Ғалия АХМЕТҚЫЗЫ: ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ
Бүгінде елімізде зейнетақы жүйесін жетілдіру, азаматтардың жинақтарының сақталуы мен тиімді басқарылуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жылдан бастап енгізілген жаңашылдықтар, зейнетақы төлемдерінің мөлшері, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, сондай-ақ азаматтардың жинақтарын пайдалану мүмкіндіктері халық арасында жиі талқыланатын өзекті мәселелердің қатарында.Осы орайда зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен оның болашағы туралы кеңірек білу мақсатында «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының Арал қалалық қызмет көрсету орталығының басшысы Ғалия Ахметқызымен сұхбаттасқан едік.
– Бүгінде еліміздегі зейнетақы жүйесі әлеуметтік саясаттың негізгі тіректерінің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыру, зейнетақы жинақтарының сақталуы мен тиімді басқарылуын күшейту мәселесін үнемі атап келеді. Осы орайда, қазіргі зейнетақы жүйесінің құрылымы мен соңғы жылдары енгізілген өзгерістер туралы кеңірек айтып берсеңіз...
– Расында да, зейнетақы жүйесі – кез келген мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі. Өйткені адамның еңбекке жарамды кезеңі мен қарттық шағының арасындағы экономикалық байланысты осы жүйе қамтамасыз етеді. Қоғамдағы әрбір азаматтың ертеңгі күні алаңсыз өмір сүруі, зейнет жасында тұрақты табысқа ие болуы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты көрсеткіштерінің бірі саналады. Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіруге, оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Бүгінде елімізде көпдеңгейлі зейнетақы моделі қалыптасқан. Бұл жүйе үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Біріншісі – мемлекет тарапынан төленетін базалық зейнетақы. Бұл төлем азаматтың еңбек өтіліне қарай есептеліп, қарттық кезеңдегі негізгі әлеуметтік қолдаудың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Екіншісі – бұрынғы еңбек жүйесінен сақталған ортақ немесе ынтымақты зейнетақы. Бұл төлемдер 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар азаматтарға қатысты есептеледі. Ал үшінші, әрі бүгінгі күні ең маңызды бағыттардың бірі – жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл жүйе азаматтардың еңбек еткен кезеңінде өз табыстарынан аударған міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасады және олардың жеке зейнетақы шоттарында жинақталады. Осы арқылы әр адам өзінің болашақтағы зейнетақысын белгілі бір деңгейде өзі қалыптастыруға мүмкіндік алады.
Зейнетақы жүйесін дамыту бағытында соңғы жылдары бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Солардың ең ірілерінің бірі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының кезең-кезеңімен енгізілуі. Бұл тетік 2024 жылдан бастап іске қосылып, зейнетақы жүйесіне қосымша қаржылық қолдау әкелді. Бұған дейін зейнетақы жарналары негізінен қызметкердің табысынан ұсталып келсе, жаңа өзгерістерге сәйкес жұмыс беруші де өз қаражаты есебінен қызметкерлердің болашақ зейнетақысына үлес қосуға міндеттелді.
Жүйе бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіліп отыр. Мәселен, 2024 жылы бұл жарнаның мөлшерлемесі 1,5 пайыз болса, 2025 жылы 2,5 пайызға жетті. Ал 2026 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері қызметкер табысының 3,5 пайызына дейін ұлғайды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп өсіп, 2028 жылы 5 пайызға дейін жеткізіледі деп жоспарланған. Мұндай қадамның басты мақсаты – болашақ зейнеткерлердің табысын арттыру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын күшейту.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемдерін индекстеу саясаты да жалғасып отыр. Биылғы жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5 пайызға артты. Бұл өзгеріс әсіресе бұрыннан зейнетақы алып жүрген азаматтарға қатысты. Индексациялау – инфляция деңгейін ескере отырып, зейнеткерлердің табысын сақтап қалуға бағытталған маңызды әлеуметтік шара.
Мұндай қолдау шаралары мемлекет тарапынан зейнеткерлердің әл-ауқатын сақтау және олардың өмір сүру деңгейін төмендетпеу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Себебі зейнет жасындағы азаматтар қоғамның ең әлеуметтік қорғалуға мұқтаж топтарының бірі саналады. Сондықтан зейнетақы жүйесін жетілдіру, төлемдердің тұрақтылығы мен көлемін арттыру – елдің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
– Соңғы кезеңде зейнетақы қорындағы қаражатты басқару тетіктері жетілдіріліп, инвестициялық табысты арттыру бағытында бірқатар реформалар жүзеге асырылды. Президент тарапынан да бұл салада ашықтық пен жауапкершілікті күшейту міндеті қойылған болатын. Осы реформалардың нақты нәтижесі қандай және қарапайым салымшы оны қалай сезіне алады?
– Зейнетақы жүйесінің негізгі қағидаттарының бірі – жинақтардың тек сақталып қана қоймай, уақыт өте көбейіп, инвестициялық табыс әкелуі. Себебі зейнетақы – ондаған жыл бойы қалыптасатын ұзақмерзімді қаржы қоры. Егер бұл қаражат тек есепшотта сақталып тұрса, инфляция әсерінен оның нақты құны төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкелуі тиіс.
Осы бағытта соңғы жылдары бірқатар маңызды реформалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, инвестициялық портфельді әртараптандыру, яғни қаражатты әртүрлі қаржы құралдарына орналастыру арқылы тәуекелді азайту тетіктері жетілдірілді. Мемлекеттік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы ұйымдарының құралдары, сенімді корпоративтік облигациялар сияқты бағыттарға инвестиция салу арқылы активтердің тұрақтылығы мен табыстылығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар тәуекелдерді басқару жүйесі де күшейтіліп, инвестициялық шешімдердің ашықтығы мен тиімділігіне ерекше назар аударылуда.
Бұл жұмыстардың түпкі нәтижесін қарапайым салымшы өзінің жеке зейнетақы шотындағы көрсеткіштер арқылы көре алады. Әр азамат үшін ең маңыздысы – жинаққа есептелетін инвестициялық табыс. Егер инвестициялық табыс деңгейі инфляция көрсеткішінен жоғары болса, онда зейнетақы жинақтарының нақты құны сақталып, тіпті артып отыр деген сөз. Яғни салымшының қаржысы тек жиналып қана қоймай, уақыт өте көбейіп келеді.
Бүгінгі таңда цифрлық технологиялардың дамуы бұл процесті барынша ашық әрі қолжетімді етіп отыр. Әрбір азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіндегі өзінің жеке шотын онлайн форматта бақылап, жинақ көлемін, аударылған жарналарды және инвестициялық табысты кез келген уақытта көре алады. Бұл халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, азаматтардың өз жинағына деген жауапкершілігін де күшейтеді.
– Қазіргі таңда азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі қарастырылғаны белгілі. Бұл мүмкіндік қандай талаптар негізінде беріледі, жинақтың қанша пайызын және қандай жағдайларда алуға болады, сондай-ақ бұл шешім болашақ зейнетақы көлеміне қалай әсер етеді?
– Соңғы жылдары зейнетақы жүйесінде енгізілген маңызды жаңашылдықтардың бірі – азаматтардың өз жинақтарының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға пайдалану мүмкіндігінің берілуі. Бұл бастама қоғамда үлкен қызығушылық туғызып, көптеген азаматтардың тұрмыстық мәселелерін шешуге нақты қолдау болды. Әсіресе тұрғын үй мәселесін реттеу мен денсаулыққа қатысты шығындарды өтеу бағытында бұл мүмкіндік халыққа едәуір жеңілдік әкелді.
Қазіргі қолданыстағы тәртіпке сәйкес, азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалана алады. Мәселен, баспана сатып алу, ипотекалық несиені өтеу, бастапқы жарна төлеу немесе тұрғын үйді жөндеу сияқты қажеттіліктерге қаражат жұмсауға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар кейбір азаматтар бұл қаражатты қымбат медициналық ем-шараларға, операцияларға немесе арнайы емдеу түрлеріне бағыттай алады. Тағы бір мүмкіндік – жинақтың бір бөлігін жеке басқарушы инвестициялық компанияларға беру арқылы қосымша табыс табу жолдарын қарастыру.
Дегенмен бұл мүмкіндік белгілі бір талаптар мен шектеулерге негізделген. Ең басты талап – «жеткіліктілік шегі» деп аталатын көрсеткіштің сақталуы. Яғни азамат өзінің зейнетақы жинағынан белгілі бір соманы пайдаланғаннан кейін, жеке шотында болашақтағы зейнетақысын қамтамасыз етуге жеткілікті қаражат қалуы тиіс. Бұл талап азаматтың қартайған шағында ең төменгі деңгейден төмен зейнетақы алмауын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Сондықтан мұндай шешім қабылдамас бұрын әр азамат өзінің болашақтағы зейнетақы көлеміне қалай әсер ететінін мұқият есептеп алғаны дұрыс. Өйткені бүгін пайдаланылған қаражат – ертеңгі ай сайынғы төлемнің азаюына әсер етуі мүмкін. Бұл жерде басты қағида – бүгінгі қажеттілік пен болашақтағы әлеуметтік қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Осы тұрғыда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтарға арнайы онлайн қызметтер арқылы өз жинақтарының көлемін, жеткіліктілік шегін және пайдалануға болатын соманы алдын ала есептеуге мүмкіндік беріп отыр.
– Зейнетке шығу жасына қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Соңғы өзгерістер мен кезеңдік шешімдерге сәйкес ерлер мен әйелдердің зейнет жасы қалай белгіленіп отыр және алдағы уақытта бұл мәселеде қандай өзгерістер күтіледі?
– Бұл тақырып әрбір азаматтың өмірімен тікелей байланысты. Адамның еңбек жолы, денсаулық жағдайы, өмір сүру ұзақтығы, экономикалық тұрақтылық секілді көптеген факторлар зейнет жасын белгілеу кезінде ескеріледі. Сондықтан мемлекет бұл мәселені қарастырғанда әлеуметтік әділдік пен экономикалық мүмкіндіктер арасындағы мәселені бағдарлайды.
Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстанда ер азаматтар 63 жасқа толғанда зейнетке шығады. Ал әйелдердің зейнет жасы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен ұлғайтылып келген болатын. Алайда қоғамдағы пікірлер мен әлеуметтік жағдайды ескере отырып, мемлекет бұл үдерісті уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес бүгінгі күні әйелдердің зейнет жасы 61 жас деңгейінде белгіленіп, осы көрсеткіш белгілі бір уақытқа дейін тұрақты сақталып отыр.
Бұл шешім елдегі әлеуметтік ахуалды, халықтың тұрмыс жағдайын және еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып қабылданды. Әсіресе әйелдердің денсаулығы, отбасы мен қоғамдағы рөлі, сондай-ақ еңбек жағдайының ерекшеліктері сияқты мәселелер назарға алынды. Мұндай қадам мемлекет тарапынан азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Алдағы уақытта зейнет жасына қатысты саясат демографиялық үрдістерге, экономикалық даму қарқынына және халықтың өмір сүру ұзақтығына байланысты қайта қаралуы мүмкін. Дегенмен қазіргі кезеңде бұл бағытта күрт немесе шұғыл өзгерістер енгізу жоспарланып отырған жоқ.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы халық арасында түрлі сауалдар туындайды. Қор салымшылармен кері байланысты қалай жүргізіп жатыр, жинақтардың сақталуы мен табыстылығы жөнінде қандай түсіндіру жұмыстары атқарылуда?
– Шынында да, зейнетақы жүйесі әр азаматтың болашағына тікелей қатысты болғандықтан, бұл салаға қатысты сұрақтардың туындауы заңды құбылыс. Қазіргі таңда зейнетақы жинақтары, олардың сақталуы, инвестициялық табыс, төлем тәртібі сияқты мәселелер көпшілікті қызықтырады.
Бүгінде цифрландыру дәуірі бұл жұмысты айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Әрбір азамат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүйесіндегі жеке кабинетіне онлайн режимде кіріп, өзінің зейнетақы шотындағы барлық ақпаратты көре алады. Мұнда аударылған жарналар, инвестициялық табыс көлемі, жинақтардың жалпы сомасы сияқты мәліметтер толық көрсетіледі. Бұл азаматтарға өз қаржысын бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, зейнетақы жүйесінің ашықтығын да қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар қор салымшылармен кері байланысты бірнеше бағытта жүргізіп келеді. Байланыс орталығы арқылы азаматтар телефонмен кеңес ала алады. Бұдан бөлек ресми сайт, әлеуметтік желілер және онлайн-консультация қызметтері арқылы да тұрғындардың сауалдарына жедел жауап беріледі. Бұл арналар арқылы азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша нақты ақпарат алып, қажетті түсіндіру жұмыстарымен таныса алады.
Зейнетақы – ұзақмерзімді қаржылық жинақ болғандықтан, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осы мақсатта қор мамандары түрлі ақпараттық кездесулер, түсіндіру семинарлары мен ашық қабылдаулар ұйымдастырып келеді. Әсіресе өңірлерде көшпелі кездесулер өткізіліп, тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап беру тәжірибесі қалыптасқан.
– Жалпы алғанда, бүгінгі реформалар мен мемлекеттік қолдау шараларын ескерсек, Қазақстанның зейнетақы жүйесінің болашағына қандай баға берер едіңіз және азаматтар өз жинағын тиімді басқару үшін нені ескеруі керек деп ойлайсыз?
– Жалпы алғанда, соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан реформалар зейнетақы жүйесін біртіндеп жетілдіруге және оны әлеуметтік тұрғыдан әділетті әрі тұрақты етуге бағытталған. Сондықтан қабылданып жатқан өзгерістердің басты мақсаты – бүгінгі еңбек етіп жүрген азаматтардың ертеңгі әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Соңғы жылдардағы маңызды қадамдардың бірі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының енгізілуі. Бұл жүйе арқылы қызметкердің табысынан аударылатын міндетті жарналармен қатар, жұмыс беруші де қызметкердің болашақ зейнетақысына үлес қосады. Мұндай тәсіл жинақ көлемін ұлғайтып, болашақтағы төлемдердің мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зейнетақы төлемдерінің жыл сайын индекстелуі де зейнеткерлердің табысын инфляция әсерінен қорғауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
Бұдан бөлек, соңғы өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты – еңбек нарығындағы жаңа санаттағы азаматтарды әлеуметтік жүйеге тарту. Атап айтқанда, арнаулы салық режимдері енгізіліп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен шағын кәсіп иелерінің зейнетақы жүйесіне қатысуы жеңілдетілді.
Әрине, қандай да бір реформа нәтижелі болуы үшін мемлекет пен азаматтың жауапкершілігі қатар жүруі керек. Ең бастысы – әр адам өзінің болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Уақытылы зейнетақы жарналарын аудару, табысты жасырмау, жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың қозғалысын бақылап отыру – ертеңгі лайықты зейнеттің негізгі кепілі.
Ал зейнетақы жүйесі – әр отбасының ертеңгі тұрақтылығымен тығыз байланысты әлеуметтік институт. Сондықтан 2026 жылы енгізілген өзгерістерді халықтың әлеуметтік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған кезекті маңызды қадам деп бағалауға болады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлмарал САҚТАПОВА










