АЛТЫН ҰЯҒА ТАҒЗЫМ: ҮМІТТІ ҮКІЛЕГЕН ҰСТАЗДАРҒА АЛҒЫС
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді дана халқымыз. Бойымыздағы бұлақтың көзін ашып, көкірегімізге білім нәрін құйған алтын ұя мектебіммен қоштасып, қияға қанат қағар сәтте жүректі тербеген асыл сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық бірыңғай тестілеуден бағым жанып, 135 ұпай еншілеген сәттеең алдымен маған сенім артқан, шәкіртін өрге сүйреген аяулы ұстаздарыма бас идім. Менің бұл жетістігім – білім айдынында қажымай еңбек еткен ұлы ұжымның маңдай тері, еселі еңбегінің жемісі. Оқушысын шыңға шығарып, әр баланың бойынан болашақ тұлғаны көре білетін, мектебіміздің парасатты директоры Айтуған Сауяевтың біліктілігі мен білім ордасындағы темірдей тәртіп бізді әрқашан жауапкершілікке баулыды. Оқу процесінің тамырын дөп басып, әр сабақтың сапасына сергек қараған оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Сатыбалдиеваның талапшылдығы бізді ұшқырлыққа тәрбиелесе, рухани құндылықтарды бойымызға сіңіріп, адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстатқан тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар Жұмагүл Қосымбаева мен Бейбіткүл Қалыбекованың аналық қамқорлығы білім жолында шаршамауымызға демеу болды.
Білім әліппесін үйретіп, мектеп табалдырығын алғаш аттағанда мейіріммен қарсы алған бастауыш сынып мұғалімім Базаркүл Қалқымова апайымның орны мен үшін өте қымбат. Қолыма қалам ұстатып, таным көкжиегімді кеңейткен екінші анамныңшуақты бейнесі жүрегімде мәңгі сақталады.
Математиканың сиқырлы әлемінде адастырмай, сан қилы есептердің түйінін шешуді үйреткен Қарлығаш Раханова апайымның әр сабағы мен үшін логика мен тереңдіктің мектебі болды. Ал ойымыздағы ұлттық рухты оятып, сөз өнерінің құдіретін сезіндірген, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақниет Сердалиеваның әрбір бейнелі сөзі, мағыналы ойлары бізді шешендікке, ұлтжандылыққа жетеледі. Осындай асыл жандардың берген білімі маған сынақ сәтінде зор сенімділік сыйлады.
Ал менің тұлға болып қалыптасуымда, өмірлік бағдарымды айқындауда сынып жетекшім әрі тарих пәнінің мұғалімі Сайран Тоқанованың орны ерекше. Тарихтың қойнауына саяхат жасатып, өткеннен сабақ алуды үйреткен ұстазым әрі анамдай болған сынып жетекшім әрқашан жанымыздан табылды. «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, Сайран апай біздің сыныптың ғана емес, жүрегіміздің де алауына айналды. Сүрінгенде демеп, қуанғанда балаша шаттанған аяулы жанның сенімін ақтау мен үшін үлкен мәртебе.
«Ұстаздан шәкірт озар» дейді аталы сөз. Бүгінгі 135 балл – сіздер маған сыйлаған білім мұхитының бір тамшысы ғана. Мен өздеріңіз салған сара жолмен алға қарай нық қадам баса отырып, еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы азаматы болуға тырысамын. Төгілген тер, айтылған ақыл, көрсетілген қамқорлықтарыңыз үшін басымды иіп, мың алғыс айтамын! Қанаттарыңыз талмасын, ардақты ұстаздар!
Мирас ЖАҢАБАЙ,
Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің
11 «А» сынып түлегі









