Қалада да, далада да құрылыс, мұның бәрі өркендеуге бетбұрыс
«...Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дейтін сәтке де келдік. Азғантай уақыттан кейін жылан жылына қол бұлғап, кісінеген жылқы жылымен қауышамыз. Тақырыптың маңдайшасына жылжабар деп айдар тағуымыздың сыры да осында жатыр. Кім болса да жыл көлемінде не тындырғанын, нендей нәрсе бітіргенін екшейтіні ақиқат. Ендеше, әңгіменің негізгі ауанына көшейік... Қош. Тарих қойнауына енгелі тұрған бауырымен жорғалаушының түрі сұсты болғанымен, жағалау жұрты үшін жылылығымен келді. Әлемдік картада орны бар Арал ерекше қарқынмен өркен жайды. Кіндік қаным тамған жерге маңдай терім де тамсын деген ұстанымдағы Ақбастының төл перзенті Аманжол Сақыпұлы ауданның ажарын айшықтауға бар тәжірибесін жұмсап, баянды бастамалар мен толымды тірліктердің басынан табылды. Жарқын жобаларды жүзеге асыру жолында бір тынған жоқ. Арқа төсіндегі Астанаға сан мәрте барып, министрлермен бағыттасты. Сондай-ақ облыс орталығына жол тартып аймақ басшысы мен басқарма басшылары кеңесті. Қолға алынар игілікті істердің ел қажетіне жарауына атсалысты. Мұның бәрінен көкірегі ояу, көзі қарақты аудан халқы құлағдар.
2025 жыл. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арналып салынған 150 пәтерлік, 75 тұрғын үйдің кілті баспанаға мұқтаж жандарға берілді. Сондағы үлкен-кішінің қуанышын айтсаңызшы?! Бөркін аспанға атқан бұқара үйі бардың, күйі боларын сезініп, ертеңге деген сенімдерін маздатты. Сол жағымды жаңалыққа ұйытқы болған облыс әкімі айдынды Аралға табан тіреді. Бұл жолы да қуаныш, бұл жолы да шаттық. Тербенбес тауының баурайындағы халық саны жағынан анау-мынау аудандармен тең тұрғыны бар Сексеуіл кенті көгілдір отынға қол жеткізді. Темір жолдың торабындағы бұл мекеннің осы кезге дейін от жағып келгенін ескерсек, газ желісіне қосылуы жақсылықтың нышаны еді. Артынша кенттен қырық төсектік аурухананың лентасы қиылып, көпшілік қуанышында шек болмады. Сол күні мал шаруашылығымен атағы алысқа кеткен аудан орталығына жақын тұстағы Шижаға елді мекеніне де көгілдір отын беріліп, атқарушы билік ауыл адамдарының алғысына бөленді.
Мемлекет басшысының оң саясатын, үкіметтің ілкімді бастамаларын жүзеге асырудағы іскерлігі республикаға үлгі облыс әкімі осы жылы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінен «Келешек» мектебін пайдалануға беріліп, шәкірттер шаттанып, мұғалімдер бір марқайды. Заманауи үлгіде салынған білім ордасы озық ойлы өрендердің келешегіне даңғыл жол салатын бірден-бір орын екені аз уақыттың ішінде дәлелденуде.
Жағымды жаңалықтарды жіпке тізгендей етіп жеткізу журналистің бұлжымас міндеттерінің бірі емес пе? Жыл жігінде тұрып, «бәрекелді» дейтін табысты тірліктерге әңгіме барысында басымдық бермеу арға сын. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, жақсылықты қайталап айтудан әсте жалықпаймыз.
Тоқабай ауылы. Төрт түлігін өріске өргізген мұндағы жұртшылық облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының жұмыскерлік қабілетін жақсы біледі. Айтады, орындайды. Бұл жолы да ел соған көз жеткізді. Жұртшылық сұранысына сәйкес Тоқабай ауылында дәрігерлік амбулаториялық нысан ашылды. Аталмыш шараға Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары қатысты. Жаңа ғимаратта жергілікті тұрғындарға қажеттіліктердің бәрі қамтылып, ел саулығы үшін сапалы қызмет көрсетудің жолдары жан-жақты қарастырылды.
Бұдан бөлек, мұндағы ағайын үшін апаттық жағдайда деп танылған мектеп қайта тұрғызылып, тақтайдай тегіс асфальт жол төселіп, әр шаңыраққа шүмектеп сапалы ауызсу тартылды. Бұл жағымды жаңалық Қарақұм ауылдық округіне қарасты Ерімбетжаға елді мекенінде де көрініс тапты.

Қалада да, далада да құрылыс қарқын алған ауданда дария жағасындағы талайлардың алтын бесігіне баланған Аманөткел ауылдық округіне қарасты Ақшатау елді мекенінде көпшілік көптен күткен мектеп ашылып, шуақты шара жиналғандарды тәнті етті. Кешегі жатағандау келген ескі мектеп алыстан көз тартатын ғимаратқа айналды. Облыс әкімінің айрықша қолдауының нәтижесінде уақытылы еңсе тіктеген құрылыс 60 орындыққа шақталып, жеке кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асты. Мұның артынша аудан орталығынан алыс жатқан Ақбасты елді мекеніне ауыз су жеткізіліп, осындағы тұрғындар қуанышқа кенелді. Мердігерлердің асқан жанашырлығымен біткен құрылыс жұмысына үміттен гөрі күдік көп болатын. Олай дейтініміз кез-келген мердігер алыс ауылға су тарту тәуекеліне бара бермейтіні анық. Десек те қойылған талап, артылған міндет орындалды. Мал шаруашылығын өркендеткен ақбастылықтар аймақ басшысының теңіз ұлтанындағы тұрғындардың талап-тілегін ескергеніне алғаусыз алғыстарын айтты.

Мамыражай мамыр. Осы айда аралдықтардың арманына айналған теміржол үстінен салынған көпір пайдалануға берілді. Қолға қалам ұстаған үркердей ғана шығармашылық құрамның өкіліміз. Бір кездері «Көлік нөпір – керек көпір» деген тақырыппен мақала жазғаным бар-тұғын. Сең сетінеді. Өзекті мәселе күн тәртібіне қойылды. «Халық қаласа хан түйе сояды» деген емес пе? Өзекті мәселені көтерілді, билік керекті дүниені жасады. Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетінде көліктер кептелісі орын алып, әсіресе жедел жәрдем, өрт сөндіру машиналарына қиындық туындайтын. Ұзындығы 440 метрді құраған аспалы көпірдің екі жағынан жаяу жүргінші жолы жасалып, жарық шамдары орнатылды.
Аралда руханият саласы да назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысының тапсырмасы аясында аудан оталығындағы ат шаптырым аумақтан «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда зиялы қауым мен белсенділер жиі бас қосатын орталық үлкен диалогтың алаңына айналған. Орталықта музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы шоғырланған. Бұдан бөлек, ол жерде түрлі қоғамдық ұйымдардың жұмыс жасауына мол мүмкіндік бар.
Облыс әкімінің әр сапарынан аудан халқы жақсылық күтеді. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан жағалау жұртының қуанышына ортақтасып, өзекті деген мәселелердің шешімін табуына қолдау көрсететініне сенеді. Теңіз тереңінен су маржанын сүзген берекелі мекендердің бірі де бірегейі – Жалаңаш ауылы. Мергенсай ауылдық округінің орталығына аялдаған аймақ басшысы 150 орындық жаңа мектептің іргетасын қалаған-ды. Бүгінде жаңа нысанның жұмысы қарқын алу үстінде.
Ата заңымызда тайға таңба басқандай көрсетілген басты құндылық – адам. Сол себепті әрбір жанның саулығы бәрінен маңызды. Бұл тұрғыда Мемлекет барлық тетіктерді қарастырып отыр. Президент Жолдауынан туындайтын тапсырмалар шеңберінде облыс, аудан әкімдері де өз құзыретінше сауапты бастамалардың басынан табылып жүргені анық. Соның бір айғағы ретінде, Арал қаласынан «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Аталмыш орталықта Арал, Қазалы аудандарының мүмкіндігі шектеулі 900-ге тарта баласына медициналық көмек көрсету қарастырылған.
Иә, жаңа жыл! Қазақша жыл қайырымында жыл басы – Наурыз. Дұрыс- ақ. Исі мұсылман осылай дәріптейді. Дей тұрғанмен, дөңгеленген цифрлар алмасатын жаңа жылда ешкім алаңсыз қол қусырып отырмайды. Жаңа жылдан, жаңа таң мен күннен үміт күтеді. Жақсылық дәметеді. Қиялдайды, армандайды. Өмірде дәлелдеуді қажет етпейтін акциома осы.
Жыл аяғына таман облыс әкімі тағы мәрте Аралға табан тіреді. Жүйелі жұмыс жемісін беретінін жақсы түсінетін аймақ басшысы қаладағы 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін салтанатпен табыстады. Шадыман жұрттың батасын алды. Сосын Қамбаш ауылдық округіне бағыт бұрып, көл жағасындағы тұрғындар игілігіне көгілдір отын қосу рәсіміне қатысты. Тағы да жұртшылық алғыстарын жаудырды. Тастүбек елді мекенінің тұрғындарына да күні кешеге дейін зәру болған таза ауыз су ішу бақыты бұйырды. Оған облыстық маслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов пен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев барып, көптің қуанышына бөленді.
Ысылдаған жылан ығысып, тарих қойнауына сүңгігелі тұр. Жылқы мінезді исі қазақ үшін бұл жыл жақсылығымен келеді деген сенім зор. Жалпы, ер қанатына баланған жылқыға біздер сан теңеу айтамыз. Сәйгүлік, тұлпар, арғымақ, жүйрік, қазанат, пырақ деп атаймыз. Осының бәрі ат жалында ат жалында өскен, асауды тізгіндеген азаматтардың елеулі еңбегінің нәтижесі. Ендеше, арғымақ жылында Аралдың ажарын айшықтап, ата қоныстан алыстамаған қауымның шаңырағына бақыт ұялап, шаттық қонақтатсын. Мақсат жолында өлшеусіз еңбек еткен жерлестеріміз асулардан асып, биіктерді бағындырсын. Жүрек жарды лебізді патша көңілді оқырман құрметіне өлеңмен өрейін.
Уа, жаңа жыл!
Ырысты болғай келер күн,
Күллі Алаш жақсылық күтеді сенен мың.
Қазақтың мына іске асыр барлық дегенін,
Бірінші Алла, сонан соң өзің сенерім.
Уа, жаңа жыл!
Көрсет жұртыма оң қабақ,
Таныды бізді бүгінде төрткүл бар алап.
Дархан көңіл мен ынтымақшылығын бағалап,
Сақта елімді нәубет кезеңнен тайғанақ.
Уа, жаңа жыл!
Мерей сыйласын сағатың,
Әлем алдында арттыршы қазақ бағасын.
Отаныңның асқақ сан ұлтпен тапқан жарасым,
Жақындат жолын өркениетке қарай баратын.
Абай Елеш










