Конституциялық жаңғыру – қоғам сұранысы
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының өкілдері Сазды ауылына барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді.
Кездесуге коалиция жетекшісі Базарбай Төрахметов және мүшелері Талғат Қанатов, Дауренбек Мадинов, Нұрсауле Ембергенова, Еркебұлан Аяғанов, Нұрсұлтан Жорғабаев қатысып. тұрғындармен пікір алмасты
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар құжаттағы өзгерістердің қоғам өміріне ықпалына тоқталып, қазіргі кезеңдегі саяси жаңғырудың маңызын атап өтті. Әсіресе, геосаяси жағдай күрделенген уақытта мемлекеттік басқаруды жетілдіру, заң үстемдігін күшейту және азаматтардың құқықтарын қорғауды нақты тетіктермен бекіту қажеттігі айтылды.
Жиында жаңа Ата Заң адамның мүддесін басты орынға қоятын құжат екені ерекше атап өтілді. Яғни мемлекет азаматқа қызмет етуі тиіс деген қағида нақты көрініс табады. Бұл ұстаным халықтың әлеуметтік қорғалуын арттыруға, қоғамдағы әділеттілікті орнықтыруға және әр азаматтың өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына жол ашады.
Сонымен қатар Конституция жобасында ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау және ұрпақ сабақтастығын нығайту мәселелері қамтылғаны айтылды. Мұндай нормалар елдің рухани тұтастығын бекемдеп, жауапты әрі ашық мемлекет қалыптастыруға негіз болады деген пікір білдірілді.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Ақсақалдар ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің маңызын атап өтіп, бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Коалиция мүшелері халық пікірінің реформалардың басты тірегі екенін айтып, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
#АМАНАТ











