Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Лабубу: «ерекше» болудың символы

Лабубу: «ерекше» болудың символы

Қазіргі уақытта балалар түгілі, ересектердің де қызығушылығын арттыра білген ерекше ойыншықтардың бірі – лабубу. Бұл ойыншық бастапқы кездері сүйкімді кейіпкер ретінде танылса, бүгінде ол мәдениетіміздің бір бөлігіне айналғандай. Атаулы ойыншықтың танымалдылығы оның өзге ойыншықтардан ерекше дизайны, сонымен бірге мән-мағынасы мен адамдарға сыйлайтын эмоциясы болып отыр.
Лабубу – қиял-ғажайып кейіпкер екен. Оның көздері үлкен, құлақтары да ұзын және өзіне тән мимикасы бар. Ойыншық жұмсақ материалдан әзірленген, яғни оны қолмен ұстап, тіпті құшақтауға ыңғайлы. Ол алғаш рет қытайлық дизайнерлік топ «THE MONSTERS» сериясының бір бөлігі ретінде танылған. Лабубудың түр-әлпеті бастапқыда үрейлі көрінсе, ол өте мейірімді, көңілді әрі батыл кейіпкер. Ойыншық әдетте балаға қиял әлемінде еркін ойнауға, ал ересектерге балалық шақтың қызықты сәттерін еске түсіреді.
Бұл ойыншық Kasing Lung есімді суретшінің туындысы. Ол Гонконгта дүниеге келген суретші және өзінің қиял-ғажайып әлемін құру арқылы ерекше кейіпкерлер жасайды екен. Лабубу ойыншығын көптеген адамдар өздерін бейнелейтін мүсін ретінде қабылдап жатады. Яғни, оның түр-әлпеті сәл жабырқау, ерекше, бірақ жүрегі мейірімге толы болып келеді. Осы ерекшелігі арқылы ол жастар мен ересектер арасында танымал болуына себеп болды.
Лабубу ойыншығы маркетингтік сұранысқа ие. Шектеулі ғана тиражбен шығатын коллекциялық ойыншық адамдар арасында үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Оның кейбір сирек үлгілері өте жоғары бағаға сатылып келеді. Соңғы кездері түрлі әлеуметтік желілерде ойыншық туралы түрлі қауесеттер тарап отыр. Мәселен, оның қорқынышты сипаты немесе мистикалық шығу тегі жайлы әңгімелер өте көп. Дегенмен, шындығында, лабубу – тек шығармашылық фантазияның жемісі. Оның артында ешқандай да тылсым күш немесе қорқынышты оқиға жоқ. Ол тек өнер мен маркетингтің табысты тоғысуының мысалы.
Бұл ойыншық «ерекше» болудың символы. Ол – қоғамдағы қалыпқа симайтые бірақ өзінің ерекшелігін жоғалтпайтын тұлғаның бейнесі. Көп адамдар айтып өткеніміздей, оны өзінің ішкі сезімімен байланыстырады. Міне, бұл жай ойыншық емес адамға эмоциялық серіктес.
Шығармашылық көзқарас пен тұтынушыға бағытталған заманауи маркетингтік ойыншық көпшілік көзайымына айналып отыр. Ол арқылы біз тек сәнді трендке ілесіп ғана қоймай, ішкі жан дүниемізге жақын, мейірім мен жылылық сыйлайтын нәрсені табамыз. Лабубу – көңіл-күйдің символы, сонымен бірге армандардың тірі белгісі.
А.НҰРЛАНОВА
05 шілде 2025 ж. 61 0