ТАНЫМЫ МОЛ ТЫҢ ЖОБА
Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының маңызын барша қоғам терең ұғынуда. Ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді, тіліміз бен дінімізді дәріптеуде аталған саяси құжаттың көптеген тың жобаларға жол ашары да көпке мәлім. Аталған мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші бөлімінде қолға алынуы тиіс бірқатар өзекті міндеттер де бар болатын. Міне, сол міндеттердің бірі ретінде бүгінде жаңа гуманитарлық білім берудің аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асырыла бастағанды. Қазіргі таңда осы бір бастаманың да нәтиже беріп жатқандығы белгілі. Айталық, Астанада шет тілдерінен аударылған 18 оқу құралы таныстырылған болатын. Тарихи маңызы басым осынау іс-шараға Елбасы қатысып, осы жобаның жүзеге асуына атсалысқан редакторлар мен аудармашыларға өз ризашылығын жеткізген болатын.
Иә, болашақ ұрпақтың жан- жақты білім алып, дамыған елдер дәрежесінде білім алуы үшін, қала берді, еліміздің дамуы қарқынын үдете отырып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолында қолға алынып жатқан осынау бастамалардың әлі талай тың мүмкіндіктерге жол ашатыны көңілдерге қуаныш ұялатады. 10 мың данамен шет тілінен ана тілімізге аударылып, жарық көріп жатқан әлем елдеріндегі танымы мол маңызды оқулықтардың осы бір бастамаларға ерекше үлес қосатыны да бізді қуантады. Сондықтан, мұндай бастамалардың әлі де қолға алына бергендігін құп көреміз.
С. ДӘРІБАЕВ,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.
Пікір 1