Аудан басшысының елді мекендерге сапары жалғасуда
Аудан әкімі С. Сермағамбетов Аралқұм ауылдық округіне барып, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Бірінші болып елді мекендегі темір жол вокзалына аялдап, нысанның қазіргі жағдайын көрді. 2014 жылы салынған темір жол мекемесінің теңгеріміндегі ғимарат бүгінде пайдаланылмай тұр.
Мұнан соң №61 орта мектебінде тұрғындармен кездесіп, аудандағы оң өзгерістер мен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардан құлағдар етіп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар, өткен жылы өңірде орын алған қуаңшылық жағдайын еңсеру бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта ауылшаруашылығы саласын 3 бағытта - мал, балық және егін шаруашылығы бойынша дамыту көзделіп отырғанын жеткізді.
Ауыл ардагерлері мен тұрғындар өңірдегі шешімін табуды қажет ететін мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды. Елді мекенде электр бағаналары мен сымдарының тозығы жеткендігін, күнделікті тұрмыста қолданылатын газ баллонын толықтыру үшін газ құю бекетінің қажеттігін айтты. Ауыл Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізінің бойында орналасқандықтан елді мекен тұсынан автокөліктер жоғары жылдамдықпен өтеді. Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе осыған орай жол бойына бейне бақылау камералар орнату болды. Бұдан бөлек темір жолдың екінші жақ бетіне қатынас жасау үшін өткел қажеттігі мен ауыл маңынан мал суарылымы үшін су ұңғымасын қазып беру сұралды.
Айтылған талап-тілектердің орынды екендігіне тоқталған аудан басшысы елді мекендегі электр желісін жаңарту назарында болатындығын айтып, жауапты орынбасарына бұл жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру мен электр қуатын арттыратын трансформатор орнату қолға алынатындығын жеткізді. Ал газ құю бекетін салуға ниетті кәсіпкерлер болған жағдайда қолдау көрсетіліп, нысанға қажетті инфрақұрылым тартылатынын білдірді.
Теміржол өткелін салу үшін «Қазақстан темір жолы» АҚ-на және автожол бойына бейнебақылау камерасын орнату бойынша жауапты мекемеге ұсыныс хат жолданатын болды. Мұнан басқа аудан басшысы сауда мәдениетін қалыптастыру мақсатында автожол бойына шығып сауда жасайтын тұрғындар үшін арнайы орын дайындалатынын білдірді. Аудан көлемінде су ұңғымаларын қазу алдымен қуаңшылық жағдайы бойынша қызыл аймаққа енген ауылдарда қазылатынын түсіндіріп, Аралқұм елді мекені құжаттары әзірленген ұңғымалардың қатарында бар екендігін айтты.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Шөміш елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, бірқатар нысандарды аралады. Ауылдағы №263 орта мектебінде өткен жиында тұрғындар жол мәселесі қиындық тудыратынын, темір жол жиегіне егілетін талдарға қоршау орнату, кітапхана, медициналық бекет ғимараттарын жаңадан салу қажеттігін және электр бағаналарының сымдары төмен орналасқандығын айтты.
Тұрғындар сөзін тыңдаған аудан әкімі Шөміш елді мекеніне дейінгі жолды тегістеп шығу үшін тиісті шаралар қабылданатынын және ауылдағы ағаш отырғызылып көгалдандырылатын аймақ темір жол мекемесіне қарасты екендігін түсіндіріп, басқа да мүмкіндіктер қарастырылатынын айтты. Сонымен бірге «Латон Маркет» ЖШС демеушілігімен мектеп ауласынан балалар ойын алаңын салынтынын жеткізді.
Бұдан бөлек ауыл тұрғындары тарапынан айтылған ауылға бекітілген фельдшердің қасына тағы бір маман алу және оқушылардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін үйірмелер ашу секілді мәселелерге тиісті бөлім басшылары жауап берді.
Дәрігер маман алу үшін тұрғын саны сәйкес келмейтіндігі және медициналық бекеттегі фельдшер болмаған жағдайда мектеп мейірбикесі қызмет көрсететіндігі, екінші мәселе бойынша елді мекендегі орта мектепте 16 үйірме тұрақты жасап тұрғаны түсіндірілді.
Екі елді мекенде де өткен кездесуде көтерілген ақылы қоғамдық жұмыс мәселесіне қатысты бекітілген жаңа ереже бойынша бөлінген қаржыға сәйкес адамдар саны жылдағыдан аз болатындығын оған тұрмыс жағдайы төмен отбасылардағы тұрғындар алынатындығын осы салаға жауапты бөлім басшысы түсіндіріп өтті.
Мұнан кейін аудан басшысы 7360 дана кітап қоры бар ауылдық кітапханаға барып ғимарат ішін аралап көрді. Қазіргі таңда кітапханада бір ғана қызметкер жұмыс жасайды. Осыған орай қосымша қызметкер алу үшін зерделеу жұмыстарын жүргізу жауапты мамандарға жүктелді.
Одан соң медициналық бекетте болып, 500-ден аса тұрғынға медициналық қызмет көрсететін емдеу мекемесінің жұмыс барысымен танысты. 2005 жылы салынған нысан қазір ескірген. Осыған орай жаңа ғимарат салу үшін аудан басшысы жауапты орынбасарына жер телімін дайындап, жобасын әзірлеп, қаражатын есептеуді тапсырды.
Ауылдық округке жасаған сапары соңында аудан әкімі насосты су тарату стансасындағы тұрғындарды ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарға куә болды. «Арал- Сарбұлақ топтық су құбыры» мекемесінің басшысы елді мекенге су айдауға арналған орталықтағы жұмыстың жүргізілу барысын түсіндіріп шықты. Ауыл халқын тірішілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған нысанда 4 су айдау насосы және 1 су сақтау мұнарасы мен 2 су сақтау қоймалары бар.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі