Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік мақтанышымыз!

Тәуелсіздік мақтанышымыз!

Сурет: stan.kz

Қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалған халқымыз бостандық, тәуелсіздік ұғымдарына жіті мән беріп, оны сақтап қалуды мәңгілік мұрат тұтты. 16 желтоқсан - тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына егемен ел болған күні. Бұл мереке 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдауынан бастау алады.Тәуелсіздіктің арқасында көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемен елдің рәміздері белгіленді. Тіліміз бен дініміз қайта оралып, елдігіміз танылды.
Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде Ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отыра, адам құқықтарын қорғайтын заңдарымыз қабылданды. Биыл мемлекетіміздің құқықтық-демократиялық даму жолында өркендеуінің бірден-бір ұйытқысы болған Конституциямызға 30 жыл толды.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихының жаңа парақта­рын ашқан еліміздің сот жүйесі көптеген іргелі реформаларды бастан өткеріп, бүгінде елімізде әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи сот жүйесі қалыптасты. Қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты.
Сонымен қатар, сот жұмысына жаңа заманауи ақпараттық технологиялар енгізіліп,  сала қызметінің жұмысы едәуір жетілдірілді. Ақпараттық технологиялар ең алдымен сот төрелігінің жеделдігі мен ашықтығын арттырды. Заман ағымына сай қолданысқа енгізілген «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі, «Төрелік» ақпараттық жүйесі кез келген уақытта соттармен барынша ыңғайлы байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Құқықтық мемлекет үшін адам құқықтарын сақтау –негізгі қағида. Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттарға айналды.
Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген сот жүйесі қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін Конституцияны басшы­лыққа алып, сот әділдігін жүзеге асыра бермек.

З.Сермағамбетова
Арал аудандық соты әкімшісінің басшысы.
11 желтоқсан 2025 ж. 252 0