Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Жақын күндері Сырдария өзені бойымен жоғарыдан келетін мол су өтеді деп күтілуде.
Осыған орай бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірге жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов және облыстық жұмылдыру басқармасының басшысы Мұса Қалдарбековпен және өзге мамандармен бірге Аманөткел елді мекені тұсындағы дария арнасын аралады.

Атап айтар болсақ, «Аспай» су ағытқысының қазіргі жағдайын көріп, су тасқынының алдын алу бағытында Сырдария өзені мен каналдар бойындағы әлсіз тұстарды нығайту жұмыстарын пысықтап шықты. «Аспай» су ағытқысы арқылы дарияның төменгі жағына қарай су қалыпты деңгейде өтуде. Сонымен бірге моторлы қайықпен «Бұрмақұлақ» арнасына жүзіп барып, бөгеттегі су деңгейін бақылады. Одан соң жауапты мамандармен бірге мол суды Арал теңізіне қауіпсіз өткізу, ауыл маңындағы каналдарға су алу жолдары талқыланды.
Қазіргі таңда аудан аумағына секундына 200-220 текше метр көлемінде су келіп түсуде. Алдағы күндері су көлемі бұдан да артады деп күтілуде.

Соған сәйкес мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында мамандар оның деңгейін күнделікті бақылауда ұстап, тиісті жұмыстар жүргізуде.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 

05 сәуір 2022 ж. 573 0