БАКУДЫ БАҒЫНДЫРҒАН БҮЛДРШІН

Айшаның мектеп өміріндегі алғашқы қадамы оның табиғи алғырлығын, білімге деген ерекше ынтасын айқындады. Даярлық сынып жетекшісіСалтанат Сайжанованың айтуынша, кішкентайынан-ақ Айша зеректігімен, сабақтағы белсенділігімен дараланып, құрбыларына үлгі болып өсті. Кейін Жұмагүл Қосымбаева апайдың бағытымен бастауыш сыныпта Сәнім Серікбайқызы ұстаздық еткен жылдары Айшаның бойындағы білімге деген құштарлық айқындала түсті. Әр тапсырманы ұқыптылықпен орындап, уақытты тиімді пайдалана білетін ол бір сәтке де ізденісін тоқтатқан емес. Отбасының жалғызы болса да, достарына қамқорлық танытып, қолындағысын бөлісе білетін мінезі ұстаздар мен ата-анасынан көрген тәлім-тәрбиесінен еді.
Оқу жылында мектепішілік, аудандықдеңгейдегі пәндік олимпиадаларда үздіктер қатарынан көрініп жүрген Айша жуырда халықаралық білім бәйгесінде де топ жарды. 2025жылдың 6 сәуірінде Zoom платформасы арқылы өткен 1–5 сынып оқушыларына арналған «FEMO INTERNATIONAL VII» халықаралық олимпиадасына Қазақстанмен қатар Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Германия, Беларусь, Сауд Арабиясы және Индонезия елдерінен жас өрендер қатысты. Сол байрақты додада Арал қаласының намысын қорғаған Айша І орынды иеленіп, Баку қаласында өткен финалдық кезеңге жолдама алды.
Әзірбайжан астанасында 31 мамыр мен 2 маусым аралығында ұйымдастырылған шешуші сын да жас арудың білімге деген ынтасын айқындай түсті. Әлемнің түкпірінен келген 400-ден астам үздік оқушылардың арасында жарысқан Айша халықаралық сертификат иеленіп, Қазақстанның мерейін тағы бір асқақтатты.
– Баку маған қатты ұнады. Сайыстың алғашқы күні абдырап қалғаным рас. Бірақ қаншама мықтының арасынан алғыс алып қайтқаныма қуаныштымын. Менің білімімді шыңдап, осындай үлкен байқауға қатыстырған Сәнім апайыма, ата-анама үлкен алғыс айтамын. Жаныма жақын жандардың қолдауы мен әрқашан биікке жетелейді, – дейді Айша.
Жас дарын тек білімде емес, өнерде де алға озып келеді. Ол облыс орталығында өткен «Ботақан» телевизиялық ән байқауының дипломанты атанып, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының үздік қорына енді. Сондай-ақ, «Үздік 100 оқушы» қатарынан көрінген ол республикалық журналға жарияланып, жақында ғана «Асыл Мұра» баспасының «Жыл үздігі» медалімен марапатталды.
Айшаның жетістігінің артында ата-анасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі тұр. Әкесі Рақымжан Райымбердиев мектепті үздік тәмамдап, бүгінде «Халық» ЖШС-інде қызмет атқарады. Анасы Сапаркүл Нұралиева – З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде көркемдік жетекші.
Айша әкесіне ұқсап жаратылыстану бағытындағы пәндерге ерекше бейім. Бастауыштан-ақ математикаға қызығушылығымен көзге түсіп, түрлі жарыстарға қатысып келеді. Қазір ол өз ұстаздарына риясыз алғысын білдіріп, «апайымның еңбегі мені әрқашан шабыттандырады» деп жиі айтады.
Кішкентай жүрегінде үлкен арманға орын берген Айша болашақта кино жұлдызы болуды қалайды.
– Болашақта әртіс болуды армандаймын. Қазақстанды Голливуд пен Болливуд сынды әлемдік деңгейге жеткізетін фильмдерде өнер көрсеткім келеді, – дейді ол.
Айшаның халықаралық жеңісі – бір ғана отбасының емес, бүкіл мектептің, туған өлкенің абыройын арттырған оқиға. Оның жетістігі жас ұрпаққа үлгі болып, Қазақстандағы білім беру жүйесінің әлеуетін көрсетіп отыр.
– Біз Айшадан зор үміт күтеміз. Ол еңбегі мен талпынысының арқасында талай асуларды бағындырады. Алдағы уақытта да сайыстарға қатысуына күш салып, қолдау білдіреміз, – дейді ұстаздары.
Шын мәнінде, білімге құштар жас өреннің жетістігі – елдің ертеңіне сенім, болашаққа берік қадам. Айшадай арманшыл, талапшыл ұрпақ барда қазақ жастарының көкжиегі кең, болашағы жарқын болары сөзсіз.
Г.САҚТАПОВА