Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ КӨМЕСКІЛЕНБЕСІН

КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ КӨМЕСКІЛЕНБЕСІН

Есірткімен күрес – мемлекеттің басым бағыттарының бірі болғанымен, адамды естен тандырып, елестің құшағына жетелейтін бұл зиянды затқа жастардың да, ересектердің де әуестігі әлі басылар емес. Санаңды сансыратып, жанды бір сәттік рахатқа бөлейтін анаша кейбіреулер үшін уақытша ләззаттың амалына айналса, енді біреулер үшін қара көлеңкелі табыс көзін құрайтыны жасырын емес. 
316 миллион
Зерттеушілер әлемдік деңгейде есірткі тұтыну соңғы онжылдықта ұлғая түскенін айтады. UNODC-тың соңғы есебі бойынша, пайдаланушылар саны әлемде шамамен 316 миллион адамды құрайды. Оған жаңа есірткі мен синтетикалық заттың тез таралуы айтарлықтай ықпал етуде. Сонымен қатар, кокаин нарығы, зиянды заттың өндірісі мен ұсталымы рекордтық деңгейге жетіп отыр. 
Ал денсаулық сақтау саласының халықаралық дерегі есірткіге байланысты жыл сайын жүз мыңдаған адам өлімін тіркейді. WHO-дың өткен жылғы жарияланымына сәйкес психоактивті заттардың әсерінен есептелген дерек жыл сайын шамамен 600 мың адамға жетеді. Бұл – жанама және тікелей салдарды, яғни жүрек-қантамыр жарақаттарын, жұқпалы ауруларды  және улану секілді зиянын қоса есептегендегі көрсеткіш.

41 тонна
Қазақстандағы нашақорлық мәселесі соңғы жылдары қоғам үшін аса өзекті әлеуметтік, медициналық және құқықтық қауіпке айналды. Есірткінің заңсыз айналымы, синтетикалық препараттардың жылдам таралуы, интернет арқылы жасырын сату арналарының көбеюі, сондай-ақ фармацевтикалық дәрілерге тәуелділіктің өсуі елде күрделі жағдай қалыптастырып отыр. Бұл мәселе жастар мен ересектердің денсаулығына, қоғамдық қауіпсіздікке, отбасы тұрақтылығына және ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етуде.
Соңғы жылдардағы ресми статистика нашақорлықпен байланысты жағдайдың ушығып келе жатқанын көрсетеді. БҰҰ-ның өткен жылғы есебіне сәйкес, елде 7 520 есірткіге қатысты қылмыс тіркелген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді. Сол жылы құқық қорғау органдары жалпы салмағы 41 тонна болатын есірткі заттарын тәркілеген. Оның ішінде, 74,1 кг героин, 1 025 кг хашиш, 7,6 тонна марихуана және 1,1 тоннаға жуық синтетикалық есірткі, сондай-ақ 81 заңсыз есірткі зертханасы анықталған.

Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында психоактивті заттарды қолдану бойынша бақылауда тұрған 108 851 адам бар екенін хабарлады, оның 18 243-і – нақты есірткіге тәуелді. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш шынайы жағдайдан 3-5 есе төмен болуы мүмкін екенін айтады. Себебі көптеген тәуелділер ресми тіркеуден қашады, ал жаңа синтетикалық заттар жылдам таралып, анықтау қиын болып барады. 
Бұған қоса, өазір «фармацевтикалық нашақорлық» деп аталатын құбылыс та кеңею үстінде. «Власт» журналы мәлімдегендей, «Тропикамид» секілді кейбір рецептілік дәрілерді жастар есірткі ретінде қолдана бастады. Нарколог Бахытжан Нұралиев мұндай препараттардың дәріханаларда еркін сатылуы тәуелділіктің жаңа түрін тудырып отырғанын ескертеді.
Есірткінің цифрлық форматта таралуы да басты мәселелердің бірі. Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов пен бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов интернет, Telegram-арналар, жасырын «stash»-нүктелер, криптотөлемдер арқылы жасалатын тарату механизмдерінің қауіпін бірнеше рет атап өткен юболатын. Бұл тәсілдер құқық қорғау органдарының классикалық құралдарымен күресті күрделендіреді, сондықтан ІІМ есірткі сайттарын анықтау және бұғаттау үшін жасанды интеллектті енгізіп жатыр.
Мемлекет бұл қиындықтарды жеңу үшін 2023-2025 жылдарға арналған «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын» бекітті. Жоспар бірнеше негізгі бағытты қамтиды: синтетикалық есірткі айналымын 2025 жылға қарай 20%-ға қысқарту, прекурсорларды тәркілеуді 15 есеге арттыру, интернет-дүкендерді бұғаттау көрсеткішін 30%-ға жеткізу, сондай-ақ сот сараптамаларын жылдамдату және оңалту орталықтарының жұмысын күшейту. Жоспар бойынша синтетикалық заттарға жүргізілетін сараптамалардың мерзімі 2025 жылға қарай 3 күнге дейін қысқартылуы тиіс. Сонымен бірге тәуелді адамдарды әлеуметтік-медициналық оңалтуға тарту үлесі 26%-дан 30%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

61,7%
Жастардың есірткіге қызығушылығы – бір ғана себепке тәуелді емес күрделі құбылыс. Біріншіден, биологиялық және жеке психологиялық факторлар есепке алынады: кейбір жасөспірімдер импульсивті, стресс пен депрессияға бейім болуы мүмкін, бұл оларға тәуекелдік әрекеттерге итермелейді. Екіншіден, отбасы үлкен рөл атқарады – ата-ананың қадағалауы жоқ болса, эмоционалдық қолдау төмен болса, жас қолданушылар тәуелденуге ұшырауы ықтимал.
Мысалы, ажырасқан адамдардың 61,7%-ы отбасының бұзылуына жұбайының нашақорлығы себеп болғанын айтқан. Демек, нашақорлық отбасы институтына да елеулі қауіп төндіріп отыр.
Үшіншіден, құрдастар мен әлеуметтік орта да әсер етеді: достары, әлеуметтік топтың «қабылдауы», «жаңа тәжірибе алу» ниеті есірткіге алғашқы қадамдарға алып келеді.
Төртіншіден, экономикалық және мәдени факторлар: жұмыссыздық, бос уақыттың құрылымсыздығы, әлеуметтік маргинализация – бәрі де есірткіні бақап көруге бала тәуекелін арттырады. Сонымен қатар, цифрлық медиа мен интернет те үлкен рөл атқарады. Қазіргі жастарәлеуметтік желілерде, мессенджерлерде есірткіжайлы жарнамалармен, «жаңа тәжірибе», «еркіндік» идеясын насихаттайтын контенттерменжиі кездеседі. Бұл контекстте онлайн-платформалар арқылы жеткізу, «романтизация» механизмі жастарды есірткіге қызығуғаитермелейді.
Қазақстанның географиялық орналасуы да назар аудартады: Орталық Азия арқылы өтетін транзиттік есірткі жолдары ел ішіндегі нарыққа әсер етеді. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық, сіресе Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен бірлескен жұмыс есірткі бизнесіне қарсы күрестің ажырамас бөлігі.
 
37 дерек
Есірткіге тәуелділіктің арты қылмысқа әкеліп соғуы мүмкін. Тұрақты түрдегі қолдануды қаржыландыру үшін кейбір жастар ұсақ қылмыстарға баруға, тонауға немесе тіпті есірткіні таратумен айналысуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, құқықтық салдар, яғни ұсталу, қамауға алу, сотталу жастарды қоғамнан шеттетіп, оқу немесе жұмыспен қамтылуын қиындатады. Есірткі нарығындағы қатынастар, әсіресе ұйымдасқан қылмыстық топтар, көп жағдайда қолданушыларды тасымалдаушыларға айналдырады, бұл жас адамды заңсыз әрекеттерге тартудың қауіпті механизмі. Қазақстанда да осындай әрекеттер халықаралық тәжірибемен үндесе отырып, қылмыстық жазағатартылатын жастар санының өсуіне әкеліп отыр.
Есірткі қылмыстарына қарсы күрес саласында Арал ауданында жалпы 10 айда 37 дерек анықталған. Бұл жөнінде Арал аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Қуанғалиұлы:
– ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша 31 дерек, ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша 2 дерек, ҚР ҚК-нің 300-бабы бойынша 4 дерек анықталып, сотқа жолданды. 
ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен яғни автокөлікті есірткі тұтынудың масаң күйінде басқарудың 2 дерегі анықталып, сотқа жолданды.
Қазіргі таңда, нашақорлықтың алдын алу бағытындағы шараларды қолға ала отырып, аудан көлемінде адамдар көп шоғырланатын орындарда және білім беру орындарында түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ауданымыздың білім, спорт және денсаулық салаларымен бірлесіп арнайы іс-шаралар атқарылуда. 
1 маусым 30 қараша ралығында өтіп жатқан «Қарасора» ЖПІШ кезінде жалпы қыркүйек айының соңына дейін 5 қылмыс, 16 теріс қылықтар тіркелді, Олардың 3-уі ҚР ҚК-нің 300-бабымен қозғалған қылмыстық істер. 1 – далалық аймақтан, 3-уі тұрғын үй ауладан. 
Сонымен қатар, қазіргі таңда есірткі зертханасын және есірткі өсірудің ірі мөлшерде анықтау бағытында жан-жақты жедел жұмыстар атқарылуда, – дейді.
 
«Нarm reduction»
Нашақорлықтың алдын алу үшін кешенді, жүйелі тәсіл қажет. Әлемдік тәжірибекөрсеткендей, ең тиімді тәсіл – мектеп, отбасы және қоғамды біріктіретін тұрақты стратегия. Мектепте өмір дағдыларын дамыту, сыни ойлау, эмоцияны басқару, тәуелсіз шешім қабылдау секілді білім беру бағдарламалары жастарды тәуекелден қорғайтын пайдалы құрал. Сонымен бірге, ата-аналарды бала тәрбиесі, коммуникация, бақылау саласында қолдау көрсететін тренингтер –эмоционалдық тығыз қарым-қатынас пен жауапты тәрбие зиянды тәжірибелердің алдын алады. Қоғам тарапынан бос уақытты ұйымдастыру, спорттық, шығармашылық бағдарламаларды дамыту, жастар орталықтарын ашу – сыныптан тыс белсенді өмір салтын қалыптастырып, тәуекел факторларын төмендетеді.
Психотропты тәуелдәләктен емдеудің қолжетімділігі де аса маңызды. Есірткіге тәуелді жандарға медициналық және психологиялық қолдау жүйесін құру, мотивациялық кеңес беру, топтық терапия, тәуелділіктен арылуға бағытталған бағдарламаларды дамыту арқылы оның алдын алуға мүмкіндік туады.
Елімізде бұл бағытта оңалту инфрақұрылымы да қайта құрылуда. 2016 жылдан бастап бұрынғы 47 наркодиспансер 17 өңірлік психикалық денсаулық орталығына біріктірілді. Қазіргі жоспардың бір бағыты – әр өңірде қосымша амбулаторлық және стационарлық көмек көрсететін бөлімшелер ашу. Дегенмен сарапшылар бұл инфрақұрылымның әлі де жеткіліксіз екенін, көп аймақта тәуелділерге психологиялық және әлеуметтік көмек беру орталықтарының тапшылығы бар екенін айтады.
Шетелдік «Зиянды азайту» (harm reduction) бағдарламалары – мысалы, медициналық интервенциялар, таз иглаларды алмастыру немесе қауіпсіз қолдану құралдарын ұсыну – аса маңызды компонент. Бұл тәсіл тіпті тәуелді жандарды инфекциядан, өлімнен және қылмыстық қатынастардан қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазіргі цифрлық ортада сандық платформаларға бақылауды күшейтіп, жас-тар үшін сенімді ақпараттық ресурстар мен қолдау желілерін дамыту талабы күшейді. Платформалар әкімшілері мен заң орындары интернет арқылы есірткі таратумен күресте белсенді серіктес болуы тиіс. Профилактикалық науқандарды, жасөспірімдерге бағытталған цифрлық білім беру контентін дамыту, онлайн консультациялар мен қолдау желілерін ұйымдастыру қажет.
 
Түйін: нашақорлық және есірткіге тәуелділік – қоғамдық қауіп. Бұл мәселе жеке, отбасы, қоғам және халықаралық деңгейде кешенді әрекет пен ынтымақтастықты қажет етеді. Қазақстанда да, әлемде де профилактика мен емдеуді нығайту, жастарды қорғау, сандық статистикаға қарсытұру – болашақ ұрпақтың амандығы мен әлеуетін сақтаудың маңызды шарты. Егер әрекеттер жүйелі әрі мақсатты болса, есірткіге тәуелділікке байланысты қауіпті айтарлықтай төмендетуге болады.

Гүлмарал САҚТАПОВА
20 қараша 2025 ж. 36 0