Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Жақсықылыш кенті халқының ұсыныс-пікірін тыңдады

Аудан әкімі Жақсықылыш кенті халқының ұсыныс-пікірін тыңдады

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Жақсықылыш кентінде болып, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен өзекті мәселелер жөнінде пікірлесті.

Алдымен кенттегі дәрігерлік амбулаторияға барып, медицина қызметкерлерінен халықтың жалпы денсаулық жағдайын білді. Одан соң ғимарат ішін аралап нысанның қазіргі жағдайымен танысып шықты. Күндізгі стационарлық және жедел жәрдем қызметі бар емдеу мекемесінде 34 қызметкер жұмыс жасайды. Нысан сұйық отынмен жылытылады.

Мұнан кейін аудан басшысы «Нұрсұлтан» шағын маркетінде болып, сауда қатарындағы заттардың бағаларын көріп, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерінің шекті бағадан асырылмай сатылуы қажеттігін айтты. Бұдан бөлек кәсіп иесіне дүкен ішінен әлеуметтік бұрыш ашқан жағдайда мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары жөнінде түсіндіріп өтті. Осы нысанның жанында орналасқан жеке дәріханаға бас сұғып, дәрі-дәрмектердің сатылу жағдайын білген соң халыққа қолжетімді қызмет ұсынып отырған кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін «Аралтұз» акционерлік қоғамының клубында жергілікті халықпен кездесіп, тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтаған соң аудандағы жыл көлемінде атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылған ірі жобаларға тоқталды. Өткен жылғы жұмыстар негізінен қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын айтып, соған сәйкес шаруаларды жем-шөппен қамту, шаруа қожалықтарына берілген субсидия жөнінде және қазылған су ұңғымалары мен каналдар туралы хабардар етіп, бұл шаралар әлі де жалғасатынын жеткізді. Биылғы жылдан бастап ауылшаруашылығы саласын балық, мал және егін шаруашылығы бағыттарында дамыту жоспарландығын айтты. Оның ішінде тауарлы балық өсіру, мал бордақылау орындары мен ет, сүт өнімдерін өндіру жобалары іске асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, баспанамен қамту шаралары да қарқынды жүргізілгенін айтқан аудан басшысы көпбалалы отбасыларға арналып елді мекендерден де тұрғын үй салу қарастырылатынын білдірді. Өңірдегі оң өзгерістерді саралап шыққан соң тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ асып, тиісінше жауап берді.

Кент тұрғындары Арал қаласымен екі аралықтағы жолды жөндеу, амбулатория ғимаратын көгілдір отынға қосу, балабақша, мәдениет үйі, спорт кешені мен ашық спорт алаңдары қажет екендігін айтты. Бұдан бөлек «Аралтұз» акционерлік қоғамында жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалмағаны және айлық жалақыларының уақытынан кеш берілетіндігі жөнінде мәселелер көтерілді.

Аудан басшысы амбулатория ғимаратын көгілдір отынға қосу үшін құжаттамалары әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен бірге ауданда апатты жағдайдағы 5 балабақшаның ішінде Жақсықылыштағы нысан бар екендігін, олардың құрылысын жүргізуге қаражат бөлу үшін тиісті басқармаларға өтінім берілгендігін түсіндірді. Бұған қоса кентте жеке кәсіпкер тарапынан балабақша ғимаратының құрылысы басталуда. Сондай-ақ, мәдениет үйін салу үшін де жобалау іздестіру жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта жоба-сметалық құжаттамалары дайындалатынын айтып, мектеп ауласынан ашық спорт алаңын салу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Кентте құрылысы басталған дене шынықтыру және сауықтыру кешенін мердігер мекеменің келісімі бойынша биылғы жылы аяқтау үшін жұмыстар жүргізілетінін айтты. Жиында айтылған ұсынысқа сәйкес аудан орталығына дейінгі жолға жөндеу жүргізілетін болды. Ал «Аралтұз» АҚ қатысты қозғалған мәселелерге байланысты жұмысшыларға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын айтып, өндіріс орнының директорына еңбек шартына сәйкес әрбір айтылған ұсыныстарды зерделеп жазбаша түрде жауап беру қажеттігін айтты.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

20 наурыз 2022 ж. 590 0