Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырлы әлемнің сырласы

Сырлы әлемнің сырласы

Жуырда №83 орта мектебінде аудандағы шығармашылық жолды таңдаған талант иелерімен кездесу өтті. Қаланың күншығыс бетіндегі білім ұясындағы шуақты шарада жыр оқылып, күй күмбірледі.
Нақтырақ тоқталсақ, ауданымыздағы өмірін өлеңмен өрген ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Абай Елеш жиналғандар алдында кешегісі мен бүгіні төңірегінде сөз сабақтап, шығармашылық жолды қалай таңдағаны жайында жан-жақты баяндады. Оқушылар арасында талантты өрендер көп болатынын ортаға салып, мектеп қабырғасында жүрген ұл-қыздардың болашағына зор сенім артты. Ол өз кезегінде ойды ұштап, қиялды дамыту үшін бала кезінде күнделік жазғанын ортаға салып, жеткіншектерді де осыған машықтануға шақырды.
Мұнан соң аудандық мәдениет үйінің қызметкері, «Көңілашар» халықтық үгіт бригадасының режиссоры, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Ерімбет Орынбасаров сөз алып, қасиетті домбыраны серік етіп, ұлттық құндылықты ұлықтап, мақтан ететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, домбырашы ұстаздар мен оқушылар алдында күй тартып, шара көркін әрлей түсті.
Еркін форматта өрбіген кездесуде ақындық өнер мен күйшілік өнер кеңінен насихатталып, кемел келешекке көз тіккен жастарымыздың қызығушылығын оятты. «Толқын» газеті бас редакторының орынбасары Абай Елештің «Сапар басы» атты кітабынан шәкірттер бір шоғыр өлеңді жатқа айтып, аталған кітаптан алған әсерлерін бояу арқылы жеткізді.
Кездесу қорытындысында мектеп директоры Шара Бекеева руханият жанашырларына мектеп ұжымы атынан риясыз алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады. Артынша кеш қонақтары да қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне және өнер бірлестігінің ұстаздарына ризашылықтарын айтты.
Мариямкүл ЖҰМАХМЕТОВА,
№83 орта мектеп зертханашысы
14 мамыр 2026 ж. 48 0