Рысқал мазары
Зымырап өтіп жатқан уақыт өткен тарихты көмескілендіреді, тіпті ұмыттырады да. Мына суретті мен 80-жылдары аудандағы тарихи ескерткіштерді аралап жүргенімде фотоға түсірген екенмін. Арада 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Бұл Аманөткел өңіріндегі Тәжбенұлы Рысқалдың мазары. Мазардың бастапқы көлемі 6х6, биіктігі 7 метрдей, порталы мен күмбезі бар архитектуралық сәулетті мазар болған. Өкініштісі – мазар шикі кірпіштен тұрғызылғандықтан жауын-шашын мен уақыт ағымына төтеп бере алмай әбден мүжіліп, шөгіп, мен түсіргенде осындай күйге келген екен. Дегенмен мазардың қазіргі сұлбасынан-ақ оның бастапқы келбетін анық байқауға болады.Мазар 1900 жылдары тұрғызылған, соған қарағанда Рысқал Совет өкіметінен бұрын, 19-шы ғасырда өмір сүрген адам болса керек. Туған, өлген жылдары белгісіз. Зиратының басына осындай зәулім мазар тұрғызғанына қарағанда, Рысқал заманында тегін адам болмаған көрінеді. Көне көздердің айтуынша ол Аманөткел өңіріндегі Қарамойын деген жерде өмір сүріпті. Осы жерде оның қыстауы да болған.
Жалпы, Қарамойын деген жер Аманөткел өңіріндегі ең бір қасиетті жер болып саналады. Бұл жерден Қазақстан үкіметінің мүшесі, Балық министрі болған, бүгінде арамызда жүрген Құдайберген Саржанов ағамыз, Рысқалдың баласы Бақыт Рысқалов және басқа елге белгілі танымал адамдар шыққан. Бақыт Рысқалов соғыс жылдарында, қателеспесем, Тастүбек атындағы колхозды басқарып, зор табыстарға жеткені үшін оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат, Қазақстан Компартиясының 4-ші, 5-ші, 6-шы сьездеріне делегат болып сайланған. Соғыс жылдарында Совет Армиясына көмектесу үшін өз қаражатынан тапсырыспен танкі жасатып, майданға жіберткен. Танкінің корпусында «Бақыт Рысқаловтан» деген жазу болған.
Рысқал өмір сүрген заманда ауыл халқы мал бағу, егін егу, дария жағасында отырғандықтан балық аулау кәсіпшілігімен айналысыпты. Рысқал осы жұмыстардың бәріне көмектесіп, елді ұйымдастыра білген. Балық аулауға керекті ау, жылым, шана, шығыр сияқты және басқа күнделікті тұрмысқа керекті бұйымдарды жасайтын зауыт-шеберхана ашқан. Өзі де елмен бірге қарапайым өмір сүрген. Оның осындай жақсы қасиеттерін ел жоғары бағалап, аса құрметтеп қадірлеген.
Рысқал туралы да, Бақыт туралы да кезінде жерлесіміз, өлкетанушы Тәңірберген Дәрменов мақалалар жазып, кеңінен тоқталған екен, бұл соған қосымша жамау ғана.
Рысқал мазары жергілікті маңыздағы тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне алынған, мемлекет қорғауында. Бір өкініштісі, ескерткіштер туралы заңда шикі кірпіштен тұрғызылған ғимараттарға жөндеу-реставрация жүргізуге тыйым салынған. Сондықтан ағайын-тума, ел болып, қалталы азаматтар бар дегендей, қажет болса уақытша Рысқал қорын ашып, қаражат жинап, мазардың бастапқы қалпын бұзбай қыш кірпіштен тұрғызып шықса, Рысқалдың да, Бақыттың да аруағы риза болып, жас жеткіншектердің экскурсия жасап барып тұратын сүйікті мәдени-тарихи орнына айналар еді, елдің де мерейі үстем болар еді. Бүгінгідей айналасы ат шаптырым тойханалар мен зәулім сарайлар салып жатқанда бұл жұмыс бәлендей қиындық туғызбас деп ойлаймын. Уақыт ағымына шыдамай тарих қойнауына кетіп бара жатқан баба жәдігерін бүгінгі ұрпақтың біле жүргені дұрыс болар деген ниет қана біздікі.
Жақсыбай Төребеков,
өлкетанушы










