Қордағы зейнетақы төлемдері ай сайын беріледі.
Зейнеталды және зейнеткерлік жастағы азаматтарды отандық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер толғандыратыны сөзсіз. Оның үстіне биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады. Оның себебі неде? Зейнетақы жинақтары енді бір жолғы төлем ретінде берілмей ме? Осы және өзге де сұрақтар бойынша «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Арнұр Дәденұлы Құрманғали мырзаны әңгімеге тартқан едік.
- Арнұр Дәденұлы, ең алдымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қашан құрылғаны және алдына қандай стратегиялық міндеттер қойылғаны туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. «БЖЗҚ» АҚ құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Бұл жерде зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары және қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ҚР Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесіне жүктелген.
Қордың стратегиялық мақсаты - қызмет сапасын көтеру, зейнетақы активтерін дұрыс есепке алу, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін көтеру арқылы зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда салымшыларға ұйымдық көмек көрсету. Ол үшін БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің сенімді бірыңғай басқарушысы және операторы ретінде халықаралық стандарттарға сай сапалы қызмет көрсетуге және қызмет түрлерінің әртүрлі коммуникациялық арналар арқылы қолжетімді болуына күш салады.
Cонымен қатар Қордың өңірлік желісіне де тоқтала кеткім келеді. Қор бөлімшелері еліміздің тек ірі қалаларында ғана емес, сонымен бірге шалғай елді-мекендерде де орналасқан. Олар барлық талаптарға жауап береді, яғни оларда арнайы күту залдары, кезекке тұрудың электрондық жүйесі бар. Барлық стандартты операциялар 5-7 минут ішінде орындалады. Келушілер дән риза. Өйткені, кезек күтіп көп отырмайды. Бүгінде еліміз бойынша Қордың 18 филиалы және 200 дербес қызмет көресету орталығы бар. Соның ішінде Қызылорда облысы бойынша Қордың 8 бөлімшесі жұмыс істейді.
- Биылдан бастап Қордан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады. Бұл өзгерістерді енгізудің басты себебі неде?
Иә, биылдан бастап Қордан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға тек ай сайын төленіп жатыр. Ондағы мақсат - зейнеткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. Бұл бюджет есебінен ай сайын төленетін базалық және ортақ зейнетақыға елеулі қосымша болады.
Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азаяды. Кейін мүлдем тоқтатылады. Сондықтан Қордан төленетін төлемдер зейнеткер үшін маңызды табыс көзіне айналады. Сол үшін Қорға жарналарды тұрақты және қомақты мөлшерде аударып тұру – болашақта қамсыз өмір сүрудің бірден-бір кепілі.
Ай сайынғы төлемнің мөлшері зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден (12/1) бір бөлігі ретінде белгіленеді. Ал жылдық сома зейнетақы шотындағы қаражаттың жалпы сомасын алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейту арқылы анықталады. Сөйтіп, ол 12-ге (12 айға) бөлінеді. Одан шыққан сома – айлық зейнетақы болып табылады.
Бірақ қалай болғанда да ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды.
Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 284 теңге болса, оның 54 пайызы сәйкесінше 15 274 теңге болады.
Зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімдеген азаматтар төлемдердің мерзімділігін (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) сақтауға және өзгертуге құқылы. Яғни, жаңа өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап рәсімдейтін азаматтарға ғана тиесілі.
Бұл ретте 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнеткерлік жасқа толған, бірақ өз уақытында зейнетақы төлемдерін рәсімдей алмаған азаматтар, зейнетақы төлемдерін тек ай сайын алу мүмкіндігіне ие.
- Қордағы бүкіл қаражатты бір мезетте кімдер алып кете алады?
Әрине, зейнеткерлердің барлығы бірдей өздерінің зейнетақы жинақтарын бір мезетте ала алмайды. Бұл зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты жүзеге асырылады.
Қазір де зейнетақы жинақтарын бір жолғы төлем ретінде алуға болады. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сомаалушыға бір рет толығымен төленеді.
Биыл ең төмен зейнетақы көлемі: 33 745 теңге.
Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 404 940 теңге.
Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан 1 теңге асып кетсе, зейнетақы тек ай сайын төленетін болады.
Сонымен қатар, егер зейнетақы шотындағы жинақтардың қалдық сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болса (15 274 теңге), ол кезекті төлемнің сомасына қосылып төленеді.
- Қазіргі кезде зейнетақы Қоры қандай маңызды міндеттерді жүзеге асырып жатыр?
Қордың негізгі мақсаттарының бірі - халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл бағытта Қорда қыруар жұмыстар атқарылып жатыр.
Бір айта кететін жәйт, Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесінің енгізілгеніне биыл 20 жыл толса да әлі күнге дейін тұрғындар арасында аталмыш жүйенің мәні мен ұстанымдарын толық түсінбейтіндер баршылық. Сондықтан біз жергілікті кәсіпорындар мен мекемелердің еңбек ұжымы арасында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сонымен қатар Қордың қызметі мен зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жайында материалдар әзірленіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрады. Біздің мақсатымыз - әрбір салымшыға болашақ зейнетақысының қандай болатындығы өзіне тікелей байланысты екендігін түсіндіру және өз болашағына қатысты жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын зейнетақы Қорына тұрақты түрде аударып отыруға ынталандыру.
- Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берілгеннен кейін БЖЗҚ қанша уақыт ішінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады?
Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тиісті құжаттар қабылданған немесе келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады.
- Зейнетақы төлемдері қандай валютамен жасалады?
БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына зейнетақы төлемдерін:
Қазақстан Республикасының аумағында екінші деңгейдегі банктерде/банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шоттарына аудару кезінде тек ұлттық валютамен;
Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде шетел банктерінде ашылған банк шоттарына аудару кезінде АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингпен немесе Ресей рублімен аударады.
- Жылжымайтын мүлікті сатып алу, шет елде емделу немесе балалардың оқу ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі.
ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар жандарға төленеді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар. Яғни, ағымдағы заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені төлеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.
- Салымшы тегін ауыстырған жағдайда БЖЗҚ-ға хабарлауы керек пе?
БЖЗҚ салымшының (алушының) тегі, аты, әкесінің аты, туған күнінің өзгеру деректері туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясынан автоматты түрде алады. Салымшыда Қордың ақпарат беру жөніндегі міндеттемелеріне әсер ететін қандай да бір басқа өзгерістер (мекенжайы, электрондық мекенжайы және т.б.) болған жағдайда, ол бұл туралы БЖЗҚ-ға белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті.
Сондықтан Қор барлық салымшыларынан БЖЗҚ-дағы деректерін тексеруді сұрайды және оларға өз жинақтары туралы ақпарат алудың барынша ыңғайлы, заманға сай, үнемді әрі жылдам тәсілін таңдап алуға кеңес береді. Себебі, бұл тәсілге олардың мекенжайының өзгергені әсер етпейді.
- Зейнетақы аннуитеті дегеніміз не? Оны салымшылар қалай пайдалана алады?
Заң аясында БЖЗҚ салымшылары мен алушыларына сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу құқығы берілген. Яғни, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 59-бабының 1-тармағына сәйкес: 55 жасқа толған ерлер, биыл 50,5 жасқа толған әйелдер, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар өздері таңдаған сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерiн өмiр бойы алып тұру үшін зейнетақы аннуитетi шартын жасасуға құқылы. Бірақ бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ай сайынғы ең төмен зейнетақы мөлшерiненкем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болуы қажет. Қазіргі кезде бұл сома ерлер үшін кемінде – 9,5 млн. теңге, ал әйелдер үшін – 13,5 млн. теңгені құрайды. Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сомасына қатысты сақтандыру ұйымдарының талаптары әрқалай. Сондықтан нақты соманы өзіңіз таңдаған сақтандыру компаниясынан біле аласыз.
Бұдан басқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде күнтізбелік 60 ай төленген, елу жасқа толған адамдардың сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен өмір бойына ай сайын сақтандыру төлемдерiн алуға құқылы. Бірақ олардың да шоттарындағы зейнетақы жинақтары ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ай сайынғы төлемді қамтамасыз етуге жеткілікті болуы керек.
Бұл ретте мына жәйтті ескере кеткен жөн, әйелдер үшін зейнетақы аннуитетін жасау мерзімі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайын 6 айға өсіп отырады. Яғни, зейнетақы аннуитетін жасау:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда жүргізіледі.
Міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған жағдайда, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары пайдаланылуы мүмкін.
- Зейнетақы Қорында тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің біртіндеп электрондық форматқа ауыстырылып жатқанын естіп жатырмыз. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
Иә, 2017 жылы бірқатар жаңа электрондық сервистер іске қосылды. Енді азаматтар Қор кеңсесіне келмей-ақ, оның сайтындағы «Жеке кабинет» арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦП) немесе логин мен құпия сөздің көмегімен жеке зейнетақы шотын ашу және зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Сондай-ақ ,ЭЦҚ арқылы жеке деректемелерге түзетулер енгізуге және ақпарат алу тәсілін өзгертуге болады.
Бұл ретте Қор салымшыға өтінішінің орындалу барысы жөнінде СМС-хабарлама жіберіп отырады. Қазір логиннің орнына жеке сәйкестендіру нөмірі қолданылады. Ал ЭЦҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан беріледі.
Қор сайтында электрондық сервистер іске қосылғаннан бері оларды күні бүгінге дейін 20 мыңға жуық (нақты: 19 194) адам пайдаланып үлгерді.
Олардың ішінде2298 салымшы онлайн тәртібінде жеке зейнетақы шотын ашса, 987 алушы зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш берген. Сондай-ақ, 11 754 адам жеке деректемелеріне өзгерістер енгізсе, шамамен 4155 салымшы зейнетақы шоты бойынша ақпарат алу тәсілін интернет байланысы арқылы алуға ауыстырған.
Ал 2018 жылдың наурыз айында салымшылар мен алушылар Қордың барлық 18 өңірлік филиалында өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде терминал арқылы мынадай қызметтер қолжетімді: зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтама алу; жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алу; міндетті зейнетақы жарналары бойынша шарт жасасуға өтініш беру; жеке деректемелерді өзгерту; берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау. Бұл қызметтерді өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы алу үшін салымшыны (алушыны) анықтап танудың екі әдісі қолданылады. Олар: ЖСН және құпия сөз (пароль) немесе жеке куәліктегі электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегі арқылы алу. Одан басқа, таяу уақытта өзіне-өзі қызмет көрсету терминалында Қор операторынан бейне-байланыс арқылы ақыл-кеңес алу қызметі де іске қосылады.
Сұхбатыңызға рахмет!