Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаздың ұмытылмас еңбегі

Ұлағатты ұстаздың ұмытылмас еңбегі

Ұстаз – деген «асыл» сөздің иесі,
Мектептің де, шәкірттің де киесі.
Алдарыңда әрқашанда құрметпен,
Шәкірттерің сыйынып басын иеді.
1960–1961 оқу жылында елімізде он бір жылдық мектептер ашыла бастады. Солардың бірі – Сексеуіл станциясындағы №423 қазақ орта мектебі еді. Тоғызыншы сыныптан бастап оқушыларға қосымша мамандық меңгерту қолға алынды. Ұлдардепода слесарь, токарь мамандығын игерсе, қыздартеміржолбойында оператор болуға дайындалды.
Жаңа оқу жылында екі сыныптан 29 оқушы қалған едік. Көпшілігі басқа оқу орындарына кеткен болатын. Бір күні сыныпқа мектеп директоры Райғани Сүлейменов ағай жаңа мұғаліммен бірге кіріп, бізді Қызылорда педагогикалық институтын математика-физика мамандығы бойынша бітірген Шыңғыс Дәуренбекұлы Айбосыновпен таныстырды. Ол біздің сынып жетекшіміз болды.
Ұзын бойлы, аққұба өңді, келбетті де сұсты ағайымыз алғашқы күннен-ақ бізге ерекше әсер етті. Оның бір қарасының өзі тәртіпке шақыратын. Қатал болғанымен, кешірімді, әрдайым әділдік танытып, шәкірттерінің сөзін сөйлейтін. Ағайдың тәрбиесімен сабағымызға жауапкершілікпен қарап, жақсы оқуға талпындық.
Мектепті аяқтаған 26 оқушының 23-і білімін жалғастырып, түрлі мамандық иесі атанды. Екі шәкіртіміз Мәскеудегі теміржол институтын, біреуі Алматыдағы медициналық институтты, үшеуі халық шаруашылығы институтын, екеуі зооветеринарлық оқу орнын, жетеуі педагогикалық институтты бітірді. Қалғандары да түрлі училище мен техникумдарда білім алды. Мектеп бітіргенімізге 25, 40, 50, тіпті 60 жыл толғанда бас қосып, өткен күндерді еске алдық. Сондай сәттерде ұстазымыздың еңбегін ерекше мақтанышпен еске аламыз.
Қазақта «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» деген нақыл бар. Ұлы ойшыл Әл-Фараби де ұстаз бойындағы білім, парасат, көрегендік пен адамгершілікті жоғары бағалаған. Осындай асыл қасиеттерді Шыңғыс ағайдың бойынан көрдік. Біз одан білім алып қана қоймай, мінезіне, жүріс-тұрысына, сөз саптауына қарап бой түзедік. Сондықтан ағай біз үшін өмір бойы үлгі болып қалды.
Шыңғыс ағайдың ұстаздықпен қатар, қаламгерлік қыры да ерекше. Алғашқы мақаласы 1959 жылы студент кезінде «Ленин жолы» газетінде жарық көрген. Кейін «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі», «Теміржолы», «Лениншіл жас», «Толқын» секілді басылымдарда еңбектері жарияланды. Ол еңбек адамдары, ұстаздар мен елге сыйлы азаматтар туралы тағылымды мақалалар жазып, олардың өнегелі істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етті.
Қолымда ағайдың 608 беттен тұратын «Қаламгерлік» атты кітабы бар. Ол маған 2014 жылғы 27 маусымда кенже баласы Жаушының үйлену тойына барған он екі шәкіртіне кітап сыйлаған кезде бұйырды. «Шәкіртім Түгелге, отбасың әрқашан түгел болсын» деп ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырған еді. Бұл кітап – ардақты ұстазымнан қалған қымбат естелік.
Кітапты оқып, ағайдың көркем тіліне, адам еңбегін бағалай білетін қаламгерлік шеберлігіне тәнті болдым. Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деген сөзінің мәнін терең түсіндім. Ұстазымаеліктеп, мен де анда-санда газетке ойларымдыжазыптұрамын.
1963–1967 жылдары Қызылорда қаласында бірге оқыған курстасым, ақын Зардан Салықбаев туралы «Жалағаш жаршысы» газетінің 80 жылдығына орай жазған арнау мақаласын оқып, ерекше қуандым. Бұл да – ағайдың қаламгерлік жолына деген мақтанышымды арттырған сәттердің бірі.
Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист Шыңғыс Дәуренбекұлы – қаламы қарымды, тілі көркем, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Біз үшін ол – білім берген ұстаз ғана емес, адамгершіліктің, әділдіктің және адал еңбектің жарқын үлгісі.
Мектебіміздің 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ал аяулы ұстазымыздың тоқсан жасқа толуы – шәкірттері үшін үлкен қуаныш. Осы мерейлі жасыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Алланың берген жасын балаларыңыз бен туған-туыстарыңыздың ортасында қуанышпен өткізіңіз. Мамыражай мамыр айында келетін туған күніңіз құтты болсын! Әр күніңіз абырой мен шаттыққа толып, ұрпағыңыз өсіп-өне берсін, ардақты ағай!
Ұстаздың ұлылығы – шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Сіздің тәліміңіз бен өнегеңіз бізбен бірге жасап, кейінгі ұрпаққа жол көрсете бермек.
Түгел ӘДІЛОВА,
еңбек ардагері
25 қазан 2026 ж. 25 0