Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынады

Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынатын болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Бескемпіров Шыңғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биыл қалада «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жастарды жеңілдетілген баспанамен қамту жобасы бойынша алғашқы қадамдар басталды.
«Жол картасы аясында Алматы қаласының студенттеріне 2020 жылға дейін 20 жаңа жатақхана салу жоспарланды. Олардың 5-інің құрылысы биыл желтоқсанға дейін аяқталатын болады. Яғни, жастарға қосымша 2 500 орын бөлінеді», - деді Шыңғыс Бескемпіров.
Басқарма басшысы «Алматы жастары» жобасының тағы бір артықшылығы туралы айтып өтті.
«Биыл «Алматы жастары» бағдарламасына 35 жасқа дейінгі азаматтар да қатысатын болды. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған көпбалалы отбасы, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, толық емес отбасы және жетімдерге біраз жеңілдік шаралары қарастырылған. 10 млн. теңгеге дейінгі несиелер жылына 5% өсіммен берілетін болады. Жыл аяғында «Алматы жастары» жобасы бойынша 100 жас отбасы жаңа қоныс иесі атанады»,-деді Шыңғыс Бескемпіров.
inform.kz
06 сәуір 2018 ж. 1 060 0