Талап қоюды рәсімдеудің өзіндік тәртібі бар
Азаматтардың осы құқықты пайдаланып соттарға жүгіну көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді.
Азаматтық іс жүргізу сотқа талап қою арызын беруден басталады, яғни сотқа түскен талап қоюдың негізінде судья істі қозғап, әрі қарай оны мәні бойынша қарайды. Сондықтан талап қоюды азаматтық процестік заңнамада көзделген ерекшеліктерді ескеріп, онда көрсетілген талаптарға сәйкестендіріп берудің маңызды рөл атқаратынына аса назар аудару қажет.
Талап қою заңдылығы Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 14-тарауында айқындалған. Талап қоюды сотқа жазбаша не электронды нысанда беруге болады. Онда талап қою берілетін соттың атауы, талап қоюшы мен жауапкер туралы көрсетілуі тиіс мәліметтер, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні, талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны, бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер, талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ дауланатын ақшалай сомалардың есебі, талап қоюға қоса берілетін құжаттардың тізбесі сынды осы кодекстің 148-бабында айқындалған мәліметтер мен 149-бабында көрсетілген құжаттар қоса берілуі тиіс.
Талап қоюға талап қоюшы немесе өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Талап қою электронды нысанда берілген кезде ол талап қоюшының немесе өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
АПК-нің 151,152-баптарында талап қоюды қабылдаудан бас тарту, қайтару негіздері көрсетілген. Осыған орай, талап қоюдың нысаны мен мазмұны жоғарыда аталған заңнама талаптарына сәйкес келмесе және істі сот талқылауына дайындау сатысында кемшіліктерді жоюдың мүмкін еместігі анықталатын болса қайтарылады.
Статистикалық мәліметке сәйкес жыл басынан бері Арал аудандық сотының өндірісіне 1507 талап қою түссе, соның 109-ы осындай негіздерге байланысты қайтарылған.
Осы орайда, талап қоюды қайтару, егер талап қоюшы жіберілген бұзушылықты жоятын болса, сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі болмайтынын да білген жөн.
Байқағандарыңыздай, талап қою оның нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкестендіріліп берілген жағдайда ғана соттың іс жүргізуіне қабылданып, қаралады. Сондықтан талап қоюды рәсімдеу тәртібінің сақталуына мұқият болу қажет. Сонда ғана талабыңыз іс жүргізуге қабылданып, уақытылы және жан-жақты қаралатын болады.
Аудандық сот ғимаратының көрнекі жеріне арыз, талап қою үлгілері ілініп, кез-келген азаматтың танысуына, өз мақсатына орайластырып жазуына жағдай жасалынған.
Руслан Алдамбергенов,
Арал аудандық сотының төрағасы.










