Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вирус өршіп тұр: Тағы бір круиздік лайнер карантинге алынды

Вирус өршіп тұр: Тағы бір круиздік лайнер карантинге алынды

Ambition лайнерінің бортында 1200-ден астам жолаушы мен 500 экипаж мүшесі бар. Кеме ер адамның өлімінен кейін карантинге алынды. Одан норовирус белгілері табылған. Тағы 50-ге жуық адам инфекция жұқтырған болуы мүмкін деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агнеттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Лайнер Францияның Бордо портында тоқтап тұр. Кемедегі адамдардың барлығы карантинге жатқызылды. Бұл жағдай норовирус (гастроэнтериттің өте жұқпалы түрі) белгілері бар 90 жастағы жолаушы қайтыс болғаннан кейін орын алды. Ауру құсу және диареямен сипатталады.

Францияның денсаулық сақтау министрлігі тағы 50-ге жуық адамда норовирус инфекциясының белгілері барын хабарлады. Үш жолаушы өз каюталарында оқшауланды, ал қалғандары портта жағаға шыға алмайды. Кемеде санитарлық және профилактикалық хаттамалар, соның ішінде дезинфекция жұмыстары күшейтілді.

Жолаушылар өз саяхатын 6 мамырда Шетланд аралдарынан бастаған болатын. Содан кейін кеме Бордоға келгенге дейін Белфаст пен Ливерпульге тоқтаған. Бордодан кейін круиздік лайнер Испания жағалауына бет алуы тиіс еді. Жолаушылардың басым бөлігі – Ұлыбритания мен Ирландия азаматтары.

Лайнер бортында жүргізілген жедел талдаулар норовирустың бар екенін растамады. Алайда Бордо зертханасында жаңа зерттеу жүргізіліп жатыр. Ол инфекцияның өршуін растауы немесе жоққа шығаруы тиіс. Ауру белгілерін тамақтан улану да тудыруы мүмкін деген болжам бар.

Сонымен қатар, билік өкілдері бұл жағдайдың сәуір айында басқа круиздік кемеде тіркелген хантавируспен байланысты болу ықтималдығын толықтай жоққа шығарды.
Фото: baq.kz
14 мамыр 2026 ж. 89 0