Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесі талқыланды

Мерзімді әскери қызметке шақыру мәселесі талқыланды

Кеше мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын күшейтуге байланысты арнайы жиын өткізілді.
Жиынға қала, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарының әскери есеп мамандары мен алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімдері қатысты.

Мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов жүргізіп, аудан аумағында мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын ұйымдастыру, кәмелет жасқа толған жастарды әскери борышын өтеуге жіберу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі екендігіне тоқталып өтті.

Одан соң ауданға арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бас штабы жұмылдыру жұмыстары департаментінің жергілікті әскери басқару органы бастығының орынбасары Мусаев Қанатбек пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Сағынбеков Айдын Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық тәрбие әрбір адамның өзінен, отбасынан басталуы қажет екендігін айтты. Сонымен аудан көлемінде мерзімді әскерге шақыру жұмыстары жүйелі ұйымдастырылғанын айтып, алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізген мамандарға Алғыс хаттар табысталды.
Күн тәртібінде талқыланған мәселеге сәйкес мәжіліске қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.

"Толқын" ақпарат

30 наурыз 2022 ж. 305 0