Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізі станциясы - күштеп қоныс аударушылар лагері

Арал теңізі станциясы - күштеп қоныс аударушылар лагері

Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Арал топырағы орыстар, украиндар , беларустар , татарлар, шешендер, корейлер, қалмақтар т.б.көптеген ұлттардың құтты қонысына айнала білді. Аралға олардың алғашқы легі 1867-1868 және 1886-1891 жылдардағы қазақ елін басқаруға арналған заңдардың қазақ жерін орыс мемлекетінің меншігі деп жариялап, оған ішкі Ресейден келіп қоныстанушылар. Екінші легі темір жол жүйесінің тартылып өлкенің байлығын жеделдете игеру үшін жүргізілгенде орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру саясаты кезінде аса қажет болғаннан келушілер. Үшінші легі Кеңес өкіметінің жаппай ұжымдастыру саясаты тұсында күштеп қоныс аудару жолдарымен келсе , төртінші легі Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациялық жолмен келгендер. Соның ішінде Арал теңізі станциясына 1930-шы жылдары қоныс аударушыларды орталықтан жырақта ұстау үшін жүргізілген эксприментті лагерьдің қайғысы мен қасіретінің әлі күнге дейін ашылмай келгендігі. 30- жылдардың басында КСРО- да жүргізілген «байларды тап ретінде жою» мен жаппай ұжымдастыру науқанын жүргізу саясаты - байлар мен шаруаларды лагерьлерге қамаумен қорқытып, ұжымдастыруға деген қарсылықты жою арқылы жаңа тың жерлерді игерудің нақты стратегиялық жоспары болатын. Бұл жоспардың Қазақстандағы 1931-1933 жылдарындағы аштық туралы тоталитарлық жүйе тұсында ауыз ашуға тиым салынып, асыра сілтеу, колхоз құрылысын ұйымдастырудағы партия жолын бұрмалаушылық деп айтылып келді.
Архив деректерін алға тартатын болсақ 1930-1933 жылдары Қазақстанға күштеп қоныстандырылған шаруалар саны 317 мың адам, шекаралас аудандардан қашып келгендер саны 150-175 мың отбасы болды. Жер аударылған шаруалардың шоғырлануы жағынан Қазақстан Урал мен Сібірден кейін үшінші орын алды. Кейбір мәліметтер бойынша Қазақтанға 6765 отбасы жер аударылған, республикадан 5500 отбасы шығарылған.
Еңбекке тартылған қоныстанушылардың құқықтық мәртебесі: оларды тіркеп, аймаққа жатқызып, ауылшаруашылық өндірісіне немесе орман шаруашылығына бекіту болды. Арнайы көшірілгендер еңбекпен , азық-түлік мәселесінде еркін жалданушы жұмысшыларға теңестіріліп, медициналық және әлеуметтік көмек, білім алуға құқылы болды. Бірақ оларға тұрақты мекен жай, жұмыс таңдауға, поселке шекарасынан тыс комендатура рұқсатынсыз шығуға тиым салынды. Билік қоныстанушылардың санаттарын белгілеп (кулактарды 3 санатқа бөлуге байланысты олар тұтқындалды, лагерьлерге отырғызылды, ерекше жағдайда жазалаудың ең жоғарғы сатысы атылуға немесе алыс аудандарға жер аударылуға, колхоз аумағынан алыстатуға бұйырылды), мүліктерін тәркіледі.
Арал ауданы 1921 жылы Поволжье мен Уралдағы аштыққа ұшырағандарға 14 вагон балық жөнелтіп туысқандық көмек көрсеткені белгілі . Міне сондықтан да Арал теңізінің қоныс - қолтығы Кеңес өкіметінің саясатына қарсы келушілерді, кулактарды 3 жыл сотты болғандарды Ресейдің орталық бөлігінен алыстату мақсатында жіберетін лагерлердің бірі ретінде таңдалып алынды. Бұл туралы КСРО өкіметінің 1929 жылғы 27 шілдедегі шешімінде шығыс пен сібір аймақтарының табиғатын игеру үшін жіберілетіндердің категориялары жөнінде көрсетіледі.
БКП(б) Қазақ өлкелік партия комитетінің 18 ақпан 1930 жылғы жиналыс хаттамасында Волленбергке екі апта уақыт ішінде 2000 бай-кулактардың жанұясын Арал теңізі жағалауына қоныс аудару және олардың орналастыру маршрутын дайындау туралы тапсырады.
БКП(б) саяси бюросының 20 ақпан 1930 жылғы «Мешеу қалған ұлттық экономикалық аймақтардағы ұжымдастыру және бай-кулактарға қарсы күрес» туралы №49 қаулысына жауап ретінде Қызылорда ОГПУ өлкелік бөлімінің аса құпия құжаттарында Арал қаласында 4000 мың адамға 20 барак үй; 22 ақпанға 5000 адамға арнап 25 барак үй дайындалатыны көрсетілген. Бұл жерлерге балалар мен қарттарды орналастыру көзделген. 20 ақпанда Көкаралда 4000 адамға 20 барак, 25 ақпанға 30 баракқа 6000 адамды орналастыру жоспарланған . Қоныс аударушылар орналасқаннан кейін кем-құтық жерлеріне жөндеу жұмыстарын өздері жүргізеді.
25 ақпанға Көкаралға апаруға 300 киіз үй жергілікті тұрғындардан жалданып, онда 2500-3000 адамды орналастыру көзделуде. Осы іс-шараны жүргізгенде 12000-13000 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады. Барлық құрылыс шығындары мен орналастыру КазАРСО-ға жүктеу міндеттелген.
Енді осы қоныс аударушылардың арасынан балық кәсіпшілігімен айналысатын байларды тәркілеу жүргізгенін де көруімізге болады. Арал ауданы архивіндегі балық комбинаты құжаттарынан 14 наурыз 1930 жылғы «Ұялы» жолдастық серіктестігі кедейлерінің өткізген жиналыс хаттамасында байларды анықтап олардың балық аулау құралдары мен мүлкін тәркілеу туралы қаралып, төмендегі кулактарды тәркілеуді сұраған : Борзиков Николай, Малоземов Равил, ағайынды Нефедровтер, Хорчин Марк, Ағайынды Овчинниковтер, Подлипалин Поликарп, Артемий и Леферий Бакадшиндер, Изюмников Дорофей, Першин Иван, №4 ауылдан Жұмажан, Умаров Атай, Асанов Роман, Зайцев Георгий, Павлов Викул, Донской Григорий, Календарева Мария, Першин Терентий, Шишонков Николайларды тәркілеу арқылы аштыққа ұрындыру, балық кәсіпшілігімен айналысып отырған халыққа тыйым салуды әдейі ұйымдастырғанын көреміз.
БКП(б) Қазақ өлкелік партия комитетінің 30 наурыз 1930 жылғы қаулысымен Қазақстан бойынша күштеп қоныс аударылғандардың Арал теңізі станциясына - 1257 шаруашылықтан 7105 адамның жіберілгені жазылған. Сонан қабылдау , орналастыру пунктеріне 1341 шаруашылықтан 7535 адамның келгені көрсетіледі. Оның ішінде: ер адамдар-1998, әйелдер -2029, 16 жасқа дейінгі 3508 балалар деп көрсетілген. Көкаралға жұмыс істеуге 1091 ер адам, Құландыға 448 барлығы: 1539 адам жіберілген.
Ал енді 22 сәуір 1930 жылғы Қызылорда өлкелік атқару комитетінің төрағасы Замковтың Каз АКСР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы У. Исаевқа «Арал теңізі станциясындағы концлагердегі арнайы қоныс аударушылардың орналасуы мен қиын жағдайлары» туралы жолданған хатында Арал қалалық кеңесінің хабарлауынша концлагердегі күштеп қоныс аударушылардың жағдайы мүлде төмен екендігі, барактардың жетіспеушілігі, тұрғындар арасында санитарлық талаптардың жоқтығы, ауыз судың жетіспеушілігі айтылады.
10 сәуірге дейін Аралдағы концлагерде 30 баракта 6340 адамның нарларда орналасқаны туралы санитарлық дәрігер Смайловтың жазбаларында жазылған.
ОГПУ-дың Каз. АКСР бойынша көмекші прокуроры П.Г. Столбовтың КазАКСР-інің прокурорының орынбасары Я.М. Гринбергке «Арал теңізіне жер аударылғандардың жағдайы» туралы 27.09. 1931 жылғы жазба мәліметі бойынша Арал теңізіне қоныс аударылған(1600) адамның Арал қаласындағы тұрмыс жағдайларының мәз емес екендігі көрсетіледі.
Өлкелік комитеттің 17 тамыздағы ұсынысы мен Өлкелік комитеттің 28 тамыздағы қаулысы негізінен орындалмаған. Комендатураның айтуы бойынша АралСо мен Мемпороходтағы жұмысшыларға айлық төлеу 2-3 айға кешіктіріліп берілген. Ағымдағы жылы әрбір жанұяны үй құрылысымен қамтамасыз ету қарқыны төмен дәрежеде жүргізілуде.Аудан орталығындағы барактарда қоныс аударушылар бірнеше ондаған жанұямен тұруда Күзгі қара суықтың келу қарсаңында екі барактың осы күнге дейін жылу, пеш салынбаған, қабырғалары шұрық-тесік деп көрсетеді.
Ақтөбе облысының ОГПУ-дің 25.10.1932 жылғы «Арал теңізінің 19 комендатурасында көшпенділердің жағдайы туралы» мәліметінде 4294 көшіп келушілердің 1368-і ер адамдар, 1324-і әйелдер, 602 балалардың Арал ауданының 11 елді мекенінде орналастырылғаны көрсетілген.
Олар: Арал қаласында -1227; Көкаралға -611; Құландыға -612;Возрождение аралына-888; Аванға-346; Қазақ- дарияға -176; Ұялыға -103; Ма-постқа -101;
Ұзынқайырға -73;Қаратеренге-97 Бөгенге-60-ы орналастырылған.
Күштеп көшіріп келгендер арасында жағдай өте қиын болды , оларға күндік 1000 грамның орнына 800 , жұмысшыларға 800 грамның орнына 500 грамм нан беріліп отырған.
«Арал ауданының экономикалық шолуы» тақырыбындағы құжаттарында Арал ауданында 1932 жылы 55335 халық тұрған болса , соның 11954-ін (21%) әртүрлі ұлт өкілдері құраған. Бұл жерде Арал ауданына 1930-33 жылдар аралығында 15000 мың адам қоныс аудару және көшіп келу арқылы келгенін аңғаруымызға болады.
Міне 30-жылдардағы Арал ауданына күштеп қоныс аудару, тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын сүргін кезіндегі негізсіз жазалау шаралары жекелеген адамдар емес жекелеген халықтар үшін қолданылған шара еді. Күштеп қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды. Депортациялық саясаттың қатал жағдайында Арал топырағына мылтықтың ұшымен көшіп келген халықтардың жан сақтауы тек жергілікті халқының туысқандық көмегінің арқасында ғана мүмкін болды. Олар өздері қиыншылықта өмір сүре отырып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен халықтарға ең қиын сәттерде қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсетті.
Болат Қуатов
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
Арал аудандық филиалының басшысы
12 маусым 2020 ж. 1 651 0