, мал өлімі, ауру-сырқау көбейді» деп сұрақ қояды. Сонда сол жиынға қатысып отырған атамыз Бәселек Нұрбай биге қарап: «Мені осыдан 2 жыл бұрын істеп жүрген ісімнен бекер тоқтаттыңыз. Мен қызық құрып жүргенім жоқ еді. Түнімен ауыл-аймақты айнала шауып, жынперілерді қуып, жұртты қорғап жүр едім ғой» депті. Сонда Нұрбай би: «Ой, балам-ай, бұл ісіңнің төркінін түсінбеппін. Ендеше тоқтатпаймын, сол ісіңді жалғастыра бер» деп рұқсат етіп, батасын берген екен. Сол жиынға қатысып отырған өз туыстарына «Бәселектің ұрпағына еш қиянат жасамаңдар, матығұлдың кірмесі деп баспаңдар, өзінің атасының атымен Жақайым Көлімбеттің баласы деп құрметтеңдер. Егер мен көрде тыныш жатсын десеңдер осы өсиетімді орындаңдар» деген екен. Содан бері матығұлдармен өмір сүріп келе жатқалы шамасы 8-9 атаға жалғасып, 250-300 жылдан астам уақыт болыпты. Бәселек атамыз Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылынан Қаратерең елді мекеніне қарай шығатын жолдың бойында «Тораңғыл» деген жерде жатыр. Жергілікті халық ол жерді «әулиелі жер» деп тұсынан өтерде тоқтап, құрмет көрсетіп, Құран аяттарын бағыштайды.
Асқар ЖҰБАНЫШОВ