Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халаттыларға алғаусыз алғысым бар

Ақ халаттыларға алғаусыз алғысым бар

Қарттық, үлкендік – адамның ең бір кемел шағы. Әулетің, бала-шағаң әр күні қуаныш сыйлап отырады. Өткен күндер мен жылжыған жылдардың естеліктері жүрекке шуақ құяды. Кезінде еселі еңбек еттік. Енді міне, кешегі бейнеттің бүгін зейнетін көріп отырмыз.
Алайда қарттықпен қатар денсаулық та сыр бере бастайды екен. Неде болса, сырқаттанып, науқастанып қалсақ, жанымызда ақ халатты абзал жандар бар. Бүгін сондай медицина қызметкерлеріне аналық жүрегіммен алғаусыз алғысымды айтқым келіп отыр. Қиналғанда әл берген олардың еңбегіне дән ризамын.
Қазан айының басында I топтағы мүгедек өмірлік жарым аяқ астынан ауырып қалды. Өзімнің де саулығым сыр беріп тұрған. Содан дереу жедел жәрдемге телефон соқтым. Іле-шала жедел жәрдем де келді. Жан тері шығып, қысылып жатқан Әзекеңе келген қызметкерлер ем-домын жасап, ауруханаға жеткенше жүйесін салып, аудандық жұқпалы аурулар бөліміне жеткізді.
Ерлі-зайыпты екеуміз де аурухана төсегіне жаттық. Он шақты күннен соң денсаулығымыз қалыпқа келіп, отбасымызға оралдық. Біздің жақсы күйде оралғанымызға бала-шағамыз, немерелеріміз қатты қуанып жатыр. Ал біздің жанұямызға қуаныш сыйлаған жандарға алғыс сезімімізді қалайша білдірмейміз?!
Бізге ауруханаға жеткенше көмегін аямағандар Облыстық жедел медициналық көмек көрсету стансасына қарасты Арал қалалық жедел жәрдем бөлімшесінің 40-бригадасы екен. Бригада құрамында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар білікті фельдшер Нұржамал Бердібаева, кіші фельдшер Жансая Мұратқызы және жүргізуші Еркін Нұрлыбаев бар. Бір минут та тыным таппай, өз мамандығына шын берілгендігін көрсетті. Кейін білгенім, осы ұжымда 50-ден астам медицина қызметкері қызмет етеді екен. Сондай-ақ жұқпалы аурулар бөлімшесінің дәрігері Нұрболат Күлмашовқа, осындағы медбикелер мен тазалықшыларға қос қарттың атынан алғысымды жеткіземін.
Жанар БАРБОСЫНОВА,
еңбек ардагері
19 қазан 2026 ж. 122 0