Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданындағы панасыз балалар үйі

Арал ауданындағы панасыз балалар үйі

ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы Кеңес өкіметі орнауы, тамыры тереңге жайылған ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінде саяси өзгерістер мен нәубет жылдары арқылы жазылып қалғаны анық. Бүкіл Қазақстанды қамтыған сол бір зұлмат зобалаңнан сырт қалған ауыл жоқ десек, бір ғана Арал ауданының бастан өткерген қияметі арқылы көп жайды, сол жылдардағы архивтік деректер арқылы аңғаруымызға болады. Әсіресе, сол жылдары өмірге келген сәбилердің қиын тағдыры, ғасыр басындағы аласапыран заманға тап келіп, ішерге ас, киерге киім таппай сергелдеңге түсті. Аштан қынадай қырылып, адам етін жегендерді, суықтан баспана таппай үсіп өлгендерді оқығанда тұла бойың шымырлап, тарихтың қатал заңына мойын ұсынған ата-аналарымыздың өмірлеріне қайранқаламыз.
Кеңес өкіметінің Арал ауданында алғаш орнағанынан бастап күштеп қоныс аудару, тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын-сүргін кезіндегі негізсіз жазалау шаралары жекелеген адамдар емес, жекелеген халықтар үшін қолданылған шара еді. Күштеп қоныстандырудың зардабы өлшеусіз еді, оны басынан өткізгендер ешқашан ұмытпайды.
1921-1922 жылдары облыстар мен уездерде ашығып, қаңғып кеткен балаларды балалар үйіне орналастыру, әлсіреп жүре алмай қалғандарға дәрігерлік көмек көрсету, балалар үйіне жеткілікті мөлшерде азық-түлік бөлгізуді қадағалап отыру үшін аштыққа ұшырағандарға төтенше көмек көрсету комиссиясының (Компомгол) құрамына ауданнан бір өкіл енгізілді.
Ата-аналарынан айырылып жетім қалған, асыраушысы жоқ балалардың көбеюі қосымша балалар үйлерін, жетімханаларды ашуды талап етті. Міне, осындай жетім балалар үйі барлық облыстарда болған. Алайда босқан, қаңғыған балалардың бәрін орналастыру мүмкін болмаған. Сондай мысалдардың бірі – Арал ауданындағы панасыз балалар үйінің үш рет ашылып, кейбіреуі жыл болмай қайта жабылғаны.
Алғашқы ашылуы 1920-1921 жылдарғы аштық кезінде ауданға Орталық Ресей аумағынан көшіп келушілер мен «Барсакелмес» аралына жер аударылғандардың балаларының келуі және темір жол бойына ауып келгендер (Сексеуіл ст.) кезінде жетім балаларды уақытша ұстап тұру кезінде панасыз балаларға көмек көрсету орталығы (пункті) болып ашылып, қаржы тапшылығынан жабылған.
Оған дәлел, Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қорындағы Перовск қалалық атқару комитетінің 1921 жылғы 16 қарашадағы №3953 хатының үзіндісінде Сырдария облыстық қалалық атқару комитетінен Перовск Атқару Комитетіне берілген нұсқауда: «Ашыққандарға арнап əртүрлі мəдени шаралар өткізіліп, онан түсетін салықты ашыққан 16 жасқа дейінгі 3508 балаға көмек беру» көзделген.
Босып, қаңғып кеткен балалар ауыл-ауылдарды аралап, тіске басар талғажау іздеп теміржол бойындағы бекеттерді жағалап кетті. Осы жылдары Арал өңірінің тумасы Алаш арыстарының бірі Ғани Мұратбаев Ташкентте мұғалімдер учелищеcінің оқытушысы болған кезде ол жетім балаларды қанатының астына алып, олардың интернатқа орналасуына ықпал жасайды. «Бұларды тәрбиелеу керек, келешек игі істердің талайы осылардың қолымен шешілмек. Бұлардан еңбекшілер сенімін толық ақтайтын іскерлер тәрбиелеп шығуымыз керек» деп, алдына биік мақсат қойған Ғани көптеген қиындықтарды жеңе білді. 1920-1923 жылдары Ташкентте жетім балалар үйі ашылды. Ғанидың көмегінің арқасында оқытушыларды қайта даярлау курсына Ташкентке барған Каюп Тортынбаев қарап жүрмей, бір-жар алғыр шәкіртін қасына алдырады. Сөйтіп 1920 жылы он бес жасар қамбаштық комсомол мүшесі Шақпақ Артықбаев бүкіл Орта Азия жастарының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаевпен Ташкентте алғаш рет жүздесті. Білім биігіне біржола бет бұрып, В.И. Ленин атындағы Орта Азия коммунистік университетінде оқуына ұлы тұлғаның көмегі тиді. Кейін республиканың танымал азаматтары қатарына жеткен Шақпақ Артықбаевтың ғажап өмірі Ғани сынды абзал ағаның халық алдындағы теңдесі жоқ алғаусыз қызметінен бастау алды. Жақсы оқуымен бірге қоғам өміріне етене араласудың қажеттігін ол ерте сезінді. Оның маржандай таза жазуына назары түскен Ғани «Жас қайрат» газетіне түскен хабарлар мен мақалаларды көшіріп жазуға Шақпақты ыңғайлаған. Балалар үйінің хал-жағдайын біліп, Жастар Одағының Жарғысымен таныстыруға да жұмылдырған.
Енді Арал ауданынан жер аударылып кеткен байлардың отбасында қаншама сәби жол азабынан, аштықтан шетінегені жөніндегі архив құжаттарына зер салып көрейік. Мысалы, Адай уезіне Арал ауданынан жер аударылған Мергенбай Дәкібайұлының баласы Ермекбайдың айтуынша 14 жанның ішінен аман қалған жалғыз өзі, ал Мырзағұл Құлсариев пен Құлсары Бәйімбетовтің отбасындағы 30 жаннан қалған жалғыз Елубай, дәлірек айтқанда 3 байдың отбасындағы 44 жаннан тек 2 адам ғана тірі қалған. Отбасында 8 жаны бар Әбдіразақ Бектібайұлы мен 18 жаны бар Әлімбай Қапанұлынан тіпті тұқым қалмаған. Осы жер аудалғандардың отбасында 16 жасқа дейінгі 27 бала болған.
Тура осындай аштыққа ұшырап, жетім қалған балалардың көше кезіп, пана іздеу жағдайы 1931-1933 жылдары да қайталанды. Панасыз қалған балаларды қамқорлыққа алуда үкімет әр облыста балалар үйін ұйымдастыра бастады. Аштық жайында бірде-бір мәліметті сол жылдары шыққан баспасөз беттерінен таппайсыз. Жазуға, айтуға мүлдем болмады. Тек құпия түрде ғана ашыққандар, өлгендер, жұқпалы аурудан қырылғандар туралы әр облыстардағы ОГПУ өкілдерінің мәлімдемелері, қорытындыларында ғана айтылды. Бұл мәліметтер ұзақ уақыттар ғалымдарға қолжетімсіз болды.
БКП(Б) Арал аудандық комитетінің 1933 жылғы 18 желтоқсандағы VІІІ аудандық партия конференциясындағы Николаев пен Данияровтың есепті баяндамасы бойынша 1932 жылғы наурыз бен 1933 жылғы желтоқсан аралығындағы Арал аудандық комитетінің жұмысы туралы есепті баяндамасын тыңдағаннан кейін «Балалардың панасыздығы туралы» қарарында: «...Балалар үйлерінің жағдайын түбегейлі жақсарту, үздік тәрбиешілермен және басшылық құраммен қамтамасыз ету, балалар үйлерін үлгілі-мәдени мекемелерге айналдыру, жақсы тамақпен, киіммен, аяқ киіммен қамтамасыз ету керек. Комсомол ұйымдастырушыларын балалар үйлеріне бекіту, сонымен қатар материалдық-тұрмыстық жағдайды жетілдіру, еңбек процестерін енгізе отырып, саяси-тәрбие жұмысын тиісті биіктікке көтеру, бұл үйлердің балалары негізінен октябрят ұйымына, пионерлер мен комсомолдарға тартылуы керек» деген болатын. Дегенмен, сөз жүзінде барлығы әдемі айтылғанымен, іс жүзінде ешқайсысы орындалмай қалады. Қайта балалар үйіндегі жағдай күннен-күнге нашарлап бара жатқанын құжаттардан көруімізге болады.
«Толқын» газетінің 2024 жылғы №88 санында Халық ағарту саласының озық қызметері А.Жолмағамбетовтің «Өткенімізді еске алсақ, өскеніміздің белгісі» атты мақаласында менің нағашым Қарасақалдың Шіңгірі Жансейіт атам мен Бақтылы әжеміздің 1933 жылы аштық кезінде Жұбанайгүл мен Ұлбосынды Аралдағы балалар үйіне бергені туралы жазылады.
Менің әкем Қыстау Қуатов 1938 жылы әйелі Зеріп анамыздың төтеннен қайтыс болғаннан кейін қызы Алтыншаш апамыз және анасы Күлгін әжемізбен қалады. 1939 жылы Алайғырда отырған Жансейіттің қызы Жұмагүлге үйленеді. Анамыз 1922 жылы Қазалы ауданы Мұратбаев колхозында дүниеге келген. Қазалыда Роза Бағланова барлығы бір класта оқып 7 сыныпты бітірген. Суреті «Толқын» газетінде жарияланды. Анамыздың айтуы бойынша: «1930 жылы байлардың барлық малдарын тартып алғаннан кейін Арал өңірін аштық жайлай бастады. Күнкөріс қамымен азық іздеген халық темір жолы бойына қарай ағылып жатты. Әсіресе, 1931 жылғы өңірдегі қуаңшылық халықтың сағын сындырып жіберді. Қолда бар бірлі-жарлы малынан айрылған халық, күнкөрісі бар ағайынын сағалап кетті. 1932 жылғы қыстың ортасында «ел ішінде пәленше аштан өліпті» деген әңгімелерді анамыздан ести бастадық. Үйімізге тамақ іздеген ағайындар, кейіннен босқын қазақтар нан сұрап, тамақ сұрап келе бастады. Әдепкі жылдары әкемнің бірлі-жарлы малын ұры-қарадан сақтап қалу үшін күні-түні аңдумен болдық. Ол малды да сол жылы көктемде сөмке арқалаған белсенділер келіп әй-шайға қарамай айдап кетті. Тігерге тұяқ қалмады, күйіміз нашарлай бастады. Колхоз жұмыс істеген үлкендерге күніне 400 грамм, балаларға 250 грамм, бидай беретін. Бұл да халыққа бірде таратылып, бірде жетпей қалатын. Күн көрісіміз де күннен күнге нашарлай бастады. Ол кезде мен он жасқа толған шағым болатын. Көптеген нәрселерге ой тоқтата қоймаған шағым еді. Соңғы кезде әкем мен анамның түннің бір уақытына дейін күбір-күбірі көбейіп кетті. Менен кейін тетелес өсіп келе жатқан сіңілдерім Жұбанайгүл мен Ұлбосын және інім Рамазан 2 жаста болатын. Менің күнделікті міндетім інім Рамазанды, сіңілілерімді үйде бағып қалу, анам мен әкем күнделікті ішіп-жемімізді кешке тауып келетін. Бірақ күннен-күнге оны табудың өзі қиындап бара жатты. Бір күні әкем мен шешем менің ес біліп қалғанымды біліп, менен жасырып «Жұбанайгүл мен Ұлбосынды Қазалыдағы нағашыларына алып барамыз» деп алып кетті. Әжеміздің руы Құрманайдың Өлгешегі Қоянбайдың қызы болатын. Нағашы інісі Әбдікәрім, ағасы Махамбетжан ферма меңгерушісі қызметінде болған.
Қалаға келгеннен кейін сол кездегі Қазалыдағы балалар үйіне екеуін тапсырып жібереді. «Құдай қаласа, бір-екі айдан кейін келіп алып кетеміз» деп балалар үйінің басшылығына қолхат береді. Кейін әкем үш-төрт ай өткеннен кейін іздеп барған кезде Қазалыдағы балалар үйінің балаларын Шымкент балалар үйіне ауыстырғанын айтып келіп, назаланып жатып қалды» деп айтып отыратын.
Кейін менің әкем Қыстау Созақ, Шымкент балалар үйіне барып таба алмай келіпті. 1970 жылдары нағашым Рамазан Жансейітов «Мәдениет және тұрмыс» журналындағы «Іздеу саламыз» айдарына Жұбанайгүл мен Ұлбосынды іздеп хат жолдап жүрді. Ағам Үргенішбайдың да сол 70-80 жылдары республикалық басылымдарға «іздеу салған» оймақтай хабарландырулары шығып тұрды.
«Панасыз балалардың жай-күйі туралы» жолдас Поповичтің баяндамасында ауданда панасыз балаларды орналастыруда немқұрайлыққа жол беріліп, іс-қимыл жоспарының практикалық басшылығын қамтамасыз етпегені атап өтіледі.
Комиссияға Камбаш амбулаториясының жұмысында кеткен жеке кінәлілік мәселесін қарау және фактілерге байланысты жауапты шешім қабылдау тапсырылған. Комиссияның қорытындысын орындау үшін Николаев пен Волокитинге облыстық комитеттің және облыстық атқару комитетінің бюросына аудандағы балалар үйлерін қаржыландыру және одан әрі орналастыру мәселелерін енгізу тапсырылған. «Көшіп келген көшпенділердің санының артуына байланысты, олардың саны 60-тан асқан және оларды Камбаш балалар үйіне орналастыруға мүмкіндігі жоқ екендігін көрсеткен. Мүлдем панасыз балаларға Қамбаш балалар үйінің жанынан екінші балалар үйін ұйымдастыру қажеттігін және облыстық атқару комитетінен арнайы ұйымдастырылатын балалар үйіне азық-түлік тауарларын жеткізуге қаражатын бөлу сұралсын» деп жазады.
Екінші бір хаттамада: «....Комиссия аудандағы панасыз қалған балаларды балалар үйіне орналастыру, бала күтімі бойынша жүргізілген жұмыстардың жолға қойылмауын және балалар үйінде орын алған қолайсыздықтарды алға тартты. Қамыстыбас балалар үйінің үй-жайы балаларды орналастырудың барлық талаптарына сәйкес келмейді үй өте тар, ұзақ уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бөлмелер жетіспейді, соның салдарынан зығыр төсекте екі бала бір тапшанға ұйықтайды, ауасы тар, төсек-орындары жуылмаған, лас, жетіспейді. Моншада балалар өте сирек жуынады, соның арқасында бит пен ауру бар, тамақтанып отырудың өзі жиіркенішті түрде қолданылады, тамақтану мөлшері нормаға сай келмейді. Балалармен тәрбие жұмысы жүргізілмейді, ойындар, еңбек процестері өткізілмейді және тәрбие жағынан дөрекі көзқарасты тыңдау орын алған. Әсіресе, аудандық бюро қаулысымен балалар үйінің қызметкерлерін жұмыстан шығарылған жағдайда орын алған. Қамыстыбас амбулаториясы, атап айтқанда, Сокольскийдің өзі де балалардың санитарлық жағдайын бақылауға және ауру балаларды оқшаулауға салғырт қарайды, ауру балаларды амбулаторияға қабылдаудан бас тартқан, мұның бәрі балалар арасында аурудың таралуына алып келген.
Осы жылдары аудандық кəсіподақ ұйымы қоныс аударушылармен жұмыс істеуге көңіл бөлген жоқ. Мысалға, Сульфат кəсіподақ комитетін алатын болсақ, қоныс аударушылардың 50 баласына есік, терезесі жоқ, пеші тартпайтын, лас барактарға орналастырып кəсіподақ тарапынан көмек көрсетілмеді. Жергілікті тұрғындар ата-анасыз қалған 48 жетім баланы асырап алуына тура келді.
Архив құжаттарында 1938 жылы облыста 6 балалар үйі, №1 Аралдағы балалар үйінде 115 бала, №2 Қамыстыбастағы балалар үйінде 140 бала, №3 Қазалыдағы балалар үйінде 300 тәрбиеленуші болған.
Аудандағы балалар үйінің үшінші легі Ұлы Отан соғысы басталған жылдан бастау алады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ Қазақстанға 194 балалар үйі мен 16 интернаттан 21 мың бала келсе, екінші бір деректерде 129 балалар үйі мен 15 Мәскеу интернаттарынан 17400 бала келгені туралы дерек келтіріледі.
Балаларды асырап алу депортацияланған халықтың балаларына патронаттық тәрбие беру соғыс кезінде жүзеге асып отырды. Ауданда эвакуациямен келген балаларға арнап балалар үйлерінде оларды еңбекке орналастыру жөнінде комиссияға жергілікті ата-аналар өздері келіп, асырап алуға және тәрбиелеуге өтініш беріп отырған. Соғыстың алғашқы жылдарында балалар үйінің төрт тәрбиеленушісін жергілікті тұрғындар асырап алды. Әрқашанда «жетім көрсең жебей жүр» деген қазақ отбасыларында кейінгі жылдары бұлардың саны бірнеше есеге арта түскені шындық.
Соғыстан кейін Арал ауданында 1947-1966 жылдары «А.Матросов» атындағы №1 балалар үйі болғанын көбіміз біле бермейміз. Балалар үйі қазіргі «пошта» мекемесінің орнында болған.
«Арал аудандық архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі (149-қор) балалар үйінің 1947-1956 жылдар аралығындағы тұрақты сақталатын 17 және 1947-1966 жылдардағы 81 жеке құрам бойынша құжаттар сақталуда. Расында да, сол бір зобалаң жылдары елімізде Кеңес өкіметінің солақай саясатымен іске асырылған ашаршылық пен қуғын-сүргіннің келтірген жетім қалу, панасыз қалу сияқты оқиғалардан кейін Арал қаласы орталығында панасыз, ата-анасыз жетім қалған балаларға мемлекет тарапынан пана болу, оларға материалдық, моральдық көмек беру, білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау мақсатында аталмыш балалар үйі жұмыс істеген. Бұл мекемелерде тәрбиеленген балалар 3 жастан 18 жасқа дейін мемлекет қамқорлығында болған. Кеңес өкіметі кезінде аталмыш балалар үйінің: мектепке дейінгі, яғни 3-7 жастағы бүлдіршіндер, мектептік, яғни 7-14 жастағы балалар, аралас, яғни бүлдіршіндер мен мектеп жасындағылар және арнаулы, толығын айтқанда ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандардың балалары тәрбиеленді.
1956 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен аталмыш балалар үйінде болу мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылды. Сонымен бірге, 1959 жылдан бастап мектеп-интернат болып қайта құрылған балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің көпшілігі отбасы үлгісінде ұйымдастырылған, нақтырақ айтқанда ағайынды, апалы-сіңілі балалар бірге өмір сүріп, тәрбиеленді. Сол жылдары балалар үйінде тәрбиеленген балалардың бір күндік тамағы 8 сом 29 тиын болса, 1950 жылғы мәлімет бойынша балалар үйі 100 балаға арнап жатын орны жоспарланған, бірақ 81 бала тәрбиеленген. Оның ішінде, әр түрлі ұлт өкілдері болған. Құжаттарда нақты балалардың аты-жөні саны жеке істері бойынша жазылған.
Ашаршылық халықтың басына түскен үлкен қасірет. Осы зұлматтан бүтін отбасылары қырылып қалды немесе өзге өңірлерге, Кеңестер Одағының республикаларына, шекараға жақын аймақтағылар шет мемлекеттерге босып кетті. Аштықтың ащы дәмін татпаған отбасы кемде-кем десек те болады.
Қазақта: «Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа, тоқта жеген құйқаны тіпті ұмытпа» деген мақал бар. Біз сол ғасыр басындағы қазақ даласында болған тарихты ұмытпағанымыз жөн.
Қорыта айтқанда, нәубет жылдардың тигізген зардабын, келтірген кесапатын кеңінен толғап қалам тартуға әбден болады. Дәл осы жылдары көптеген болашағынан зор үміт күттірген жастарымыз тағдырдың аяусыз шеңгеліне түсіп, аштықтың зардабынан тартты. Ең сорақысы – талай жазықсыз сәби аштықтың өліп, талай бала мен жасөспірім қырғынға ұшырады. Аман қалғанының өзі әке мен шешеден көз жазып, жетімдер үйіне тапсырылды. Ашаршылық балалардың балалық шағының ұмытылмас күндерін ұрлады. Мақаланы зерттеп, жазу барысында ел ішінде әлі де айтылмай да, жазылмай қалған көптеген жайттарға куә болдым. Панасыз балалардың қиын тағдыры, олардың естеліктерін жинау, нәубеттің сыры мен қырын кейінгі ұрпаққа ұғынарлықтай жеткізу аға ұрпақтың парызы мен қарызы. Бұл жайында Арал ауданында болған панасыз балалар үйіндегі жағдайды архив құжаттары мен естеліктер арқылы оқырманға жеткізуді жөн көрдім.
Болатбек ҚУАТОВ,
«Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
21 қаңтар 2025 ж. 23 0