Әлем чемпионы ауылдастар ортасында
Иә, жылдың жаманы болмайтынын ертеден білген қазақ жақсылықтан қашанда күдер үзбей, игі тілегін алдағы күндерден күтіп келген. Әр жылдың өзіндік орны мен ерекшелігін тіпті аңыз етіп айтып, болашағынан бақыт қалаған жұрттың жақсы ырымы бүгінгі таңға дейін желісін үзбей жалғасып келеді. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген сөздің төркіні де осында жатса керек.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
Ниетіне қарай тілегі орындалған елдің асқақ арманы мен мақсаты ақиқатқа айналып, биік белестерден көрініп отырған. Сол сияқты 2019 жыл да тарих қойнауына жақсы жаңалықтары мен толағай табысқа толы жыл ретінде аттанды. Әлеуметтік, экономикалық, өзге де салалар бойынша ауданның көрсеткіштері біршама жоғарылады. Даму динамикасы жағынан өткен жылдармен салыстырғанда жоғары нәтижеге қол жеткізген аралдықтар спорт саласында да айтарлықтай биікке көтерілді. Қазақтың туын көкке көтеріп, Әнұранымызды әуелете шырқатқан аудан спортшыларының бірі Арал ауданы Қарақұм ауылының тумасы, Арал аудандық спорт клубының жаттықтырушысы – Нұрым Сәлімгереев. Жақында ғана қазақ күресінен Ақтөбе қаласында өткен әлем чемпионатында 100 келі салмақта «алтыннан» алқа таққан ол айды аспанға шығарды. «Жылдың үздік спортшысы» атанған Нұрымға деген елдің ықыласы зор, көңілі бөлек. Марапат алу салтанатына келген спортшыға деген құрметі жиналғандардың қошеметінен анық байқалды. Ұлдарының ерлігі мен қыздарының қылығын қай уақытта да өзгеден биік қойып, талабына қанат бітірген халықпыз ғой. Болған баланың бақытына қуанып, болашағынан зор үміт күтеміз. Сондықтан болар, топырағымыздың таланттарға кенде болмауы. Нұрымға көрсетілген құрмет мұнымен ғана шектеліп қалмады. Туған жердің топырағына табан тіреген балуанды қарақұмдықтар да қошеметпен қарсы алды. Ауылдың кіреберіс қақпасынан күткен ауыл әкімі М.Бозғұлов бастаған топтың жүзінен алтын таққан батырға деген ауылдастарының аппақ пейілі анық аңғарылып-ақ тұрды. Нұрымның спорттағы досы, Сыр өңірінің мақтанышы, биылғы Алматы қаласында өткізілген «Әлем барысы» турнирінің қола жүлдегері Мақсат Исақабылов пен тағы да бір Қарақұм ауылының тумасы, жас балуан Еңбек Сақтағанов та қазақ халқының еріне деген құрметі қандай болатындығын сезінді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демей ме?! Осындайда батыр ұлдың мерейі бір тасып қалды. Мұны әлем чемпионының бір ауыз сөзінен анық байқадық. – «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген сөзді бүгін анық түсінгендей болдым. Рас, табалдырықтан аттап сыртқа шыққаннан кейін, қай салада болмасын мойныңа үлкен жүк артылады. Бұрын бір алақандай ғана ауылдың атын шығару үшін алыссаң, кейіннен сол ауылдың ғана емес, барша ұлттың атағын алып жүруге міндетті боласың. Бұл міндеттің ауырлығын арқалаған азаматтар жақсы білетін шығар. Спортта бағындырған белестерім аз емес. Талай белдесуде қарсыластардан басым түсіп, бағымды сынап жүрмін. Бірақ биылғы жылдың маған бергені көп болды. Биыл Петропавл қаласында Қазақстан чемпионы болдым. Сонымен қатар белдесу спортынан жеңімпаз атандым. Ал ең айтулы жетістігім – ел тәуелсіздігі күні қарсаңында қазақша күрестен Ақтөбе қаласында өткен әлем чемпионатындағы жеңісім. Ақтық сында грузиялық Давид Лориашвилимен сынға түстім. Сол кездегі арманым тәуелсіздік күнінде қазақ халқының байрағын желбірету болды. Жанымда қолдау білдірген азаматтардың сөзінен қуат алып, көрерменнің, көгілдір экран арқылы тілеуімді тілеп отырған жандардың тілегін сезініп, жеңіске жеттім. Жүрек тулап, жеңістің дәмін сезіндім. Бірақ көңілім дәл қазіргідей толқымаған. Ауылдастардың алдында олардың өзіме деген құрметін сезініп, өзімді шын бақытты санадым. Ақсақалдардың батасы мен астыма мінгізген тұлпардың бағасы мен үшін әлем чемпионы атағынан да қымбат. Себебі бұл менің жерлестерімнің, ауылдастарымның маған берген жүлдесі, – деді толқып. «Баталы ер арымас» дейді қазақ. Ауылдастарының батасын алған балуан жігіттің болашағынан күтетін үміт көп.