Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық бұзушылықтың алдын алу қаперде

Құқық бұзушылықтың алдын алу қаперде

Аудандық прокуратураның ұсынысымен аудан әкімдігінде алимент қарыздарын өндіру бағытында және аудандық пробация қызметі жұмыс барысын талқылау жөнінде ведомствоаралық мәжіліс өткізілді.

Аудан әкімінің орынбасары Ж.Жұбановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының басшылары мен бас есеп­шілері, аудандық мәслихат депутаттары, сот орындаушылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен аудан прокуратурасының прокуроры А.Жанесенова хабарлама жасап, 2019-2020 жыл­дар­дың өткен мерзімі аралығында алимент қарыз­дарын өндіру бағытында атқарылған жұмыстардың жай-күйін баяндады. Соның ішінде, алимент қарыздарын өндіру бойынша аудандағы жеке сот орындаушыларының жұмысын тарқатып өтті.
Белгілі болғандай, қазіргі таңда аудан көлемінде алимент өндіру санатында 750 балаға қатысты 592 атқарушылық құжат орындалуда. Алимент өндіру бойынша берешек қарыз 54 млн теңге. Осы орайда аудан прокуроры А.Тәженов қордаланып отырған алимент қарызының көлемі өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда артып отырғанын тілге тиек етіп, алимент өндіру бағытындағы жұмыстардың жүйелі жолға қойылмай отырғандығын сынға алды.
Одан әрі күн тәртібінде аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғандарды қоғамға қалыптастыру, әлеуметтендіру мен олармен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың тиімділігі кеңінен талқыланды.
Бүгінде Арал аудандық пробация қызметі бөлімінің 2020 жылдың ақпан айының нәтижесі бойынша қоғамнан оқшаулауға байланысты емес 62 сотталған есепке алынған. Оның ішінде, шартты жазаға сотталғандар – 8, бас бостандығынан шектеу жазасына сотталғандар – 33, белгілі бір қызмет құқығынан айырылғандар – 25 болса, бір азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жайында аудан прокуратурасының прокуроры С.Жетпісбаев, аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы С.Сейталиев хабарлама жасады. Осы тұста аудан прокуроры пробация есебіне алынғандарды жұмыспен қамту барысының кемшін тұстарын атап өтіп, қылмыстың алдын алу бағытында алдымен аталған санаттағы адамдарды жұмысқа тартудың маңыздылығын баса айтты.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланып, алдағы атқарылатын жұмыстар нақ­тыланды. Осы бағытта нәтижелі жұмыс атқаруда бірлесе отырып жұмыс істеу қажет екендігі жөнінде тапсырма жүктеліп, аталған шараларды жүргізу бағытында ұсыныстар ортаға салынды.

Сая ЕРАЛИЕВА,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы

16 ақпан 2020 ж. 399 0