Топ-баннер
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақындық пен ұстаздықты қатар ұстаған Айнагүл

Ақындық пен ұстаздықты қатар ұстаған Айнагүл

Әркімге туған жері Мысыр шаһары. Киелі Арал топырағы қашанда перзенттерімен мақтанған. Осынау айданды өлкеде балалық шақтың дәмін татып, қияға қанат қаққан ұл-қыздарымыз баянды болашаққа сеніммен көз тігіп, кемел келешекке зор үмітпен қараған. Біз тілге тиек еткендей дәлелдеуді қажет етпейтін акcиоманы ақиқатқа айналдырған жандардың бірі де бірегейі – Айнагүл Әбуова.
Ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Айнагүл жарты ғасырлық жолында талай асудан асып, биік белестерді бағындырды. Өлеңмен өрілген өмір оны өрге бастады. Аузына Алла сөз салған суырып салмалық қасиетімен дараланып, айтыстың ақтангерлері қатарынан табылды. Ақындық өнерге мектеп қабырғасынан машықтанған бойжеткен жыр додаларында топ жарып, өзін мойындата алды. Онан бөлек 1998 жылы Республикалық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінде І дәрежелі лауреат атанып, айтыс сахнасында Сыр бойының намысын қорғап, сөз зергерлеріне дес бермеді. Шығармашылық жолға шындап түскен ол бұдан бөлек ғылымды да қуды.
Нақтырақ тоқталсақ, ғылыми еңбектер жазып, шәкірт тәрбиелеуге айрықша атсалысты. Арманы асқақ, қиялы жүйрік жан еңбек жолын Арал қаласындағы Оқушылар үйінен бастап, аталмыш мекемеде үйірме жетекшісі, мәдени ұйымдастырушы әдіскер ретінде еңбек етіп, жас буынның алғыр болып бой түзеуіне алғаусыз үлес қосты.
Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша тәмамдаған кейіпкеріміз Педагогика ғылымдарының магистрі де атанды.
Қош. Оның шығармаларында Арал тағдыры, туған жер, адамдық құндылықтар, әйел болмысы кеңінен көрніс тауып, ойлы оқырмандарының жүрегінен әркез орын алды. Қадір Мырза Әлінің «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деген сөзін санаға сіңірген сұлу:
– Сенделіп себеп сұрама жаннан,
Орынсыз иіп басыңды.
Көмейге келіп құрала қалған,
Өлеңге төк көз жасыңды, – деп құдіретпен сырласуды әдет қылды. Ішкі сезімдерімен тек оңашада күресіп, бар мұңын ақ параққа таңбалады. Артынша құнды дүниелері арқылы танылған үстіне танылып, аға буынның бағыт-бағдарымен көкжиегін кеңейтті. Оңталап Нұрмаханов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Шымберген Сүлейменов және басқа да туған жердің маңдай алды ақындарын үлгі ете жүріп, руханияттың нағыз мықтысына айналды.
Исі қазақтың ардақтысы Фариза Оңғарсынованың батасын алып, «Шабыттан» шабыттанған ақын Серік Ыдырысовтай дарабоздың сенімінен шықты.
Иә, Айнагүл Әбуова жайында айтылатын әңгімені таңнан таңға жалғауға болар. Аралдағы қарашаңырақ №220 орта мектептің түлегі өзіне тән тұғырға көтерілді. Ата-анасының үкілі үміті, жерлестерінің мақтанышы атанған Айнагүл қазіргі таңда Сырдың бас қаласында. Әрдайым туған жер десе бүйрегі бұрып тұратын оған аралдықтар да тілеулес.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
30 маусым 2026 ж. 27 0