Ел саулығы – ең биік мұрат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауларында: «Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру – кезек күттірмейтін міндет. Дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегі лайықты бағалануы тиіс, өйткені олар – ұлт саулығының тікелей кепілі» деп атап өткен болатын. Расында, адам жанының арашасы бола білген мейіргерлердің еңбегі – ерен. Олар – науқастың көңіліне демеу, жанына жылу сыйлайтын мейірім шуағы.Осы орайда, біз Арал өңіріндегі «Абай» ауылдық емханасының тыныс-тіршілігіне арқау болып, талай жылғы тәжірибесімен ел алғысына бөленіп жүрген екі бірдей аяулы жан туралы сыр шертпекпіз.
Ұжымның мақтанышына айналған Гүлназ Мақашқызы Сейлова 1968 жылы Арал қаласында туған. Кейіпкеріміздің арманы бала кезден-ақ ақ халат кию болатын. Ол білім іздеп Ресейдің Бежецк қаласындағы медучилищені тәмамдап, еңбек жолын Тверь облыстық балалар ауруханасында бастаған. Жат жерде 7 жыл бойы шыңдалып, үлкен мектептен өткен маман туған жерге келіп, өз ауылының денсаулық сақтау саласына үлес қосуды жөн көрді.
Қазіргі таңда «Абай» ауылдық емханасында дәрігерге дейінгі бөлменің аяжаны болып еңбек ететін Гүлназ Мақашқызы үшін пациентке жәрдем беру – ең биік парыз.
– Көпшілік дәрігерге дейінгі бөлмені тек «өлшеу жүргізетін жер» деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл – емхананың «сүзгісі». Мен әр пациентті жылы жүзбен қарсы алуға тырысамын, өйткені адамдар бізге көбіне мазасызданып келеді. Маған өз жұмысымда ауруды ерте кезеңде анықтауға көмектесу ұнайды. Мәселен, кездейсоқ өлшенген жоғары қан қысымы немесе қант мөлшері адамды болашақтағы қауіпті асқынулардан сақтап қалуы мүмкін. Өз ісімнің пайдалы екенін сезіну маған күш береді, – дейді ол жұмысы турасында.
Ал Гүлмира Иманғалиқызы Сатаеваның еңбекке деген құштарлығы әкесі – балық зауытының білікті директоры болған Иманғали ағай мен көпбалалы ана Бибісұлу апайдың берген тәлім-тәрбиесінен бастау алады.Оның медицина саласындағы сапары 1987 жылы Қызылорда медучилищесіне түсуден басталды. Содан бергі 36 жыл – үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбектің кезеңі. Қызылорда қалалық №6 емханада басталған еңбек жолы Тоқабай елдімекеніне, аудандық балалар емханасына, физиотерапия бөліміне ұласты. Ширек ғасырға жуық уақытын Арал дәрігерлік амбулаториясына арнаған ол, 2022 жылдан бастап «Абай» емханасында жоғары санатты медбике ретінде қызмет етеді.
– Менің ұстанымым – тәртіп пен жауапкершілік. Жұмысты жоспармен атқарып, халықпен тіл табыса білу – медбике үшін ең басты қасиет, – дейді Гүлмира Иманғалиқызы.
Бүгінде жолдасы Ақниет екеуі Әлиханды, Әділхан, Ақан есімді балаларды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Гүлназ Мақашқызы мен Гүлмира Иманғалиқызы – «Абай» емханасының ғана емес, бүкіл медицина саласының айнасы іспеттес жандар. Олардың өткен жолы – кейінгі толқынға үлгі. Бірі отыз жылдан астам уақыт жергілікті жерде тер төксе, бірі халықаралық тәжірибе жинақтап келіп, ел игілігіне жаратып жүр.
Мұндай жандар барда ауыл медицинасының болашағы жарқын, халқымыздың денсаулығы сенімді қолда болмақ. Еңбектеріңіз елеусіз қалмай, ақ халаттарыңызды кір шалмасын, абзал жандар!
Г.САҚТАПОВА










