Оңалту қызметтері әр пациент үшін қолжетімді
Медициналық оңалту – сауығу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі. Жарақаттардан, оталардан және ауыр сырқаттардан кейін пациенттер денсаулығын қалпына келтіріп, ағзаның жоғалтқан қызметтерін қайта жандандырып, күнделікті өмір салтына бейімделуі қажет. Бүгінде МӘМС аясындағы оңалту қызметтері мемлекеттік ұйымдармен қатар жекеменшік медициналық мекемелерде де қолжетімді.«Дертке дауа» клиникасында ай сайын медициналық оңалтудың үшінші кезеңінен 10-15 пациент өтеді. Солардың бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Манат Асанқызы. Ол тізе буынын эндопротездеу отадан кейін қалпына келтіру еміне жолданған.
- Менде үшінші дәрежелі артроз, диспансерлік есепте тұрамын. Ұзақ уақыт бойы аяқтарым қатты ауыратын. Отадан және оңалтудан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. МӘМС аясында мұндай көмекті толық көлемде және тегін алуға болатынына өте қуаныштымын, – дейді пациент.
Клиникада физиотерапияның және емдік дене шынықтырудың әртүрлі бағыттары бар. Пациенттердің басым бөлігі оңалтуға емханалардың жолдамасы арқылы, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы негізінде жіберіледі. Мамандардың айтуынша, МӘМС жүйесінің арқасында қалпына келтіру емі халық үшін айтарлықтай қолжетімді болды.
- Бұрын инсульт алған көптеген пациенттер қимыл-қозғалыссыз қалып немесе ағза қызметтерінің елеулі бұзылыстарына тап болатын. Қазір мұндай жағдайлар айтарлықтай азайды. МӘМС жүйесі медициналық оңалтудың барлық азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Соның арқасында пациенттер емді дер кезінде алып, сауығудың жақсы нәтижелеріне қол жеткізуде, – дейді дәрігер-реабилитолог Айгерім Ниязбаева.
2026 жылы Қызылорда облысының тұрғындарына оңалту көмегін көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан 4,1 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 3,5 млрд теңге тәулік бойы және күндізгі стационарлардағы медициналық оңалту қызметтерін қаржыландыруға бағытталған.








