Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңестің құрамы жаңарады

Қоғамдық кеңестің құрамы жаңарады

Осы аптада аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің қатысуымен аудандық қоғамдық кеңестің 2021 жылы атқарған жұмыстары жөнінде жиын өтті. Жиында алдымен қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов сөз алып, жыл көлемінде қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе атқарған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Жалпы, өткен жылы осы қоғамдық кеңестің 9 жиыны өткен. Онда соңғы жылдары елді жайлаған коронавирус індетімен күрес және былтыр елдегі қуаңшылық салдарымен күресте атқарылған шаруалар сөз болды. Қайнаған тіршіліктің түрлі салаларына тұсау салып, адамзатқа қауіп төндірген індетпен күресте қалыпты өмірдің көп бөлігіне шектеу қойылды. Бұл мәселеде қоғамдық кеңес денсаулық сақтау саласының атқарып жатқан жұмыстары, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы және жұмыс орны мен айлық жалақыларының сақталуын қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс атқарған. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді суландыру мен аудан тұрғындарына жем-шөп үлестіруде үлкен жауапкершілікпен жұмыс жүргізген кеңес мүшелері белгілі меценат Болат Өтемұратов қоры арқылы ауданға бағытталған қаржыны тұрғындар қажетіне жаратуда жүйелі жұмыс атқарды. Оны бүгінде қоғамдық кеңестің әрбір мүшесі зор сеніммен айта алады. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңес төрағасы биыл кеңес құрамы қайта жасақталып, жаңаратынын айтты. Оған кез келген азамат мүше бола алады. Бүгінде мүшелікке үміткер ретінде өтінім бергендердің саны артқан.
– Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл әлемді жайлаған  пандемия тіршіліктің барлық саласына өз әсерін тигізіп, елімізде қиын жағдай қалыптасты. Соған сәйкес, республика көлемінде 2 рет төтенше жағдай жарияланса, карантиндік шаралар әлі күнге дейін өз күшінде қалып отыр. Аталған жағдай аудандық  қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалмады. Осы ретте, кеңес отырыстарында денсаулық сақтау саласының атқарып жатқан жұмыстары, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы және жұмыс орны мен айлық жалақыларының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің барысы және оқу орындарының онлайн режимде білім беру жағдайы және білім беру ұйымдарындағы оқушылардың қауіпсіздігінің сақталуы туралы мәселелер қаузалды, – деді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы А.Жоланов.
Аудан әкімі жиын соңында аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, өткен жылы қоғамдық кеңес тарапынан атқарылған жұмыстарға жақсы баға беріп, биыл бірлесіп атқарар маңызды шаруалар барын жеткізді. Сондай-ақ кеңес мүшелері тарапынан мәселенің қай уақытта болсын ашық әрі әділ айтылу керектігін айтты. Қайта жасақталатын жаңа құрамға түрлі саладан тәжірибелі азаматтарды қамту керектігін ортаға салған аудан басшысы қай істі болмасын бірлесіп, ақылдаса атқару керектігіне тоқталды.
«Толқын» ақпарат


Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

11 ақпан 2022 ж. 434 0