Қорымға QR код қондырған
Ол өзі қызық кісі. Осы мақаланың авторы мен сияқты туған ауылымен аттас. Анау бір жылдары қақаған қыстың аязды күндерінде жалаңаяқ жүргенін қырағы көзім шалып қалып, тосын әрекетін қағазға түсіргенім бар-ды. Артынша, әлгі жазбам аудан тұрмақ республикаға тарап, тақырыбымның арқауы Абай Әбішев танымал журналист марқұм Бейсен Құранбектің назарына ілініп, «Айтуға оңай» бағдарламасынан бір-ақ шыққан еді. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дегендей, тыңнан түрен салып, берері мол бастамалардың басында жүретін арқалы ағамды солай ардақтаған едім.Қош. Кіріспенің бас жағындағы сабақтаған сөз өткен күннің еншісіндегі нәрсе екенін пайымдап та отырған шығарсыз. Енді, бүгінгі, яғни дәл қазір баяндағалы тұрған әңгімені өрбітсек. Мақала басындағы тақырып айтып тұрғандай қорым басына QR код қондырған қырдың қазағы Абай Әбішев бұл жолы да көпке таңдай қаққызды. Жерлес әрі рухани сырлас болған апталдай азаматтан сыр суыртпақтадым. Қылқаламның шебері, Мәскеу қаласындағы Өнер университетінің түлегі Абай ағамыз ақтарыла сөйледі. Тың идея ойға қашан, нендей мақсатта келгенін сұрап жатырмын.
– Соңғы уақытта ата-бабасының қайда жерленгенін іздеген жандар көбейді. Олардың басым бөлігі сұрастырып жүріп, маған маңдай тіреді. Күнделікті күйбең тіршілікпен күн кешкен көпшілік өзінің қимас жандарының қай қорымда жерленгенін таба алмай қалатын дәрежеге жетті. Өйткені, құлыптастар мүжіліп, бейіттердің жермен-жексен болатыны жасырын емес. Зерттеу, қорымдарды анықтау оңайға түскен жоқ. Байырғы тұрғындарға сұрау салу, алыстағы туыстардан мәліметтер жинау сияқты жұмыстар тоқтаусыз жүргізіліп, ауыл маңындағы марқұмдар қатары толық болмаса да түгелге жуығы анықталды. «Лепес» қорымындағы құлыптас тұрмақ бейіттердің басым бөлігін көшкін құм басып алған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей келместің кемесіне мінген марқұмдардың бірсыпырасын анықтадым. Үлкен-кішінің қуанышында шек жоқ. Ұрпақтары код арқылы қысқаша мәліметтерге қаныққанда, қимасымен қайта қауышқандай әсерде қалғанын көрдім. Смартфонның заманы туды. Сол алақандай дүниеден әлемді көруге мүмкіншілік жасалды. Енді не тұрыс? Мен де қолдан келгенше теңізге құйған тамшыдай жерлестерімнің, жер-ана құшағында жатқан аяулыларының есімдерін жадыда жаңғыртып, санада сақталуына қолғабысымды тигіздім деп ойлаймын. Әзірше, бұл жұмыс бастамасы ғана. Алдағы күндерде зор ізденісті талап ететін игі іс жалғаса бермек, – деп жауап қатты.
Сыр өңірінің ең таңдаулы суретшілер қатарына енген ерекше адам қазіргі таңда жеке шығармашылықпен шұғылданып келеді. Нақтырақ тоқталсақ, №59 орта мектебінде орналасқан Абай ауылындағы Өлкетану музейін жасақтауға атсалысты. Санқырлы қабілетімен дараланған Абай Әбішевтің 1992 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия суретшілер көрмесінде жүлделі орын алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Елжанды азамат туралы «Стан» телеарнасы арнайы бағдарлама әзірлеп, деректі фильм түсірген.
Мұның бәрін не үшін тілге тиек еттік? Туған жерден шыққан талант иесінің өсіп-өнген жерінен ешқайда алшақтамағанының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Кіндік қаны тамған жерді ешнәрсеге айырбастамай болмыс-бітімін сақтай отырып, халыққа қызмет ету нағыз перзенттік парыз-тұғын. Басқаша көзқарастағы адам болса осындай дарынымен ірі қалаларға ірге салар еді-ау. Бірақ біздің кейіпкеріміз олай етпеді.
Иә, журналист деген қауымның жұмысының бір парасы жиналыстарға қатысып, оны ақпараттандыру. Сол бойынша насихат жұмыстарын жүргізу. Осындай кезекті бір басқосуда қала ішінде қорымдардың көбейгені төңірегінде сөз болды. Қысқасы, әлгі жиында біраз мәселе айтылды. Жауаптылар мінбеде көтерілген мәселенің маңыздылығын қаузап, шешілу жолдарын талқылады. Бұл енді болашақтың еншісіндегі бастама. Алдағы уақытта аталмыш шаруаның тігісі тарқатылатын жағдай туындаса, ең бірінші кезекте Абайдың Абайымен бағыттасып, қорымдарды да заманауи үлгіде етсе деймін.
Қорым басындағы ой деген өлеңім бар-ды. Орайы келгенде соны да мақалаға тұздық ретінде қыстырып қояйын.
Болған жоқпын мен әлі айтып толық,
Өлгеннен соң жабы мен пырақтар бір.
Әр моланың басында айшық болып,
«Мен кім едім» дегендей сұрақтар тұр.
Дәм-тұз бітсе, адам мәңгі жоғалар,
Байлар кетті...
Кетті қанша көп кедей.
Көз алдыма елестейді молалар,
Тағдырлардың соңындағы нүктедей.
Рас, өмір бар жерде өлім бар. Абай Әбішев ағамыздың сауапты ісі қаншама тағдырдың жүріп өткен жолын айқындап, кісілік келбетін көрсетудегі орны айрықша. Олай болса тыңнан түрен салып, өлгендерді қайта тірілткен, кюар код арқылы ұрпақтары алдында сөйлеткен жанның өлшеусіз еңбегін үлгі етсек, қанекей.
Абай ЕЛЕШ










