Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала әкімі халық алдында есеп берді

Қала әкімі халық алдында есеп берді

Кеше Арал қаласының әкімі Бауыржан Махатов халық алдында есеп берді. Жылды қорытындылау жиынына аудан басшысы Мұхтар Оразбаев қатысты.Алдымен аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Сержан Каримолдаев есеп берді. Тұрғындар өткен жылы қаладағы қылмыстық ахуалдың жай-күйі мен атқарылған негізгі шаралардан хабардар болды. Одан әрі, қала әкімі аудан орталығында 2019 жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде, Арал қаласы облыс көлеміндегі аудан орталықтарының ішінде Қызылордадан кейінгі бірден-бір қала мәртебесін еншілегені көпшілікке мәлім. 
Арал қаласында жыл өткен сайын ауқымды шаралар тұрғындардың көз алдында атқарылып жатыр. Бұл бағытта, өткен жылы бюджеттен қомақты қаржылар бөлініп, халық игілігі үшін біршама жұмыстар атқарылған. Соның ішінде, қаланы абаттандыру, жарықтандыру, жол жөндеу және тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары бойынша негізгі жұмыстар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылған. Атап айтқанда, қаладағы Жылқаман батыр көшесінің автожолына орташа жөндеу жүргізілсе, Қызылорда, Жетес би, Байқоңыр көшелерінің автожолдары ағымдағы жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, қаладағы 8 шақырым болатын асфальт қабатымен жабдықталған көшелерге жол сызбалары мен жаяу жүргіншілер жолына көлденең жолақ сызбалары сызылып, Сапақ би, Ә.Қаюпов көшелерінің қиылысына жаңадан бағдаршам орнатылды. Сондай-ақ, барлық бағдаршам қондырғылары мен жол белгілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, тұрғындардың өтінішіне сәйкес өткен жылы №14 мектеп-лицейіне баратын көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, жаяу жүргіншілер жолын салу, түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жүзеге асырылып, «Жарбол» қорымының қоршау жұмыстары толығымен аяқталды.
Газдандыру бағытында өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Арал қаласындағы 4 әлеуметтік нысанның (аудандық мәдениет үйі, №62 мектеп-лицейі, №220 орта мектеп, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимараты) бу қазандықтары көгілдір отынға ауыстырылса, аудандық бюджет есебінен 6 нысанның («Мереке», «Гүлдер», «Алтынбалық» балабақшасының, № 64 орта мектебінің және Балалар өнер мектебімен Жыраулар үйінің) бу қазандығын газбен жабдықталды.
Сонымен қатар, Арал қаласының Солтүстік-Батыс жақ бөлігінде қаладан 4 шақырым жерде салынып жатқан қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон құрылысының 1-кезеңі бойынша жер қазу, тегістеу, нығыздау және автокөлік жүретін жолды биіктету мақсатында топырақ төсеу жұмыстары жүргізілді.
Қала тазалығын қамтамасыз ету мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына барлығы 347 адам қоғамдық ақылы жұмысқа тартылып, жыл бойы тиісті жұмыстар атқарылды.
Жыл көлемінде жаңадан бірнеше кәсіпкерлік нысандар ашылып, халық сұранысын қанағаттандырумен қатар, жұмыссыздықты жою және кәсіпкерліктің өркендеуі бағытындағы бірнеше жұмыстар атқарылды.
Нақтырақ тоқталсақ, жеке кәсіпкерлер тарапынан Арал қаласының көлемінде өз қаражаттары есебінен «Жібек жолы» жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені, «Құдайберді» сауда үйі, «Jihaz» сауда үйі, «Alladin» кафесі, «Бастау» кафесі, «Тайқазан» қоғамдық тамақтану орыны, «Aibar» фитнес орталығы, «Наз Март» моншасы, «Kimpub» тамақтану орны, «Наурыз маркет» құрылыс заттар дүкені, «Нұр» қонақ үйі, «Сәтті» клубы, техникалық байқау орталығы, «Саида-Жайлы үйі», «Арал Маркет» сауда үйі, «Alibaba» тамақтану орны, «Sulpak» тұрмыстық заттар дүкені іске қосылды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» негізінде қала бойынша жеке кәсіппен шұғылданамын деген 36 азамат және 98 азамат қайтарымсыз грантқа ие болды. Аталған бағдарламасы аясында 2019 жылы Арал қаласында 277 үміткер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікті жүзеге асыру негіздері бойынша оқытылып, сертификаттар табысталды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау барысында Арал қаласынан 6 жоба қаржыландырылып, 1 жоба мемлекеттік грантқа ие болды. «Арал ырысы» Кредиттік Серіктестігі ЖШС арқылы 11 жоба қаржыландырылды. «Өңірлік инвестициялық орталыққа» қала бойынша 25 жоба жолданып, қаржыландырылды. Олар негізінен арнаулы техника сатып алу, жүк тасымалдау, қоғамдық монша ашу секілді мәселелерді қамтиды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 26 жоба ұсынылып, мақұлданды. Олардың басым бөлігі, тігін цехын ашу, шаштараз, автокөлік дөңгелегін жөндеу, мал басын асылдандыру, көбейту, тиісті құрал жабдықтар мен қажетті техникаларды алу секілді мәселелерді қамтиды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қала тұрғыны кәсіпкер М.Жұмашевтың «Ас тұзын өндіру» жобасы Форте банк АҚ-ы арқылы мақұлданса, аталған жобадан бөлек «Аман - Есен» ЖШС-нің медециналық орталық ашу жобалары қаржы институттарына тапсырылып, мақұлданды.
Осындай көңілге қонымды жұмыстарды саралап өткен қала әкімі алдағы міндеттерді де баяндап өтті. Одан әрі сөз тізгінін аудан басшысы Мұхтар Оразбаев алып, жұртшылыққа ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, өңірдегі әрбір атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы ауқымды міндеттермен таныстырды.

Жиын соңында қала тұрғындары көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікрлерімен бөлісті. Толғандырған мәселелердің дені қаладағы кейбір көшелердің жолы, түнгі жарығы, қала ішілік маршрут мәселелері болды. Атап айтқанда қала тұрғындары тарапынан қала көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру, темір жол үстінен аспалы көпір салудың жолдарын қарастыру, ескі жүйке аурулары диспансері ғимаратынан "Абай" емханасының бөлімшесін ашу, әлеуметтік желілерде халықтан көтерілген ұсыныс-пікірлерге мекеме, кәсіпорын басшыларының тұрақты жауап берілуін қамтамасыз ету, халық көп жүретін және шет аймақтардағы көшелерді қыс мезгілінде қардан, мұздан уақытылы тазарту, жабайы ит-мысықтарды аулауды тұрақты жүргізу және «ҚазТранГаз Аймақ» АҚ-ның Арал қаласы бойынша апаттық жедел әрекет ету тобының жұмысын ұйымдастыру мәселелері айтылды.
Аудан басшысы әр сұраққа жауап беріп, ең алдымен халықтың ұсыныстарын шешуге жұмыс жасалатындығын жеткізді. Бастысы, атқарушы билікпен бас қосқан қала тұрғындары есепке оң бағаларын беріп, өңірді өркендету жолындағы қызметтеріне алғыстарын жаудырды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
01 ақпан 2020 ж. 889 0