Зейнетақы жинағындағы ақша неге өзгеріп отырады?

Портфель құрылымында теңгемен номинацияланған қаржы құралдарының үлесі – 58,3%, шетел валютасымен номинирленген қаржы құралдарының үлесі – 41,7%.
Ұлттық банктің BAQ.KZ тілшісіне берген мәліметіне сәйкес, қазақстандық қаржы нарығындағы инвестициялардың негізгі бөлігі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар (ҚР МБҚ). Олардың үлесі – 43,7% немесе 10,3 трлн теңге. ҚР МБҚ – еліміздің бағалы қағаздар нарығындағы ең сенімді және өтімді қаржы құралдары.
МБҚ-дан бөлек, зейнетақы активтері портфелінде Қазақстанның квазимемлекеттік және банк секторларының қаржы құралдары, сондай-ақ шетелдік нарықтағы инвестициялар бар.
Ұлттық банк зейнетақы активтерін тек салымшылардың мүддесі үшін және нарықтық қағидаттарды қатаң сақтай отырып инвестициялайды. Экономиканың нақты секторындағы жобалар қаржыға тікелей емес, сенімді эмитенттердің облигацияларын сатып алу арқылы қаржыландырылады. Олар – "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ және "Самұрық-Қазына ҰӘҚ" АҚ.
Аталған эмитенттер облигацияларды орналастырудан түскен қаражатты Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия мақұлдаған салаларға бағыттайды.
Бүгінгі таңда БЖЗҚ активтерінің "Бәйтерек" және "Самұрық-Қазына" облигацияларына инвестиция көлемі 651 млрд теңге болды, оның ішінде:
Көлік инфрақұрылымы – 173 млрд теңге, жылдық кірістілік 13%, мерзімі – 15 жыл (6 жылдан бастап 10%-ға дейінгі негізгі борыштың амортизациясымен);
Агроөнеркәсіптік кешен – 388 млрд теңге, жылдық орташа кірістілік 15,9%, мерзімі – 1 жылдан 5 жылға дейін;
Энергетикалық жобалар – 90 млрд теңге, инфляцияға индекстелген өзгермелі мөлшерлеме, мерзімі – 15 жыл (негізгі борыштың амортизациясымен).
Ұлттық банк аталған облигациялардың кең ауқымды инвесторлар арасында нарықтық шарттарға сай орналастырылатынын атап өтті. Шығарылым шарттары мен қаражатты мақсатты пайдалану тәртібі олардың проспектісінде көрсетіліп, Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланады.
БЖЗҚ активтері шетелдік нарықтарда АҚШ мемлекеттік облигациялары, дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар және акциялар сияқты актив кластарына салынады.
Валюта портфелі индекстік басқару негізінде жүргізіледі. Акциялар индексінде 1000-нан астам эмитент, ал корпоративтік облигациялар индексінде 7000-нан астам бағалы қағаз бар.
Инвестициялық табысты қандай тетік арқылы алып отыр?
Зейнетақы жинақтарының кірістілігін қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ салымшыларының қаражаты әртүрлі валюталар, елдер, секторлар мен эмитенттер бойынша акцияларға, облигацияларға, депозиттер мен басқа да қаржы құралдарына нарықтық жағдайларға сай инвестицияланады.
Бұл инвестициялар пайыздық сыйақы, дивидендтер және активтердің құн өсімі түрінде инвестициялық табыс әкеледі. Ол сосын БЖЗҚ салымшылары арасында бөлініп, олардың зейнетақы жинақтарын сақтауға және арттыруға мүмкіндік береді.
Алайда инвестициялық табыс тұрақты көрсеткіш емес және ол инвестициялық портфельге кіретін қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне, сондай-ақ шетел валюталары бағамының ауытқуына және басқа да факторларға (инфляция деңгейі, дивидендтер төлеу және т.б.) байланысты артуы немесе кемуі мүмкін. Бұл тәсіл инвестициялық табысты есепке алудың жалпыға ортақ халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді және басқарудағы барлық қаржы құралдарына қолданылады.
№49 Есепке алу қағидаларына сәйкес, БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) зейнетақы жинақтары алынған инвестициялық табысты ескере отырып, апта сайын және әр айдың соңында қайта есептеледі. Осылайша, жинақ сомасы үнемі өзгеріп отырады, - делінген ресми жауапта.
Фото: Нұрболат Нұржаубай