Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ердің ісін елі бағалайды

Ердің ісін елі бағалайды

Жаратқан ием әркімге әртүрлі тағдыр сыйлап пешенесіне жазатын болуы керек. Өйткені біреулер дүниеге келгеннен жолы ашық болып  қиналмай жетістікке жетіп жатады. Ал кей жандар тағдырдың соқпағын көп көріп, қиыншылықтарға тап болып өмір жолын түзетсе, екінші біреулер оған батылы жетпей ауырлықтың азабынан құтыла алмай жатады. Демек күреске толы өмірді сүру де оңай емес.

Осындай тауқыметті басынан өткерген Сахи Кенжебаев 1902 жылы Құланды ауылдық колхозында дүниеге келген. Ол ауыл тірлігіне ерте араласып, бар қиындықты елмен бірдей көріп, күні-түні бел шешпей еңбек етеді.
Батыстан төнген қауіп кезінде елім, жерім деп қаршадай кезінен қолына қару алған азамат майданға аттанған еді. Қиян-кескі шайқаста оқ пен оттың ортасында Отан үшін басын қатерге тіккен Сахи Татарстанның Ржев қаласында әскери іс-қимылға Алматы қаласында машықтанды. Талай рет жауменен бетпе-бет келді. Борап тұрған оқтың астында қасындағы достарымен бірге бөлімшенің түрлі тапсырмаларын орындай білді. Сөйтіп жау ұяларын талқандауға атсалысты. Артынша ұрыс даласына қаруластарымен бірге дұшпанның бетін қайтаруға бар күш-жігерін жұмсады. Снарядтар жарылып, оқ қарша жауған сәттердің бірінде аяғына оқ тиіп, ауыр жарақат алған майдангер госпитальде ұзақ емделеді. Мұнан соң денсаулығының жарамсыздығына байланысты елге оралды.
Туған жеріне келген соң да өзінің шынайы болмысымен, табанды ерлік қасиетімен өз замандастарына ерлік үлгісін көрсетті. Елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, қоғамды дамытуға атсалысты. Ер еңбегі – ерлік болса, оның өзі бақыт екені белгілі. Ол балықшы да, етікші де болып білек сыбанып еңбек етіп іскерлік қабілетін көпке дәлелдеді. Бақыт жолы тек еңбекте екенін өмірінің басты қағидасына айналдырды. Осылайша ерліктің үлгісін көрсете білген майдангер Сахи Кенжебаев отау құрып, бес баланың әкесі атанды, ұрпақ өсірді.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Майдангердің сұрапыл соғыста жүріп өткен жолы кейінгі буынға бейбіт өмір сыйлады. Сондықтан да мұздай жаңбыр тамшыларындай себілген қиындықтарды мойынсұнған, елдіктің тізгінін ұстаған Сахидай жайсаң жанның Отан басына күн туғанда жасаған ерлігі, бейбіт замандағы өлшеусіз еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
К. ЗДЕНОВА
06 қаңтар 2026 ж. 89 0