ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА САБЫНЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Қара сабынның емдік қасиетіне келер болсақ шипагер мамандар «Көбінде кездесетін ілме, шетпеге де қолданылады. Қара сабыннан біраз қырып алып, баланың арқасын ысып тараймыз. Оны денеге жағып, біраз сіңіргенше сылап-сипаймыз. Сыртын табиғи, мақтадан жасалған шүберектермен орап тастаймыз. Сөйтіп, ет пен терінің ортасындағы желді кетіріп, шетпе, ілме болған адамдарды емдеуге болады. Түрлі тері аурулары, сиыр теміреткісі де ет пен терінің ортасындағы азықық жетіспеуінен, жүйке-жүйенің дұрыс жұмыс істемеуінен туындайды. Аурудың асқынбаған жағдайында қара сабынмен шомылдырып да, сырқатты құлан-таза айықтыруға болады» – дейді.
Сабын жасаған күн отбасы үшін үлкен мереке сынды. Бұл өзі михнаты көп жұмыс болғандықтан әрі кім көрінген жасай бермейтіндіктен, ауыл жұртшылығы кім сабын жасаса соған сәлем айта келіп, сабын қалап – сұрайтыны бар. Қазандағы сабынды үлкен шүберектерге әртүрлі деңгейде ораған соң, қазанның түбінде қалған азырақ бөлігін кішкентай ғып, әдемілеп домалақтап, балаларға сақтайды. Мұны бұзаушық деп атайды. Бұзаушық баланы шомылдырғанда істетіледі. Мынау сенің бұзаушығың деп, қыз балаларға меншіктеп беретін де дәстүр болған. Кейде көрші – қолаңның келіндері қасына жас баласын ертіп келетіндіктен, баласына арнайы бұзаушық жасап та беретін болған. Ауыл – аймақ сабын сұрап келсе, өзінен артылғанын беру дағдылы іс.