Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Жақсықылышта

Жаңадан тағайындалған аудан әкімі Жақсықылышта

Кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов ауданға қарасты Жақсықылыш кентінде болып, тұзшылар мекенінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Ең алдымен кенттің кіреберісінде орналасқан №19 орта мектебіне және «Мерей» балабақшасына бас сұғып, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында жазғы мектепке қамтылған оқушылармен және балабақша бүлдіршіндерімен дидарласқан аудан басшысы балаларды бүгінгі мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдіріп, мерекелік сыйлықтар табыс етті.
Бүгінде 1092 білім алушы бар аталған білім ұясынан 58 жас түлек 11 сыныпты тәмамдауда. Мектеп бітірушілер арасында алтын белгіге бір, үздік аттестатқа бес үміткер бар. Бүгінде білім ошағын көгілдір отынға қосудан бөтен мәселе жоқ, жалпы білім беру бағытындағы жұмыстар талапқа сәйкес жүзеге асырылуда. Ал, балабақша жайына келер болсақ бүгінде кентте бір шағын орталық, бір мемлекеттік, бір жеке балабақшада 3-6 жас аралығындағы 116 бүлдіршін тәрбиеленуде. Аудан әкімі арнайы барған «Мерей» балабақшасы жуырда апаттық деп танылуына сәйкес жаңа балабақша салу қажет етіледі. Осы орайда аудан басшысы аталған мәселе кезек күттірмейтіндігін жеткізіп, бұл бағытта тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.
Аудан әкімі С.Сермағамбетов одан әрі кентішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына куә болып, іргетасы қаланған денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының аумағында болды. Жол жөндеу жұмыстарының басында болған аудан басшысы салынып жатқан жолдың барлық талаптарға сай болуы қажеттігін баса айттып, жауапты мамандарға жолдың сапалы төселуі мен уақытылы пайдалануға берілуін қатаң тапсырды.
Атап өтейік, өткен жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жақсықылыш кентінің 8,85 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына орташа жөндеу және кенттен денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстары басталған болатын. Биылғы жылы жергілікті «Арал құрылысы» ЖШС мекемесі арқылы кентішілік жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы кенттегі 17 көшенің 3-еуі жөндеуден өтсе, биыл толықтай аяқталады деп күтілуде.
Жақсықылыш кентіндегі жұмыс сапары аясында аудан әкімі кент ардагерлерімен жүздесіп, жергілікті халықтың тұрмысы жайлы пікір алмасты. Өз кезегінде ауыл үлкендері ауданға жаңадан басшылық қызметке келген С.Сермағамбетовтың жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.
Одан әрі еліміздегі ас және техникалық тұздың ең ірі өндірушісі және сыртқа шығарушысы саналатын «Аралтұз» АҚ-на барды. «Аралтұз» АҚ-ның өндіріс және техникалық даму жөніндегі Вице-президенті Ғ.Сержановпен кездесіп, өндіріс орнының жұмыс барысымен және алдағы жобалары жайлы пікір алмасты. Қазір мұнда ас тұзы және техникалық тұз өндіру жобасы іске асырылуда. Индустрияландыру бағдарламасы аясында компания бұған дейін ас тұзы және техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосқан. Зауытты қайта құру еңбек өнімділігін екі есе арттыруға және 1200-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өндіру және өткізу көлемі үш еседен асты, ал экспорттық өнімнің үлесі 75%-ға жетті. 2020 жылы құны 8,8 млрд.теңгені құрайтын 480,2 мың тоннаның өнімі өндірілді. 2020 жылы құны 6,7 млрд.теңгені құрайтын 317,5 мың тонна өнім экспортталды. Бүгінде үшінші Испан цехының құрылысы жүруде. Ол жылына 120 мың тонна тұз өндіруге әрі 250 аудан тұрғынын жұмыспен қамтуға қабілетті.








Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
02 маусым 2021 ж. 552 0