МӘМС: оңалту арқылы белсенді өмірге оралу
Медициналық оңалту ауыр жарақаттардан немесе оталардан кейін қозғалыс қабілетін қалпына келтіруге, күнделікті өмірге оралуға және дербестігін қайта иеленуге көмектеседі. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған пациенттер өздеріне тиесілі медициналық қызметтер аясында оңалту көмегін ала алады. Бұл көптеген адамға қомақты қаржы жұмсамай-ақ қажетті ем қабылдауға мүмкіндік береді. Қызылорда теміржол ауруханасында пациенттер медициналық оңалтудың екінші және үшінші кезеңдерінен өте алады.Айгүл Ибраимова үшін тізе буынына эндопротездеу отасынан кейінгі қалпына келу үдерісінде медициналық оңалтудың маңызы зор. Ол кафель еденде тайып құлап, жарақат алған. Соның салдарынан хирургиялық ота жасатуға тура келген. Қазіргі таңда пациент тұрақты түрде оңалту емін қабылдап жүр.
«Медициналық оңалтудың барлық кезеңінен өтіп жатырмын. Жұмыс істемейтіндіктен, МӘМС жарналарын өзім төлеймін. Соның арқасында дәрігерлерге қаралып, қажетті тексерулерден, соның ішінде компьютерлік томографиядан өтіп, оңалту көмегін алудамын. Мұндай медициналық қызметтер айтарлықтай қымбат, сондықтан МӘМС жүйесі арқылы оларға қол жеткізу – үлкен көмек. Бұл денсаулығыма көңіл бөліп, қалпыма келуімді жалғастыруға мүмкіндік береді», - дейді Айгүл.
Нұрлан Сұлтанбаев та құлау салдарынан ауыр жарақат алған. Ол тайып құлап, ортан жілік сүйегінің басын зақымдап алғаннан кейін ота жасатып, кешенді медициналық оңалтудан өтуге мәжбүр болған.
«Отадан кейін медициналық оңалтудың барлық кезеңінен өттім. Бастапқыда біреудің көмегінсіз тұрудың өзі, тіпті отыру да қиын болатын. Оңалту емінің арқасында қимыл-қозғалысымды қалпына келтіріп, өз бетімше әрекет ету мүмкіндігім артты. Мен кәсіпкермін және МӘМС жүйесінде сақтандырылғанмын. Бұл — халыққақажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін, маңызды әрі тиімді медициналық сақтандыру жүйесі», - дейді Нұрлан.
Реабилитолог Гүлдана Айсынованың айтуынша, стационарда облыстың барлық ауданынан келген пациенттер қабылданады. Мұнда Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жолдама негізінде медициналық оңалтудың екінші және үшінші кезеңдерінен өтуге болады.
«Медициналық оңалту оталардан және ауыр аурулардан кейін пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Мысалы, екі тізе буынында да гонартроздың үшінші және төртінші сатысы анықталған жағдайда емдеу кезең-кезеңімен жүргізілуі мүмкін. Алдымен бір тізеге ота жасалады. Қажетті ем мен оңалтудан кейін екінші тізеге ота жасалады. Мұндай тәсіл қимыл-қозғалыс функцияларын біртіндеп қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұған МӘМС жүйесінің де ықпалы зор», — деп атап өтті дәрігер.
Осылайша, МӘМС жүйесі қажетті медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, оңалтуды денсаулықты қалпына келтірудің және толыққанды өмірге оралудың маңызды кезеңіне айналдырады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл Қызылорда теміржол ауруханасының медициналық оңалту қызметтеріне 192,5 млн теңгеге жуық қаражат бөлді.









